Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа көшірілуде

Мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа көшірілуде
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұлдың қатысуымен брифинг өтті.

Спикер мемлекеттік корпорацияның 2025 жылы атқарған жұмыстары, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру барысы және алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы баяндады.

Қазіргі таңда облыстық филиалда 1 094 қызметкер еңбек етеді. Облыс бойынша халыққа қызмет көрсету бағыты бойынша 18 бөлім жұмыс істейді.

Баяндамашының айтуынша, мемлекеттік қызметтер тізілімнің жаңа редакциясында мемлекеттік қызметтердің 1 448 түрі бар. Мемлекеттік корпорация арқылы 1 330 қызмет (91,8 пайыз) қолжетімді.

2025 жылдың 12 айында облыс бойынша фронт-офистер арқылы 759 428 мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Оның ішінде 7 071 қызмет электрондық форматта ұсынылған. Ал 2024 жылдың осы кезеңінде 909 121 қызмет көрсетілген екен. Қызмет санының азаюы азаматтардың электронды және қашықтан қызмет алу мүмкіндігін кеңінен пайдалануымен байланысты.

Сонымен қатар, өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары – «Connection point» арқылы азаматтар 2025 жылдың 12 айында 637 653 мемлекеттік қызметті өз бетінше алыпты

Бұл көрсеткіштер мемлекеттік қызмет көрсету саласында цифрлық шешімдердің тиімділігін айқын көрсетіп отыр. Қызметтерді онлайн форматта алу – азаматтардың өмірін жеңілдетуге, көрсетілетін қызметті берушіге жүктемені азайтып, құжат айналымын қысқартуға мүмкіндік береді.

– Біздің негізгі мақсатымыз – мемлекеттік қызметтерді барынша электронды және автоматтандырылған форматқа көшіру. Бүгінде мемлекеттік қызметтерді «ЦОН», «eGov mobile» мобильді қосымшалары, сондай-ақ банк сервистері арқылы ала алады. Бұл қағаз құжат айналымын қысқартып, қызмет көрсету мерзімін едәуір азайтады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласындағы негізгі институттарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің халыққа әлеуметтік төлем төлеу саласындағы қызметті жүзеге асыру және есепке алу жүйесіндегі негізгі операторлардың бірі. Әлеуметтік бағыт бойынша жалпы 15 мемлекеттік қызмет түрі және 45 төлем түрі бар, – деді баяндамашы.

Мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалы арқылы зейнетақы және жәрдемақы алушылар есебінде барлығы 335 612 адам бар екен. Әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша 2025 жылы барлығы 115 044 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Сонымен қатар жылжымайтын мүлік және жер кадастры бағыттары бойынша 2025 жылы 159 722 мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу қызметтерінің едәуір бөлігі электронды форматта жүзеге асырылған. Бұл бағытта бірыңғай мемлекеттік кадастр, нотариаттық ақпараттық жүйе және блокчейн технологиялары пайдаланылып келеді.

– Ақпараттық жүйелердің интеграциясы азаматтарға қызметті ХҚКО-ға келмей-ақ алуға мүмкіндік берді. Бұл – цифрландырудың нақты нәтижесі және алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», – деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, 2025 жылы жергілікті атқарушы органдар және инвесторлармен бірлесіп «Ұлы дала» ықшамауданында NEW CON форматындағы халыққа қызмет көрсету және неке қию орталықтары ашылғаны айтылды. Ал 2026-2027 жылдары Тараз қаласында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімін ашу жоспарлануда.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар