Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа технология жаңғыруға жол ашады

Жаңа технология жаңғыруға жол ашады
А.Қартабай
Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы болып жариялануы тектен тек емес. Қазіргі таңда цифрландыру қоғам өмірінің барлық саласына еніп, өңірлердің дамуына тың серпін беріп отыр. Осы орайда Жамбыл облысында да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Өңірде жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалар, қабылданған стратегиялық құжаттар мен алдағы жоспарлар жөнінде біз облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Ташеновамен әңгімелескен едік.

– Гүлпара Алашбайқызы, биылғы жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект  жылы» деп жарияланды. Әрине, бұл бастама жаңа технологияның өрісін кеңейте түсетіндігі сөзсіз. Осы бағытта Жамбыл облысында қандай негізгі жобалар қолға алынады?

– Соңғы жылдары цифрландыру өңір дамуының негізгі тетіктерінің біріне айналды. Осыған байланысты аймақта бірқатар маңызды стратегиялық құжаттар қабылданды. Атап айтқанда, 2025 жылғы 19 қарашада облыс әкімдігінің №240 қаулысымен 2026–2030 жылдарға арналған Жамбыл облысының цифрлық даму стратегиясы бекітілді. Сондай-ақ 9 желтоқсанда №254 қаулымен «Ақылды қалаларды» дамыту стратегиясы мен оны іске асыру жөніндегі Жол картасы қабылданды. Ал 15 желтоқсанда облыс әкімі Жамбыл облысының цифрлық трансформациялау картасын бекітті.

Бұл құжаттарда өңір үшін аса маңызды әрі заманауи жобалар қамтылған. Соның бірі – «Tomorrow School» жобасын іске қосу. Сонымен қатар, 109 байланыс орталығына келіп түсетін азаматтардың өтініштерін талдау үшін жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарлануда.

Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жұмыстары жалғасып, облыс аумағында 5G байланыс желісін кеңейту көзделіп отыр. Өңірдің бірыңғай талдамалық дашборды дамытылып, деректер арасындағы интеграция күшейтіледі, жасанды интеллект мүмкіндіктері енгізіледі.

Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсететін мектепке дейінгі ұйымдарда, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларында балалардың келіп-кетуін биометриялық сәйкестендіру және баламалы растау тәсілдері арқылы күнделікті есепке алу жүйесі енгізіледі. «Ақылды қала» жол картасында қарастырылған 22 жобаны іске асыру, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласын цифрландыру, облыстың картографиялық жүйесін дамыту да басты назарда.

Сонымен қатар, түрлі салалардағы бизнес-процестерді оңтайландыру, яғни цифрлық трансформация жобаларын жүзеге асыру көзделіп отыр. Жалпы алғанда, алда атқарылар жұмыс өте көп әрі қызықты. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге бағытталған.

– Жасанды интеллект жүйелері облыста қандай салаларда белсенді қолданылып жатыр?

Қазіргі таңда облыста жасанды интеллект ең алдымен денсаулық сақтау саласында белсенді түрде қолданылуда. Атап айтқанда, PACS-жүйесіне біріктірілген жасанды интеллект алгоритмдері, оның ішінде x-Eye жүйесі сүт безі обыры, өкпе обыры және пневмония сияқты қауіпті ауру белгілерін 1 миллиметрден бастап анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, «жаман ауруды» ерте кезеңінде табуға жол ашып отыр. Бұл жоба Жамбыл облысындағы 22 медициналық мекемені қамтиды. Бүгінгі күнге дейін барлығы 494 465 науқас тексеруден өткен, оның 213 287-сі ер адам, 281 178-і әйелдер. Сонымен қатар, 406 517 науқасқа медициналық тағайындаулар жасалып, оның 27 680-і тікелей жасанды интеллекттің көмегімен орындалды. Ең бастысы, кез келген азамат медициналық тексеруден өтіп, жасанды интеллект арқылы жүргізілетін сапалы әрі дәл диагностика нәтижелерін алу мүмкіндігіне ие.

Жасанды интеллект қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында да тиімді пайдаланылуда. Облыс аумағында VxFaces-модулі орнатылған 400 интеллектуалды камера жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе іздеуде жүрген немесе оперативтік бақылаудағы тұлғаларды автоматты түрде танып, құқық қорғау органдарына тікелей хабар береді. Биылғы жылдың басынан бері аталған жүйе іздеуде жүрген немесе бақылауда болған 1 820 тұлғаны анықтап, оның ішінде 171 адамды нақты таныды.

