Өткен апта қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға өсімі нөл деңгейінде сақталды. Бұл туралы Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Апта ішінде бірқатар өнімдер арзандаған. Атап айтқанда, алма – 2,1%-ға, қияр мен пияз – 1,3%-ға, шай – 0,9%-ға, балық пен тауық еті – 0,6%-ға төмендеді. Маусымдық факторларға байланысты кейбір көкөністердің бағасында құбылмалылық байқалды.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәлімдеуінше, ерте піскен өнімдерді жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында министрлік сәуір–маусым айлары аралығында үшінші елдерден көкөністерді бажсыз әкелу жөніндегі ұсынысты ЕАЭО Кеңесінің қарауына шығаруды жоспарлап отыр.
Жиында Астана мен Алматы қалалары әкімдері орынбасарлары өңірлердегі баға жағдайы туралы есеп берді.
Астанада азық-түлік инфляциясының баяулау үрдісі сақталуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың орташа баға индексі 107,4%-ды құрады. Бағаны тұрақтандыру мақсатында ірі сауда желілерімен сауда үстемесін шектеу туралы келісімдер жасалған, 180-нен астам сауда нүктесінде өнімдер сатылады. Сонымен қатар делдалдық схемаларды анықтау және жәрмеңкелік сауданы дамыту жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы елордада 300-ден астам демалыс күнгі жәрмеңке өткізу жоспарланған.
Алматыда 2025 жылғы қорытынды бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 8,9%-ды, ал жыл басынан бері 0,2%-ды құрады. Қалада ет пен сүт өнімдерінің бағасы тұрақты сақталып, тауық еті мен кейбір сүт өнімдері арзандаған. Бағаның өсуі негізінен көкөністердің жекелеген түрлері мен бакалея өнімдеріне тиесілі.
Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне өңірлердегі жұмысты күшейтіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталуын бақылауды жандандыруды тапсырды.


