Жақында Қаратау қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте жоғары сынып оқушыларының қатысуымен жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған «Жасөспірім және заң» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті.
Кездесуге Талас аудандық полиция бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлары, полиция лейтенанттары Айдос Өтеміс пен Шыңғыс Талғат қатысып, оқушылармен ашық форматта әңгіме жүргізді. Инспекторлар жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Қазіргі таңда әрбір жас өз құқығын жақсы білуі тиіс. Заңды білу – өзіңді қорғаудың ең басты жолы. Ал заң талаптарын сақтамау үлкен өкінішке алып келуі мүмкін. Сондықтан кез келген әрекетті жасамас бұрын оның салдарын ойлап, жауапкершілікпен қадам жасау қажет. Біз сіздердің қателікке бой алдырмай, саналы да заңға бағынатын азамат болып өскендеріңізді қалаймыз, – деді Айдос Әуезханұлы.
Кездесу барысында оқушылар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мамандар әрбір сұраққа жан-жақты әрі түсінікті жауап беріп, пайдалы кеңестер ұсынды.
Сондай-ақ Шу аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте «Менің азаматтық құқығым» тақырыбында семинар өтті. Семинарға аудандық полиция бөлімінің қоғам қауіпсіздігі бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Нариман Қыздарбеков, ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Халық Нияз Берікұлы қатысып, оқушылармен мазмұнды кездесу өткізді. Қатысушыларға күнделікті өмірде кездесетін құқықтық жағдайлар, жауапкершілік түрлері және заң аясында әрекет етудің жолдары түсіндірілді. Іс-шараға 40-қа жуық жасөспірім қатысып, олар құқықтық тақырыптағы пікірталасқа белсенді араласты.
Аталған кездесулер мен семинарлар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және заңға бағынатын, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуына оң ықпал етті. Мұндай іс-шаралар жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтуға маңызды үлес қосатыны сөзсіз.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ




