Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Астық экспортына көлік субсидиясы 2026 жылы да жалғасады

Астық экспортына көлік субсидиясы 2026 жылы да жалғасады
gov.kz
Қазақстанда астық экспорттаушылар биылдан бастап жаңа өнімнен жиналған бидайды шетел нарықтарына жөнелте алады, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл 2026 жылдың басында көлік шығындарының бір бөлігін мемлекеттен субсидия ретінде қайтарып алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы астық тасымалын қолдауға 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Кейбір бағыттарға астық жеткізу мерзімі 30 күнге дейін созылатындықтан, экспорттаушыларға жөнелтуді алдын ала бастау ұсынылады. Субсидия алу үшін негізгі талап – астықтың 2026 жылы нақты жеткізілгенін растайтын құжаттардың болуы.

2024 жылы Қазақстанда астық пен майлы дақылдардан рекордтық өнім жиналды. Алайда Орталық Азия нарықтарының сыйымдылығы шектеулі болғандықтан, ішкі нарықта артық астық жиналып, бағаға қысым түсті. Жыл соңында жоғары бәсеке мен өткізу мүмкіндігінің шектеулігі салдарынан астық бағасы төмендеді.

Осы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Үкімет астық экспортындағы көлік шығындарын субсидиялау бағдарламасын іске қосты. Нәтижесінде экспорт географиясы кеңейіп, тасымал көлемі айтарлықтай артты.

2025 жылдың 11 айында теміржол арқылы астық тасымалы:

Қара теңіз порттарына – 2,5 есе,

Ресейдің Балтық теңізі порттарына – шамамен 3 есе,

Балтық елдеріне – 8 есе,

Әзербайжанға – 5,5 есе,

Иранға – 2 есе өсті.

Экспорт көлемінің ұлғаюы ішкі нарықтағы жағдайды жақсартып, бағаның тұрақталуына, демпинг қаупінің төмендеуіне, сондай-ақ логистика, қайта өңдеу және сервистік салалардың дамуына оң әсер етті.

Биыл да шаруалар мол өнім алып, өткен жылдан қалған астық қоры сақталды. Бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, Үкімет 2026 жылы да астық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдауды жалғастырмақ.

2025 жылдың 11 айында барлығы 12,6 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға көп. Оның 9,7 млн тоннасы экспортқа шығарылды. Ал 2025–2026 маркетингтік жылдың алғашқы үш айында (қыркүйек–қараша) 4,4 млн тонна астық тасымалданып, экспорт көлемі 3,4 млн тоннаға жетті.

2025 жылдың желтоқсанында ішкі нарықтағы бидай бағасы 2024 жылмен салыстырғанда 40–50%-ға жоғары болды. Бір тонна астыққа 40 АҚШ доллары көлемінде берілетін көлік субсидиясы шаруалардың табысын сақтауға, қазақстандық бидайдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Еуропа, Африка, Таяу Шығыс пен Орталық Азия нарықтарындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар