Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бос қайық

Бос қайық
ашық дереккөз
Баяғыда бір ашушаң діндар болыпты. Баланың шуын, әйелінің назын, құрдастарының қалжыңын көтере алмай, қашан көрсең шарт-пұрт болып жүреді екен.

Бір күні жұма намазының құтпасында ыңғайсыз сұрақтар көп қойылып, құлшылықтан соң көңіл күйі болмай қабағын түйіп үйіне келсе, әйелі ас әзірлеп үлгермеген, баласы әйнекті сындырып қойған, ал көршісі атын сұрамай мініп кетіпті. Ашудан жарыла жаздаған діндар елдің бәрімен ұрсысып, үйінен кетіп қалады

Ешкімді көргісі де, сөйлескісі де келмепті. Сөйтіп, жақын маңдағы көл жағасында қаңтарылып тұрған көп қайықтың бірімен көлдің ортасына бір-ақ жетіпті. Сонда ғана жаны жай тапқандай күйде, тәспісін тартып, құлшылықтан шын ләззат алғандай сезімге бөленіп: «Е, жан тыныштығы осы екен ғой!» – деп, көзін жұмған ол мүлгіп кетіпті.

Кенет қатты екпінмен бір нәрсе қайықтың бүйірінен сарт еткізіп соғып, ұйқысы шайдай ашылыпты. «Су ортасында да тыныштық бермеген бұл қай кәззап?!» деген оймен ұшып түрегеліп, көзін аша сала қаһарын төгіп жібергісі келген діндар сілейіп тұрып қалады. Қараса, байлауы шешіліп кеткен бір бос қайық келіп соққан екен. Өмірінде бірінші рет көз алдында өшін алатын адам табылмай, лықсып келген бүкіл заһар сөзі көмейінде кептеліп қалған молда әзер басылыпты. Бірте-бірте бетінің қызылы да тарапты. Ашуы сыртқа шықпай, өз бойымен әбден басылып болған кезде өзі де сылқ етіп отыра кетіпті де, өмірінде бірінші рет көзіне жас алыпты.

«Нағыз құлшылық деген сабырмен өз бойыңдағы мініңді түзеу екен ғой» деп ой түйген молда кешкісін үйіне бала-шағасы мен дос-жаранын, көршілерін аң-таң етіп, адам танығысыз мүмін кейіпте оралыпты.

Кейін өзін ашық балағаттап, жөнсіз соқтыққандарға назар аудармай, өмірдегі түрлі қиындықтарға күйзелмей, жымиып жүре беретін дәрежеге жетіпті. «Мұндай халді қайдан таптыңыз? Жеке басыңызға тиісушілерге неге мән бермейсіз?» деп сұрағандарға әлгі діндар: «Бос қайыққа ашуланып қайтем», – дейтін көрінеді.

Осыдан бір түйгеніміз – осындай сабырлылық қазір біздің көбімізге жетіспей жатқаны жасырын емес. Сондықтан қандай жағдай болса да ашуымызды ақылға жеңдіріп, сабыр сақтай білгеніміз абзал.

Сүтті төгу 

Бір күні жас жігіт ұстазына келіп: «Ұстаз, мен жас болғандықтан қыздарға қарамай жүре алмаймын. Бұдан қалай тыйылсам екен?» – деп сұрайды.

 Ұстазы жауап берместен сүт толы кесені баланың қолына ұстатып: «Мынаны базардағы сатушыға бірде-бір тамшысын жерге төкпей апарып бер!» – деп бұйырады. Сосын екінші шәкіртін шақырып: «Егер мына жігіт сүттің бір тамшысын жерге төгетін болса, оны тура сол жерде қамшыла», – деп тапсырады.

Ұстазының айтқанын екі етпейтін әлгі жас жігіт қорыққанынан бірде-бір тамшысын жерге төкпестен базардағы кісіге апарып береді.

Жаңағы жас жігіт өзінің ұстазына келгенде: «Жолда неше қызды көрдің?» – деп сұрайды. Жігіт: «Сүтті төгіп алсам ұятқа қаламын, сосын мені қамшымен сабайды ғой» деген оймен сүттен басқаға қарауға мұршам болмады», – деп жауап қайырады. Сонда ұстазы: «Міне, мұсылман адамның жағдайы да осыған ұқсас болуы керек. Сондықтан кім болса да Алланың бұйырғанын орындамаса, қиямет күні Алланың алдында масқарам шығады деген оймен жүреді», – деп шешімін айтқан екен.

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,

журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Дархан дарын иесі
Алдыңғы мақала
Дархан дарын иесі

Ұқсас жаңалықтар