Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Аудандық мәдениет үйінде өткен жүздесуде халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды. Аймақ басшысы 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, алда жүзеге асырылатын жоспарлы жұмыстар жөнінде баяндады.
— Мемлекет басшысы өз Жолдауларында өңірлердің тұрақты дамуын және халықтың өмір сүру сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде үнемі атап келеді. Осы тұрғыда бүгінгі кездесу ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға бағытталған маңызды алаң болып отыр. Тұрғындарды толғандыратын бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды, айтылған әрбір ұсыныс пен пікір міндетті түрде ескерілетін болады. Өздеріңізге белгілі, Жамбыл ауданы – әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары, облыс орталығына жақын орналасқан, табиғи ресурстары мен дамыған инфрақұрылымы бар аумақтардың бірі саналады. Бүгінде аулан экономикалық өсімнің, инвестициялық тартымдылықтың және өндірістік дамудың маңызды нүктесіне айналып отыр. Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен тұрақты түрде кездесу өткізу туралы Жарлығына сәйкес, өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, осы жылдың басынан бері әр деңгейдегі әкімдіктер тарапынан 753 кездесу өткізіліп, ол бойынша 2 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Осы кездесулер барысында халық тарапынан түрлі бағытта көптеген сұрақтар мен ұсыныстар көтерілді. Бүгінгі таңда олардың 1 050-і толық шешімін тапса, 600-ге жуық мәселе бойынша тұрғындарға заңнама аясында нақты түсіндірмелер берілді. Ал 770-тен астам сұрақ қазіргі уақытта бақылауға алынып, оны кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатта барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар бірлесіп, нақты жоспарлар мен іс-шаралар арқылы жұмыс жүргізуде. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның орындалуы тұрақты бақылауда, –деді Ербол Шырақпайұлы.
Аймақ басшысы өз сөзінде экономиканың барлық негізгі салаларында өсім бар екенін жеткізіп, нақты көрсеткіштерге тоқталды. Ағымдағы жылдың қаңтар-қарашасында қысқамерзімді экономикалық өсім 109,4 пайыз деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 16 пайызға, құрылыс жұмыстары - 20,4 пайызға, байланыс - 9,5 пайызға, ауыл шаруашылығы - 1,4 пайызға, көлік - 2,9 пайызға артқан.
Сондай-ақ жыл басынан бері 1,2 триллион теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 16,0 пайызды құрады. Жыл басынан облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 33 пайызға ұлғайды.
Ағымдағы жылы өңірде өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Сондай-ақ облыста іске асырылуы 2029 жылға дейін қарастырылған, 62 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды, оның 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асады. Бұл тұрғыда 8,3 мың жұмыс орны құрылатын болады.
Жалпы, 2025 жыл басынан 27,5 миллиард теңгеге 21 жоба іске асырылып, 550 жұмыс орны құрылған.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өзге де бағыттар бойынша да осындай оңды істерді тілге тиек етіп, алда ауқымды міндеттер күтіп тұрғанын айтты.
Кездесуде аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының баяндамасы тыңдалған соң шешімін күткен өзекті мәселелерге назар аударылды. Осы орайда облыс әкімі Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековтен Тоғызтарау, Жаңа Өткел, Құмсуат елді мекендерінің магистралды газбен қамту жобасы мен осы елді мекендердің ауылішілік газ желісіне қосу жұмыстары қашан аяқталатынын, тұрғындар көгілдір отынның пайдасын нақты қай кезден көре бастайтынын сұрады. Сондай-ақ аймақ басшысы: «Тағы бір мәселе, 2023 жылы Аса ауылындағы «Шаңырақ» тұрғын алқабындағы жер телімдері азаматтарға таратылып берілген. Бүгінгі күні азаматтар тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізіп жатыр. Дегенмен тұрғындар электр энергиясына және ауызсу жүйесіне қосылу мәселесін жиі көтереді. Инженерлік жүйелердің «қолды болған» фактілері де кездесіп жатыр. Мәселені шешу бойынша қандай шара қабылданды? Әлеуметтік желіде былтыр ғана пайдалануға берілген темір жол үстінен өтетін көпірдің жеделсатысы жұмыс істемей тұрғаны көтерілді. Мүгедектігі бар азаматтар үшін бұл қолайсыз жағдай. Мәселе шешілді ме, мердігерге кепілдік мерзімі шегінде қандай шара қабылданды?», – деді.

Нұрлан Күдербайұлының айтуынша, аталған елді мекендерді бүгін газға қосу арқылы аудандағы ауылдар толық көгілдір отынмен қамтылмақ.
Облыс әкімі Аса ауылы тұрғындарының «Амангелді» газ өңдеу зауытынан шығатын жағымсыз иіске наразылығы бар екеніне, бұл бағытта зауыт басшылығымен бірлесіп қандай шаралар қабылданып жатқанына назар аударып, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқашев пен аталған зауыт директоры Ғабит Дүйсеновтен, облыс бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Байбатыр Мұсабектен жауап алды.
Ербол Шырақпайұлы аудан әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Мақпал Досымбековадан оқушылар арасында суицид, әлімжеттік және ерте жүктіліктің алдын алу бойынша берілген тапсырма бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын, нендей нәтиже шығарғанын сұрап, білді.
Жиында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Мәселен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев аудандық аурухана 20 жылдан бері күрделі жөндеу көрмегенін тілге тиек етіп, осы мәселенің шешілуіне ықпал етуді сұрады. Аса ауылының тұрғыны Гүлсім Саурықова мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталығы және 18 жастан кейін еңбекке бейімдеу орталығы ашылса деген ұсынысын жеткізді.
Бесағаш ауылдық округінің тұрғыны Әбдікәрім Ахметов жергілікті тұрғындарға жеке үй салу үшін жер телімі мәселесін шешіп беруді сұрады. Бүгінде аталған округте үй кезегінде 1100 адам тұр екен.
Ал Аса ауылының тұрғыны Сәрсенбай Түзелбаев аудан орталығында интернет желісі мен байланыс сапасы нашар екенін сынға алды. Тұрғындар тарапынан көтерілген осы секілді сұрақтарға сала басшылары жауап берді.
Кездесуден кейін Ербол Шырақпайұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бұдан соң облыс әкімі Т. Рысқұлов ауданына жол тартып, ондағы тұрғындармен де кездесті. Бұл жерде де өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы сөз болып, алдағы міндеттер айқындалды.
– Өңірлерді дамыту, ел экономикасын ілгерілету және тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту – басты міндеттердің бірі. Бүгін Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, өңір тұрғындарымен жүздесудің мүмкіндігі туып отыр. Өздеріңізге белгілі, Тұрар Рысқұлов ауданы – ауыл шаруашылығымен айналысатын, егістік жерлері мол, көптеген шаруашылықтар шоғырланған ірі аграрлы аудан. Сонымен қатар, бұл өңірдің өнеркәсіп, көлік-логистика жүйесі және туризм салаларын дамытуда да әлеуеті жоғары екенін атап өткен жөн, – деді аймақ басшысы.
Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде ауылшаруашылығы, өңірлерді дамыту, әлеуметтік қамтамасыз ету, тағы да басқа салалар бойынша мәлімет берді.
Жалпы, облыс бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 485,4 миллиард теңгені құраған.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 640 мың гектарға жетіп, 3,3 миллион тонна өнім жиналды, оның 230 мың тоннасы - қант қызылшасы. Қант қызылшасын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 6,9 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге күтілуде.
Сонымен қатар 858 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алыныпты. Нәтижесінде, ауылшаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 6,3 пайызды құрап отыр.
Мал шаруашылығында ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт – 1,7 пайызға артты. 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Тағы бір айта кетерлігі, 61,8 мың гектар пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы бағытындағы жер телімі қайтарылды.
Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 миллиард теңгеге 437 жоба қаржыландырылды.
– Табиғи-климаттық жағдайлардың «бірде көл, бірде шөл» болып құбылуына қарамастан, 2024 жыл жалпы алғанда жаман болған жоқ. Алайда биылғы жылы дәнді дақылдар бойынша қиындықтар болғанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Кейбір алқаптарда 20–30 мың гектар жерге дейін комбайн түспей қалды. Осыған байланысты алдағы кезеңде ірі өндірістік зауыттардың іске қосылуын ескере отырып, келесі жылдан бастап жерасты суларын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мәселесін қолға алу қажет. Бұл жерде шаруалардың өкілдері де отыр. Жуырда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңесте бұл мәселе нақты тапсырма ретінде айтылды. Атап айтқанда, келесі жылы су өңдеу және су үнемдеу технологияларын енгізуге 200 миллиард теңге көлемінде субсидия қарастырылып отыр. Бұл қаржы, ең алдымен, өндірістік аймақтарға бағытталмақ. Сондықтан суға тәуелділікті азайту, шекаралас өзендерден келетін немесе сырттан келетін суларға толықтай байланбай, мүмкіндігінше дербес су көздерін қалыптастыру аса маңызды. Бұл үшін ұңғымалар қазу, заманауи суару технологияларын қайталап енгізу және оларды кеңінен қолдану қажет. Аталған бағдарламалардың барлығының түп негізінде су мәселесі тұрғанын ескере отырып, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Өз тарапымыздан аталған бастамаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс істеуді жалғастыратын боламыз, – деді Ербол Шырақпайұлы жиында.
Жұртшылықпен жүздесуде аудан әкімі Ернар Есіркеповтің баяндамасынан кейін кезек сұрақ-жауапқа берілді.
Жиын барысында облыс басшысы тұрғындар көтерген мәселелерге қатысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Кейбір түйткілдер бойынша алдағы уақытта тиісті шаралар қабылданатын болды.
Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Аталған басқосу жергілікті халықтың көкейіндегі мәселелерін дер кезінде шешуге және билік пен бұқара арасындағы ашық диалогты нығайтуға септігін тигізгені анық.
Нұрым Сырғабаев