Білім беру саласында да жасанды интеллект элементтері енгізіле бастады. Атап айтқанда, мектептердегі буллингтің алдын алу мақсатында агрессияны аудио-сенсорлар арқылы анықтайтын пилоттық жоба екі мектепте іске асырылуда. Жүйенің нақты уақыт режимінде жұмыс істеуі қақтығыстардың ушығып кетуіне жол бермей, жауапты тұлғалардың дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік жасайды.

Қаланы басқару саласында iKomek109 орталығында азаматтардың өтініштерін өңдеу және олардың эмоционалдық реңін жасанды интеллект арқылы анықтау жобасы жүзеге асуда. Бұл бастама өтініштерге жауап беру уақытын 50 пайызға қысқартуға және өтініштерді автоматты түрде бағыттау деңгейін 70 пайызға дейін арттыруға бағытталған.

– Қазіргі кезде жасанды интеллект жүйелерінің тиімділігін қалай бағалайсыз?

Жалпы алғанда, өңірде жасанды интеллектіні пайдалану деңгейін «қалыптасу кезеңінде» деп бағалауға болады. Өйткені жасанды интеллекттің толық әрі тиімді жұмыс істеуі бір ғана технологиямен шектелмейді, ол бірнеше маңызды параметрлердің қатар дамуын талап етеді. Атап айтқанда, бұл – сапалы әрі құрылымдалған деректер қоры, заманауи цифрлық инфрақұрылым, білікті адами капитал, ғылыми-зерттеу әлеуеті және салалық процестердің жүйеленуі.

Қазіргі уақытта біз дәл осы бағыттар бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ең алдымен, облыстық деңгейде деректердің сапасына ерекше көңіл бөлінуде. Әртүрлі салалардан жиналатын деректерді ретке келтіру, оларды біріктіру және талдауға жарамды күйге келтіру басты міндеттердің бірі болып отыр. Себебі деректер мен білім базасы неғұрлым толық әрі сапалы болса, жасанды интеллекттің шығаратын нәтижелері де соғұрлым дәл әрі тиімді болады.

Сонымен қатар, жасанды интеллектті енгізу тек техникалық шешімдермен ғана шектелмейді. Барлық салада бизнес-процестерді дұрыс жолға қою, жұмыс алгоритмдерін қайта қарау және қызметкерлердің цифрлық құзыреттерін арттыру қажет. Осы бағытта да бірқатар жобалар қолға алынған. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, жасанды интеллекттің тиімділігі мен қолдану ауқымы кезең-кезеңімен кеңейе береді деп сенеміз.

– Алдағы уақытта жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану жоспарлары қандай?

Алдағы жоспарлар облыс әкімі бекіткен стратегиялық құжаттарда нақты айқындалған. Соған сәйкес, жасанды интеллект технологиялары өңірдің негізгі салаларына кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл экономиканың тиімділігін арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы саласында жасанды интеллект егіс алмасуын реттеу, топырақ құнарлылығын болжау, дрондар арқылы егістік алқаптарының жағдайын талдау және өнімділікті арттыру мақсатында қолданылатын болады. Сондай-ақ жер ресурстарын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы жерлерінің әлеуетін болжау көзделген.

Құрылыс және сәулет саласында BIM-технологиялар негізінде цифрлық жобалау енгізіліп, құрылыс процестерін жоспарлау мен бюджет шығындарын алдын ала болжау мүмкіндігі кеңейеді.

Сонымен қатар, жасанды интеллектті денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық салаларында қолдану ауқымы ұлғаяды. Болашақта ол мемлекеттік қызметшілер үшін ассистент ретінде жұмыс істеп, құжат айналымын жеңілдетуге және шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге ықпал етеді.

Бұл бағыттағы бастамалар орталық мемлекеттік органдар тарапынан да қолдау тауып отыр. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы», – деп атап өткен. Бұл ұстаным Жамбыл облысындағы цифрлық жобалардың негізгі бағытын айқындайды.

– Облыстық деңгейде цифрландыруды іске асыруда қандай кедергілер кездесіп отыр?

– Бұл бағыттағы негізгі кедергілердің бірі – деректердің жеткіліксіздігі мен сапасының әркелкілігі. Мәселен, жер қатынастары саласындағы деректерді жүйелеу әлі де өзекті мәселе болып отыр. Сонымен қатар, маңызды проблемалардың бірі – ІТ-мамандарының тапшылығы. Өкінішке қарай, білікті кадрлардың басым бөлігі ірі қалаларға немесе шетелге кетуді жөн көреді.

