Тиісті келісімдерді ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында мақұлдады.
Жобалар Денсаулық сақтау министрлігінің «АлтИНФАРМ», «МСП-РОМФАРМ», «Абди Ибрагим Глобал фарм» және «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» компанияларымен жасалған келісімдер негізінде жүзеге асырылады.
Инвестициялық жобалар аясында 675 жаңа жұмыс орны ашылып, жаңа кәсіпорындарда 356 атаудағы дәрілік зат өндіру жоспарланған. Зауыттар Алматы қаласында, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарында орналасады.
Өндірістік желі онкологиялық және қант диабетіне қарсы дәрілерді, иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, анемияға қарсы, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы және микробқа қарсы препараттарды қамтиды. Сонымен қатар, халықаралық GMP стандарттарына сай белсенді фармацевтикалық ингредиенттер мен биопрепараттар шығару көзделген.
Жобалар шеңберінде 72 әлеуметтік маңызы бар дәрілік затты өндіру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар еліміздің фармацевтикалық нарығындағы импортқа тәуелділікті азайтып, халықты қолжетімді әрі сапалы отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

