Дегенмен көлік тізгіндегендердің сапарға шығуына ауа райының нашарлығы кедергі болмайтыны бар. Өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін қатерге тігеді. Тіпті «112» қызметінің хабарламасын, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ескертуін елемегендер жолда тұрып қалып, көмекке зәру болады. Мұндайда адам баласының басына іс түспей, тәубеге келмейтіні аксиома екенін еріксіз мойындаймыз.
Қысқы қатерді ескере отырып облыста су айдындары мен автомобиль жолдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қыс мезгілінің қатаң мінезі мен құбылмалы ауа райы тұрғындардың өміріне тікелей әсер ететіндіктен бұл бағыттағы бақылау бұрынғыдан да күшейе түсті. Әсіресе қар мен көктайғақ жиілейтін кезеңде жолдағы әрбір қозғалыс жоғары жауапкершілікті талап етеді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бекзат Қамбаровтың айтуынша, қысқы кезеңде автожолдардағы қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие. Себебі дәл осы уақытта жол апаттарының қаупі артып, алыс бағыттағы қатынас қиындайды. Сондықтан құтқару қызметтері мен жол саласының мамандары тәулік бойы кезекшілік атқарып, қауіпті аймақтарға тұрақты мониторинг жүргізуде. Маманның айтуынша, облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4 328 шақырымды құрайды екен. Оның ішінде 1 198 шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға, 1 756 шақырымы облыстық маңызы бар жолдарға, ал 1 383 шақырымы аудандық маңызы бар жолдарға тиесілі.
– Қазіргі уақытта қар басқан және қозғалысқа қиындық тудырып отырған учаскелердің жалпы ұзындығы 162 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардағы қарлы учаскелер 131 шақырым болса, облыстық маңызы бар жолдарда бұл көрсеткіш 31 шақырымға жетіп отыр. Аталған жағдай өңірде қысқы маусымда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дер кезінде тазалау, техника мен күштерді жұмылдыру мәселелерінің өзектілігін айқын көрсетеді. Осыған байланысты 2025-2026 жылдардағы қысқы кезеңде туындауы мүмкін төтенше жағдайларға жедел және үйлесімді түрде ден қою мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі 2025 жылғы 1 қазанда №432 бұйрық шығарып, «Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесін 2025-2026 жылдардағы қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындау туралы» құжатты бекітті. Бұл бұйрықта мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардың нақты міндеттері мен жауапкершілігі айқындалып, күштер мен құралдарды алдын ала әзірлеу, жол инфрақұрылымын тұрақты бақылауда ұстау, қар тазалау және авариялық-құтқару жұмыстарын уақтылы ұйымдастыру тәртібі белгіленген. Ауа райының күрт нашарлауына, атап айтқанда қалың қар, бұрқасын жел және көктайғақтың жиі орын алуына байланысты облыс аумағындағы автокөлік жолдарында барлығы 19 рет көлік қозғалысына шектеу қою және жолдарды жабу шаралары енгізілді. Оның ішінде 12 жағдайда жол қозғалысы толық жабылса, 7 жағдайда көліктің өтуіне уақытша шектеулер қойылды. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында қабылданды. Қиын жағдайға тап болған жол учаскелерінен жедел әрекет ету нәтижесінде 23 адам құтқарылып, олардың 9-ы қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Сонымен қатар, боран мен қар құрсауында қалып қойған 107 автокөлік жолдың ашық учаскелеріне шығарылып, қозғалыс қайта қалпына келтірілді. Ең бастысы, аталған оқиғалар барысында зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің 2025 жылғы 1 қазандағы №432 бұйрығын орындау мақсатында департамент тарапынан ауқымды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, департаменттің және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдарын тиімді топтастыруды есептеу бойынша талдау жасалып, қажетті резервтер анықталды. Бұдан бөлек, қысқы кезеңде жол ұйымдары, полиция департаменті және төтенше жағдайлар департаменті арасындағы өзара іс-қимыл жоспарларына тиісті түзетулер енгізілді, – дейді Бекзат Сейітбекұлы.
Сол секілді төтенше жағдайлар кезінде жедел және тиімді көмек көрсету үшін облыс бойынша 1 524 адамнан тұратын жеке құрам және 442 техника дайындалыпты. Оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінің жоғары өтімді, жолсыз жерлерде қозғала алатын 71 арнайы техникасы бар. Бұл техникалар боран, қалың қар, көктайғақ кезінде қиын жағдайда қалған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге, жолдарды ашуға және құтқару жұмыстарын жедел жүргізуге мүмкіндік береді.
Республикалық маңызы бар автожолдарда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Құлан, Шығанақ және Төле би ауылдарында орналасқан үш трассалық медициналық-құтқару пункті тұрақты түрде жұмыс істейді. Қысқы кезеңде бұл пункттер қосымша жылыту пункттері ретінде де пайдаланылып, жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларды уақытша орналастыруға, алғашқы медициналық көмек көрсетуге және жылытуға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, департамент «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалымен бірлесіп, облыс аумағындағы «Алматы – Шымкент – Термез» халықаралық автожолының 158-шақырымында орналасқан, бұрын стационарлық полиция бекеті ретінде пайдаланылған ғимаратты Төтенше жағдайлар министрлігінің «Апаттар медицинасы орталығының» балансына беру бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Осы мақсатта «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалымен баланстан бөлу және қабылдап алу актілерін дайындау рәсімі қолға алынған. Бұл нысан алдағы уақытта төтенше жағдайлар кезінде медициналық және құтқару қызметтерінің тірек пункті ретінде пайдаланылатын болады.
– Қазіргі таңда 2025-2026 жылдардағы қысқы кезеңге дайындық аясында Қордай асуында төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Атап айтқанда, жедел-құтқару жасағынан 5 қызметкер, 3 арнайы техника, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің №28237 әскери бөлімінен 7 қызметкер мен 1 арнайы техника тұрақты түрде кезекшілік атқаруда. Аталған күштер жолда қалып қойған азаматтарға жедел көмек көрсетуге, қар басқан учаскелерді ашуға және қауіп-қатердің алдын алуға жұмылдырылады. Сонымен қатар, «Қазгидромет» филиалымен бірлесіп, дауылды ескертулер мен ауа райының күрт өзгеруі туралы ақпаратты тұрақты түрде алу және оны барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен қызметтерге жедел жеткізу бойынша өзара іс-қимыл жүйесі жолға қойылған. Алынған мәліметтер бірден жауапты құрылымдарға беріліп, алдын алу шараларын дер кезінде қабылдауға мүмкіндік жасайды. Халықты хабардар ету мақсатында ақпарат ұялы байланыс операторлары арқылы, сондай-ақ «DARMEN» мобильді қосымшасы арқылы SMS-хабарламалар жолдау арқылы таратылып отырады. Бұл тұрғындарға қауіпті жағдайлар туралы алдын ала ескертуге және сақтық шараларын уақытында қабылдауға жағдай жасайды. Қысқы кезеңде республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын күтіп ұстау үшін «КажСервис» ЖШС Жамбыл облыстық филиалынан 90 техника дайындалды. Аудандық маңызы бар жолдарға 97 техника, ал облыстық маңызы бар жолдарға 85 техника бөлінді. Сонымен қатар, жолдарға себуге арналған 55 тонна инертті материалдар қоры жасақталды, – дейді Б.Қамбаров.
Мұнан бөлек республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар бойында қыс мезгілінде жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсету үшін 92 жылыту пункті дайындыққа келтірілген. Бұл пункттер боран мен аяз кезінде адамдарды уақытша орналастырып, жылытуға және қажетті алғашқы көмекті көрсетуге арналған.
Расында да, жүргізіліп жатқан профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының маңызы күн сайын артып, өз тиімділігін көрсетуде. Қыс мезгілінде ауа райының күрт нашарлауы салдарынан жолдарда қауіпті жағдайлар жиілеп, азаматтардың өміріне қауіп төндіретін сәттер аз емес. Осындай жағдайда дер кезінде көмек көрсету мен алдын ала қабылданған шаралардың қаншалықты маңызды екені жақында болған оқиғалар арқылы тағы бір мәрте дәлелденді.
Жақында облыстың бірнеше ауданында қолайсыз ауа райы салдарынан жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға құтқарушылар жедел көмек көрсетті.
Талас ауданы, Майтөбе ауылынан шамамен 15 шақырым қашықтықта орналасқан «Тараз – Қаратау» автожолында үш автокөлік жолдан адасып, қарға батып қалған. Бұл көліктер Алматы қаласынан Қызылорда облысына бағыт алған. Қиын жағдайға тап болған азаматтар көмек сұрап, құтқарушыларға хабарласқан. Жедел жеткен құтқарушылар 8 адамды қауіпсіз жерге шығарып, оларды Майтөбе ауылындағы өрт сөндіру бекетіне жеткізеді. Сол аумақта жолды патрульдеу барысында құтқарушылар Тараз қаласына бағыт алған, ішінде екі жолаушысы бар тағы бір жеңіл автокөлікті анықтайды. Олар да боран салдарынан қозғала алмай қалған. Құтқарушылар бұл азаматтарға да көмектесіп, қауіпсіз жерге жеткізді. Барлығы 10 адам құтқарылды. Ешкім зардап шеккен жоқ, медициналық көмек қажет болмады.
Сондай-ақ Жуалы ауданында да осындай жағдай тіркелді. «Алматы – Ташкент» автожолының 586-шақырымында патрульдеу кезінде құтқарушылар арыққа түсіп кеткен жеңіл автокөлікті байқады. Көліктің ішінде 5 адам болған. Құтқарушылардың көмегімен автокөлік қар мен лайдан шығарылып, жолдың қауіпсіз бөлігіне жеткізілді.
Осындай оқиғалар жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының, патрульдеу мен жедел әрекеттің нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Құтқару қызметінің уақтылы көмегі талай адамның өмірін сақтап, қауіпті жағдайдың ауыр салдарға ұласуына жол бермеді.
Құтқару қызметінің жедел әрекетіне куә болған азаматтар да өз ойларын жасырмай айтуда. Жолда қалып, көмекке жүгінген жүргізушілердің бірі Ерлан Төлеубеков:
– Шынымды айтсам, ауа райының қолайсыз екенін біле тұра, тәуекелге барып жолға шықтым. Өзіміз қауіп-қатерді елемей, «жетіп аламын» деп ойлаймыз. Ал қиындыққа тап болған кезде бірден мамандарды кінәлауға дайын тұрамыз. Сол сәтте құтқарушылардың қаншалықты маңызды жұмыс атқарып жүргенін түсіндім. Егер олар дер кезінде келмегенде, жағдайымыз не боларын елестету де қорқынышты. Біз де жауапкершілікті сезінуіміз керек, – деп ойымен бөлісті.
Шындығында да төтенше жағдайлардың басым бөлігі табиғаттың емес, адамның немқұрайлылығының салдарынан орын алып жатады. Сондықтан мамандардың кеңесіне құлақ асқан жөн.
Департамент басшысының орынбасары Бекзат Сейітбекұлы бұл кезеңде құтқарушылар жолдағы қауіпсіздікті ғана емес, сонымен қатар су айдындарында да қырағылықты күшейтетінін атап өтті. Қыстағы ең қауіпті жағдайлардың бірі мұз үстінде балық аулау екені белгілі. Соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде мұздың жұқалығын елемей, суға кетіп қаза тапқан балықшылардың саны азаймай отыр. Осыған байланысты су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейту және тұрғындардың өмірін қорғау мақсатында облыстың әр ауданында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