Тағы бір түйткілді мәселе – әртүрлі деректер жүйелері арасындағы интеграцияның әлсіздігі. Қазіргі таңда біз өңірлік және ұлттық ақпараттық жүйелер арасындағы деректер алмасуды күшейту бағытында нақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтарының есептеу қуатының шектеулілігі белгілі бір тәуекел тудырады. Дегенмен, бұл кезең-кезеңімен шешілетін мәселе деп санаймыз. Бұған қоса, цифрлық теңсіздік те бар: ауылдық елді мекендерде интернет сапасының төмендігі мен халықтың цифрлық сауаттылығының жеткіліксіздігі цифрландыру үдерісіне өз әсерін тигізуде.

– Цифрландыру және жасанды интеллект жүйелерінің жергілікті тұрғындарға тиімділігі неде?

– Жамбыл облысының цифрлық даму стратегиясы мен «Ақылды қала» тұжырымдамасына сәйкес, цифрландыру мен жасанды интеллект жүйелерін енгізу ең алдымен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Мәселен, iKomek109 орталығы арқылы қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтық біртіндеп азайып, барлық азаматтарға мемлекеттік қызметтерге тең әрі жедел қолжетімділік қамтамасыз етілуде.

Қазіргі таңда телемедицина үдерісі жолға қойылған. Ауыл тұрғындары қашықтықтан еліміздің жетекші дәрігерлерінен кеңес ала алады. Сонымен қатар, онкологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған жобалар тек облыс орталығында ғана емес, барлық 10 ауданда енгізіліп, нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жүзеге асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі тікелей халық игілігі үшін қолға алынған деп сеніммен айтуға болады.

– Жұмыс барысында қандай халықаралық немесе республикалық тәжірибелерді ескеріп отырсыздар?

– Стратегиялық құжаттарды әзірлеу барысында біз халықаралық тәжірибені жан-жақты зерделедік әрі өз өңіріміздегі үздік практикаларды да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Атап айтқанда, Сингапурдың «Smart Nation», Оңтүстік Кореяның «Digital Platform Government», Жапонияның «Smart Mobility» және «AI Health», Қытайдың «BIM» платформалары, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымдары мен Бостон қаласының «Ақылды қала» тәжірибесі зерттелді.

Республикалық деңгейде «Smart Data Ukimet» аналитикалық платформасы, «Smart Turmys» экожүйесі, «Astana Hub» стартаптары, «Tech Orda» бағдарламасы, Цифрлық отбасы картасы сияқты жобалардың нәтижелері де ескерілді. Шетелдік тәжірибеде ІТ-стартаптарға ерекше басымдық берілетіні байқалады. Стартап бастамалары ірі бизнестің діңгегі болып, экономиканың драйверіне айналуда. Бұл үрдіс Қазақстанда да қалыптасып келеді, өңір жастары да өз стартаптарын белсенді дамытып жатыр.

– Жобалық офис арқылы енгізілген цифрлық шешімдердің нақты мысалдарын келтіре аласыз ба?

– Бүгінде республика деңгейінде бірыңғай жобалық басқарудың ақпараттық жүйесі қалыптасқан. Жаңа Цифрлық кодекстің енгізілуіне байланысты бұл жүйе мемлекеттік сектордағы негізгі цифрлық құралдардың біріне айналды. Ол Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 31 шілдедегі №301/НҚ бұйрығына сәйкес жұмыс істейді.

Жүйені қолдану нәтижесінде мемлекеттік сектордағы көптеген проблемалар айқын көріне бастады. Жұмыс ашық форматта жүргізіліп, бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, «Келешек мектептері» жобасы аясында өңірлерге қағаз хат алмасу мүлде жүргізілмейді. Барлық атқарылған жұмыс дәлелдерімен бірге жүйеде тіркеледі. Нысандарға орнатылған бейнекамералар арқылы Үкімет аппараты мен жауапты құрылымдар барлық процесті тікелей режимде бақылап, жедел шешім қабылдай алады.

– Болашақта жобалық офис цифрландыру бағытында қандай инновациялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр?

2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануына байланысты барлық цифрлық инфрақұрылымдық жобалар бірыңғай жобалық басқару ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Яғни, барлық процесс қатаң бақылауда болады. Осыған орай бірқатар нормативтік құжаттарға, соның ішінде Бюджет кодексіне, ұлттық даму жоспарына және өңірлік даму жоспарларын әзірлеу мен іске асыру әдістемесіне өзгерістер енгізілді. Алдағы уақытта маңызды мемлекеттік және инвестициялық жобалардың барлығы бірыңғай ақпараттық жүйеде жүргізіледі.

– Әңгімеңізге рақмет!                              

                                                 Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар