Қазақтың ұлы күйші-композиторы, Құрманғазының шәкірті, «Күй анасы» атанған Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, сондай-ақ жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат еткен кештің шымылдығын Мәдениет саласының үздігі, «Аq jol» газетінің аға тілшісі, айтыскер ақын Есет Досалы ашты.
Есет Жаңабайұлы өз сөзінде күй өнерінің қазақ халқының рухани дүниесіндегі орнына тоқталып, Дина Нұрпейісованың дара болмысы мен шығармашылық мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Кеш барысында жүргізуші көрерменге Дина Нұрпейісованың өнегелі өмір жолы мен өнердегі орнын әсерлі әңгіме арқылы жеткізді.
Сазды кештің көркін үйірме шәкірттерінің орындауындағы күйлер мен әндер аша түсті. Атап айтқанда, Әсел Мұратқызы Құрманғазының «Адай» күйін және «Ер Тұран» шығармасын орындаса, Сұлтанхан Даниал «Көк шолақ» күйін, Айым Әбдіқадыр «Бұлқынды жүрек», Ержігіт Ораз «Көңіл толқыны» күйлерін көрерменге ұсынды. Сонымен қатар Айша Сұлтанхан «Күміс құмған-ай» әнін, Мансұр Алишев «Ой жайлау» күйін, ал Нұрай Есмамбетова «Домбыра» әнін нақышына келтіре орындады.
Кеш барысында орындалған әрбір шығарма көрерменге ерекше әсер сыйлап, күй өнерінің өміршеңдігін айқын көрсетті. Жас орындаушылардың сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлігі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ұлттық өнерді қастерлеу, күй мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. «Дала сазының дариясы – Дина» атты әдеби-сазды кеш осы мақсаттың орындалуына өзіндік үлес қосты.
Сымбат ҚУАНЫШ
Кітапханаларға келушілер саны 57 миллионға жетті
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанда балаларды қосымша біліммен қамту деңгейі 90 пайызға жетті
- авторAR-AY
- 3 қаңтар, 2026



