Тараз қаласындағы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан құрамындағы 5513 әскери бөлімінің ел тыныштығын сақтаудағы орны бөлек.
Әскери бөлімді полковник Асылбек Солтанов басқарады. Бөлім командирінің айтуынша, жауынгерлік ұжым қала аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, түзеу мекемелерін күзету, сотталғандарды айдауылдау және олардың тәртібін бақылау секілді жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Әскерилер өздеріне жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, ел қауіпсіздігіне лайықты үлес қосуда.
Бөлім командирінің сөзіне сүйенсек, әскери борышын өтеуші жас сарбаздарға заман талабына сай барлық жағдай жасалған. Бөлімде медициналық қызмет тұрақты жұмыс істеп, жас сарбаздардың денсаулығын бақылап, қажетті медициналық көмек көрсетеді. Психолог мамандар әскери ортаға бейімделу кезеңінде моральдық-психологиялық қолдау көрсетіп, жеке құрамның рухани тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
– Жас сарбаздардың дене дайындығын арттыру мақсатында заманауи үлгіде жабдықталған спортзал жұмыс істейді. Мұнда түрлі спорттық турнирлер ұйымдастырылып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бөлім асханасы санитарлық талаптарға толық сай келіп, әскери қызметшілерді сапалы әрі құнарлы тағаммен қамтамасыз етеді. Ал жатын бөлмелердің кең, жарық әрі жайлы болуы сарбаздардың тынығып, күш жинауына қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар бөлімде кітапхана қызметі бар. Онда әскери-патриоттық, көркем және танымдық әдебиеттер жинақталып, жас сарбаздардың білім көкжиегін кеңейтіп, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Акт залы да толық жабдықталған. Бұл жерде сарбаздар арасында мәдени-әдеби жарыстар, тәрбиелік іс-шаралар мен түрлі танымдық кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бөлімнің күнделікті қызметінің үздіксіз әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуде техникалық база маңызды орын алады. Әскери техникалар мен көлік құралдарының жарамдылығы ұдайы бақылауда болып, олардың уақытылы жөнделуі мен дайындық деңгейі жоғары деңгейде ұсталады. Түзеу мекемелерін күзету мен іздестіру жұмыстары кезінде кинологиялық қызмет кеңінен қолданылады. Арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттер арқылы қауіпсіздік деңгейі күшейтіліп, қызметтік міндеттердің тиімді әрі сапалы орындалуына ықпал етіледі. Сондай-ақ бөлімнің өз әскери оркестрі жұмыс істеп, салтанатты және мерекелік іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып, жас сарбаздардың бойында әскери рух пен патриоттық сезімді арттыра түседі. Бөлімде ең алдымен әскер қатарына жаңадан шақырылған жас жауынгерлердің тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта рухани-тәлімдік бағыттағы кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Өткен жылдың басында Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің сарбаздармен жүздесуі соның айқын дәлелі. Ел намысын халықаралық ареналарда қорғаған спортшының өмір жолы мен табандылығы жас жауынгерлерге зор әсер қалдырып, олардың жігерін жани түсті. Ал сәуір айында Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев бөлімнің жеке құрамымен арнайы кездесу өткізіп, ел ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті сақтауда әскери қызметтің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен стратегиялық бағыттар жөніндегі әңгіме сарбаздардың Отан алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне ықпал етті. Мұндай тағылымды кездесулер жас жауынгерлердің рухын көтеріп қана қоймай, олардың әскери қызметке деген көзқарасын қалыптастырады, – деді Асылбек Қабигенұлы.
Бөлім командирі әскери борышын өтеуші жас сарбаздар тек күнделікті қала тыныштығын күзету, физикалық дене дайындығын шыңдау және жауынгерлік даярлық сабақтарына қатысумен ғана шектелмейтінін де тілге тиек етті. Олар үшін әскери қызмет – тәртіп пен табандылықты қалыптастыратын, рухани әрі зияткерлік дамуға жол ашатын үлкен мектеп. Сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеру және болашаққа деген сенімін нығайту мақсатында бөлімде түрлі мәдени-танымдық шаралар тұрақты түрде өткізіледі. «Көңілді тапқырлар алаңы» әзіл-сықақ ойыны, «Сарбаз сәлемі» концерттік бағдарламасы, облыс көлемінде ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік іс-шаралар мен театр қойылымдары жас жауынгерлердің рухани әлемін байытады. Сонымен қатар, әскери қызметін адал әрі үлгілі атқарған сарбаздарға «Sarbaz 2.0» гранты табысталып тұрады. Бұл бастама жас жауынгерлерді білімге ұмтылдырып, әскери борышын өтегеннен кейінгі өміріне нық қадам жасауына зор мүмкіндік береді.
АРМАНЫНА ЖЕТКЕН АЛЕКСАНДР
Былтыр 5513 әскери бөлімінде есте қаларлық ерекше оқиғалар орын алыпты.
Жаңа жыл қарсаңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздардың жүрек түкпіріндегі асыл армандарын жүзеге асыруға қолдау білдіреді. Жүргізілген сауалнама барысында жауынгерлер өз тілектерін шынайы түрде жеткізеді. Сарбаздардың көпшілігі сауалнамада жазған армандарының дәл осы қызмет кезеңінде орындалатынын күтпеген еді. Алайда ізгі ниет пен жанашырлықтың нәтижесінде сарбаздардың қарапайым тілектері шындыққа айналды. Сауалнамаға қатысқан бөлімнің сарбазы Александр Мирошин бұрын-соңды ұшаққа мініп көрмегенін және көкке көтерілуді армандайтынын жазған екен. Сарбаздың тілегі Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының қолдауымен орындалып, жас жауынгер Астана қаласындағы Ұлттық ұланның авиациялық қызметінің ұшағымен көкке көтерілуге мүмкіндік алды.
Ал жерге қонған соң Александрды тағы бір күтпеген қуаныш – анасымен қауышу күтіп тұрды. Сарбаздың анасы Наталья Мирошина бұл күн тек ұлы үшін ғана емес, өзі үшін де үлкен арманның орындалған сәті болғанын айтып, көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін шынайы алғысын білдірді.
– Бала кезден бергі арманым дәл әскер қатарында жүргенде орындалады деп ешқашан ойламаған едім. Ұшақ көкке көтерілген сәтте бойымды ерекше бір сезім билеп, өзімді еркін әрі бақытты сезіндім. Ал жерге қонып, анамды көрген мезеттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл күн менің жадымда өмір бойы өшпес естелік болып сақталады. Осындай зор қамқорлық танытқан Ұлттық ұлан басшылығына және командирлеріме шынайы алғысымды білдіремін, – дейді А.Мирошин.
Осындай жан-жақты қолдауды сезінген жас жауынгерлер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында да қырағылық пен адалдықтың жоғары үлгісін көрсетіп жүр.
Өткен жылы әскери бөлім қызметкерлері түзету мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге қол жеткізіпті. Соның айқын дәлелі – 5513 әскери бөлімінің сарбаздары түзету мекемесіне есірткі өткізу әрекетінің алдын алғаны. Келушілерді тексеру барысында аға нұсқаушы Нұрбахыт Есенгелдиевтің қарауындағы Зара атты қызметтік ит күдікті иісті сезіп, ішінде есірткі оралған бумалары бар аяқ киімді тіміскілеп жүріп дәл табады. Әскери қызметшілер болған жағдайды кезекші бөлімге жедел баяндап, оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылады. Осылайша жауынгерлердің кәсібилігінің арқасында тыйым салынған заттарды өткізу әрекетіне дер кезінде тосқауыл қойылды.
Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Қансейітовтің айтуынша, былтыр қыркүйек айының соңына таман қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілер бір күннің ішінде бірнеше рет жоғары қырағылық пен кәсіби шеберлік танытыпты. Олар басынан жарақат алған 9 жасар балаға көмек көрсетіп, қолында пышағы бар жасөспірімді ұстаған.
– Маңызды оқиғаның бірі «Салтанат» ықшамауданында орын алды. Шаһардың тыныштығын қадағалап жүрген әскери жасақ жедел әрекет етіп, жарақат алған 9 жасар балаға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ойын алаңында жүгіріп жүрген бала тербеліп тұрған әткеншекке соғысып, сол жердегі тасқа басын ұрып алады. Дереу көмекке келген әскери жасақ жеткіншектің басындағы терең кесілген жарадан қан кетіп жатқанын көреді. Патрульдік топ бастығы, кіші сержант Асылхан Мырзабек қасындағы сарбаздармен бірге жеткіншекке алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дереу жедел жәрдем көлігін шақыртқан. Дәрігерлер келгенше әскери жасақ баланың жағдайын бақылап, жарақат орнын таңып, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Олар қан кетуді тоқтату әдісін қолданып, жараны таңып, жедел жәрдем шақырады. Анасына хабарласып, жағдайды түсіндіреді. Оқиға орнына жедел келген дәрігерлер жарақат алған ойын баласының жарасына ем-дом жасады, анасымен бірге емханаға алып кетті. Сарбаздар сол күні «Қаратау» ықшамауданында қырағылықтың тағы бір үлгісін көрсетті. Жауынгерлік қызметте жүрген әскери жасақ бастығы, кіші сержант Еркеғали Жиембек және патрульшілер қатарындағы Бақтияр Тұранов пен Ерлан Жарылғап түнгі сағат 22.00 шамасында тұңғыш Президент саябағының алдында тәртіп сақшыларын көріп, қашпақшы болған бозбаланың адымын аштырған жоқ. Жасақ бастығы, кіші сержант Еркеғали Жиембек оның құжаттары мен жеке заттарын қарауға шешім қабылдайды. Қолындағы сөмкесінен пышақ табылған жігіт полиция бөліміне жеткізілді, – дейді Б.Қансейітов.
Батылдығы әрі табандылығымен көзге түскен осындай жігіттердің ерлігі мен еңбегі ешқашан ескерусіз қалмайды. Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететін мұндай сарбаздар әрдайым басшылықтың назарында болып, олардың адал қызметі мен үлгілі ісі лайықты бағасын табады.
ТӨРТ ЕГІЗ ЖҰП БОРЫШЫН ӨТЕУДЕ
Ұлттық ұлан сапында бір мезетте бірнеше егіз жұптың қызмет етуі – әскери құрылымдағы адамгершілік, бауырмалдық пен әскери тәртіптің үйлесімді көрінісі. Мұндай сирек жайттар әскери қызметтің тек қатаң талаптарға емес, рухани тұтастыққа да негізделетінін айқын дәлелдейді.
Мәселен бүгінде 5513 әскери бөлімінде 4 бірдей егіз жұп Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүр.
Әскерге шақыру кезінде сарбаздардың егіз екені анықталса, әскери бөлім қолбасшылығы оларды бір-бірінен ажыратпай, қатар қызмет етуге жағдай жасайды. Бұл шешім тек тұрмыстық қолайлылық емес, әскери ортадағы психологиялық тұрақтылық пен өзара қолдауды нығайтудың тиімді үлгісі.
Ұлттық ұлан қатарына былтыр Алматы облысынан шақыртылған 22 жастағы Диас пен Ілияс Төлепбергендер нағыз қатарластарына үлгі етуге тұрарлық азаматтар.
– Әскер – адамдының ішкі болмысын да тәрбиелейтін үлкен мектеп. Біз Ілияс екеуміз бұл жолға қатар қадам басқанда, ең алдымен ел алдындағы борышымызды адал өтеуіміз керек деген ортақ мақсат тұрды. Әскери ортада бауырыңның қасыңда болуы рухани тұрғыдан үлкен қолдау. Осында жүріп бір-бірімізді бұрынғыдан да тереңірек тани түстік, өзара түсіністік пен жауапкершіліктің мәнін ұғындық. Әскери бөлімде бізден бөлек тағы үш егіз жұптың Отан алдындағы борышын өтеп жүргенін естігенде, бұл жаңалықты әрі таңырқай, әрі қуана қабылдадық. Әскери қызметтің берген ең үлкен мүмкіндіктерінің бірі «Сарбаз 2.0» бағдарламасы арқылы грант иегері атануым. Себебі білім гранты арқылы болашағымды нақты жоспарлай аламын, – дейді Диас Төлепберген.

Келесі егіз жұп 19 жастағы Эльхан мен Эльшан Нуриевтер үшін әскери қызмет спорттағы жетістіктерін жаңа деңгейге көтерудің мүмкіндігіне айналыпты. Олар әскерге дейін де, әскер қатарында да армрестлинг спорт түрінен үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Түркістан облысынан шақыртылған 19 жастағы Нұрсұлтан мен Ерсұлтан Беркішовтер егіз болғанымен, сыртқы келбеті мен мінез-құлқы бір-біріне қатты ұқсамайтын ерекше жұп. Алайда қызметке деген жауапкершілік пен тәртіпке адалдық оларды бір мақсатта тоғыстырады.
Шымкенттік Аман мен Есен Қонарлер – көпбалалы отбасының үлкендері. Олардың артынан ерген 2 ұл мен 4 қыз бар. Бүгінде егіз сарбаздар №58 түзеу мекемесінде қарауылдық қызмет атқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жүр.
ҚАТАРДАҒЫ САРБАЗДАН – ОФИЦЕРГЕ ДЕЙІН
Ұлттық ұлан қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге келіп, өмірлік жолын әскери қызметпен байланыстыруды шешкен Балғын Айдынға тағдыр ерекше сый тарту етті. Ол үшін мерзімді әскери қызмет бір жылдан ғана тұрмай, кәсіби және тұлғалық өсудің бастауы болды.
Әскерге Талдықорған қаласынан шақыртылған 25 жастағы Балғын Айдын Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне бірден кәсіби дайындықпен келді. Себебі ол Семей медициналық университетінде алған жеті жылдық білімі мен дәрігер-терапевт дипломы бар маман еді.
Алғашқы алты айда Балғын Тараз қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, патрульдік қызмет атқарды. Дәл осы кезеңде әскери ортада өз білімінің қажет екенін түсініп, Балғын Айдын Ұлттық ұлан қатарында келісімшарт негізінде қызмет етуге шешім қабылдайды.
Бүгінде Балғын Айдын әскери бөлімнің медициналық пунктінің бастығы лауазымын атқарады. Оның негізгі міндеті – жеке құрамның денсаулығын қадағалау, әскери қызметшілердің сауығып, қатарға тез оралуына жағдай жасау. Ол бұл міндеттерді дәрігерлік дәлдік пен әскери тәртіпті сақтай отырып, абыроймен орындап келеді.
Жақында Балғын Айдын лейтенант шенін алды.
– Әскер маған тәртіпті, жауапкершілікті және өз ісіме деген сенімділікті үйретті. Мұнда дәрігер ретіндегі білімім тек мамандық қана емес, сарбаздардың денсаулығы мен жауынгерлік қабілетін сақтауға тікелей үлес қосатын маңызды құралға айналды. Әскери қызмет пен медицина бір-бірін толықтырып, мені кәсіби тұрғыда да, тұлғалық жағынан да өсірді, – дейді ол.

Балғын Ұлттық ұландағы қызметін елге адал қызмет етудің нақты жолы деп санайды. Оның айтуынша, мұнда әрбір маман өз орнын таба алады, ал көрсетілген сенім мен қолдау жас әскери қызметшілерді жауапты шешім қабылдауға ынталандырады. Ол алғашқы офицерлік шен алу осы жолдағы ең үлкен жауапкершілік әрі жаңа міндеттерге бастар маңызды кезең екенін атап өтті. Сарбаздар үшін Ұлттық ұлан білім мен тәжірибені ұштастырып, әскери қызметті келісім шарт бойынша жалғастыруда саналы шешім жасауға мүмкіндік туғызатын орта екені даусыз.
8 БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
Ал келесі кейіпкеріміз – 5513 әскери бөлімінің аға сержанты, жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман әрі жұбайымен бірге сегіз баланы тәрбиелеп отырған үлгілі әке Айбол Қоныспаев.
Ол әскери бөлімдегі 1-батальонның жауынгерлік қамтамасыз ету ротасында аға маман – сапер лауазымында қызмет атқарады.
– Әскери адам үшін ең бастысы – тәртіп пен жауапкершілік. Біз бір ғана бұйрыққа емес, халықтың тыныштығына жауаптымыз. Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету мен үшін мақтаныш. Бұл қызмет маған сабырлы болуды, әр ісіме жауап беруді үйретті. Осындай қасиеттерді мен ең алдымен өз отбасымда сақтауға тырысамын, – дейді аға сержант Айбол Қоныспаев.
Ол үшін ең үлкен құндылық – отбасы. Қоныспаевтардың шаңырағында 3 ұл мен 5 қыз тәрбиеленуде. Балаларына әскери тәртіп пен отансүйгіштік рухын сіңіруді Айбол Қоныспаев басты міндет санайды. Үлкен ұлы Бақдәулет те әке жолын жалғап, болашағын Отанға қызмет етумен байланыстыруды көздеп отыр. Ол алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына оқуға түсуді жоспарлап отыр.
Отбасындағы тәрбие тек сөзбен емес, нақты іспен де жүзеге асады. «Ашық есік» күндері аға сержант балаларын әскери бөлімге ертіп келіп, ұландықтардың күнделікті қызметін көрсетеді, әскери тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсіндіреді.
– Балаларым менің формамды көріп қана қоймай, оның артында қандай еңбек, қандай жауапкершілік тұрғанын білсе деймін. Әскери қызмет – ерлікке ұмтылу емес, тәртіпке бағыну, заңға құрметпен қарау. Осыны олар өз көздерімен көріп өссе, ертең елге пайдалы азамат болады деп сенемін, – дейді ол.

Айбол Қоныспаев үшін қызмет тек жұмыс уақытымен шектелмейді. Жауапкершілік, тәртіп пен заңға құрмет – оның өмірлік ұстанымы. Осы құндылықтарды ол Ұлттық ұлан қатарында да, отбасында да берік сақтап, балаларын жеке үлгісімен тәрбиелеп келеді. Осындай азаматтардың арқасында ұландық қызметтің абыройы артып, ел қауіпсіздігі нығая түсуде.
Тағы бір айта кетерлігі, 5513 әскери бөлімі әскери-патриоттық тәрбие бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соның жарқын мысалы – «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы. Мәселен, Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылдық округіндегі №6 орта мектеп базасында ашылған клуб жұмысының нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде мектеп оқушылары арасында бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұл оң көрсеткішке 2023 жылы мектеп пен 5513 әскери бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін қол жеткізілген.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




