Бауыржан Момышұлына "Халық қаһарманы" атағы ресми түрде берілді
- author AR-AY
- Бүгін, 16:41
- 13
Президенттің айтуынша, биыл Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты батырдың ерлік жолы тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал. Халық оны әрдайым қаһарман тұлға ретінде құрметтеп келеді. Алайда осы уақытқа дейін батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген.
Мемлекет басшысы бұл мәселені өңір жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері мен жастар тарапынан жиі көтеріліп жүргенін атап өтті. Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру қажеттігін айтып, Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы тиісті Жарлыққа қол қойғанын жеткізді. Аталған құжаттың жақын арада ресми түрде жарияланатыны хабарланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлының есімі отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым ұрпаққа үлгі болуы тиіс екенін атап өтті. Президент батырдың ерлігі аңыз емес, нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер мойындаған тарихи шындық екенін айтты.
Мемлекет басшысы елге еңбегі сіңген, ерлігімен танылған азаматтарды құрметтеу – ұлттың рухын көтеретін маңызды құндылық екенін де атап өтті.


