Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Азаттық жолындағы ең ұлы белес

Азаттық жолындағы ең ұлы белес
Коллаж
Таңдайдағы тәтті ұғымға баланған қазақ елінің тәуелсіздігі, оның қадірі әр азаматтың елім деп соққан жүрегімен, тұла бойындағы қан тамырымен біте қайнасқан. Тәуелсіздік атты қастерлі сөздің ұғымы кең, астары терең. Ал еркіндікті жан тәнімен сезініп өскен бүгінгі ұрпақ қандай бақытты десеңші?! Бұл бабалар арманының ақиқатқа айналғанының айғағы.

Ақын Қалқаман Сарин «Тәуелсіздік» туралы тебіреніп жазған өлеңінде:

«Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!» – деген еді.

Расымен айналаны нұрға, әр жүректі жырға бөлеп төрге озған Тәуелсіздіктің құны қашан да бағалы, құнды.

Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді.

Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.

Бүгінде тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.

Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс», – деген еді.

Бұл жастардың ойын, елдің ішкі жағдайын айқындайтын дәл жасалған тұжырым. Себебі талай алма-ғайып кезеңдерден сағымызды сындырмай, сыйымызды жоғалтпай аман алып қалған бірлік, төзім, татулық атты қасиетті ұғымдар. Өткен күндердің зобалаңына қарамастан, қазақ даласының рухының құты қашпады, елдікке деген сенімі ешқашан өшкен жоқ. Тағы бір айта кетер жайт, тарихтың ауыр өткелдерінен аман өтуімізге татулықты ту еткен көпшілдігіміз бен көршімен қақтығыстан гөрі келісімге жақын мінезіміз сеп болғаны анық. Бұл – халықтың жұмсақтығы емес, даналығы, әлсіздігі емес, ақыл-айласы, көрегендігі. Уақыт толқыны талайды шайқап та жіберген шығар, бірақ біздің жұрттың тамыры үзілмеді.

Әр дәуірдің өзінің төл бағасын сұрайтын ұлы мұрат-мақсаты бар. Сол мұратқа жету жолында бабалар қанын да, жанын да аяған жоқ. Бүгінгі азат күн сол құрбандық пен күрестің, арманның жемісі. Қазіргі көгімізде еркін желбіреген аспан түстес көк байрақ тек символ болып қалған жоқ, ол елдің ертеңге деген сенімінің көрінісі іспетті. Қай ғасырда, қай кезде болмасын татулықтың ғана тұғыры биік, түсінігі терең болған. Сондықтан, бейбітшілікті бағдар еткен елдің өркендеуі де қашан да заңды.

Қазақ елі осы бір дана әрі ғажап ұстанымымен әлемге танылды. Өткеннің сабағы бізге парасат пен сабырдың бағасын ұқтырды. Ел ертеңінің еңселі, болашағының жарқын болуы үшін дұрыс бағыт көрсетті.

Бүгінде бізге ең қажет дүние тарихи құндылықтарды жас ұрпақтың жүрегіне жеткізіп, елдік идеяны ертеңге аманаттау болып тұр. Тарих алдындағы жауапкершілік пен болашаққа деген жігер осыдан басталады. Әр жетіншек, яғни қазіргі буын Тәуелсіздіктің ең қымбат қазына екенін мойындауы шарт. Сол қазынаны сақтап, нығайтып, қадіріне жету ұлт болып қалыптасқан әр қазақтың азаматтық парызы.

Тәуелсіздіктен адамның жаны мен рухы нәр алады. Оның әсерлі тұстары сондай көп. Осындай жан тебірентер ерекше оқиғаны Тараз қаласының тұрғыны Айша Махамбетқызы айтып беріп еді. Ол әкесін 5 жасында жоғалтты. Әкесі Кеңес әскерінің қатарында болып, кейін ауылға оралып, қарапайым тракторшы болған. Ол қызына үнемі «Бір кезде қазақтың өз қолы өз аузына жететін күн туады» деп айта береді екен. Айша ол сөздің мәнін түсінбегенімен, әкесінің сөзінде бір мұңлы сағыныш барын сезетін.

Әкесі қайтыс болғаннан кейін, оның артында ескі қоңыр түсті чемодан қалыпты. Чемоданның ішінде көк матаға ұқсайтын, бірақ толық дайын емес, ою-өрнек жалғап қойған заттар жататын көрінеді. Әкесі бұрыннан өз шаңырағында отырып алып, өз қолымен қиялындағы туын жасап жүрген екен.

Арада жылдар өтеді. Айша мектеп бітіріп, қалаға оқуға түсіп, жаңа өмір бастайды. 1991 жылы Тәуелсіздік жарияланған күні қуаныштан жарылардай болып, мәре-сәре болған жұрттан бөлініп, үйіне асыққан Айша сандықтағы ескі чемоданды ашып, әкесінің асай-мүсейлерін ақтара бастайды.

– Сандықты ашып қалғанда әкемнің қолымен тігілген көкшіл матаға қарап, таңданып тұрып қалдым. Сол сәтте ғана талайдың арманына айналған Тәуелсіздіктің мағынасын терең түсіндім. Қоңыр чемоданға басымды сүйеп, қыстыға жыладым. Мен әкемді жоқтағаннан емес, әкемнің көре алмаған бақытын сезінгеннен жылаған едім. Сонда ғана әкемнің «Бір кезде қазақтың өз қолы өз аузына жететін күн туады» деп неге айтқанын жан жүрегіммен ұққан едім, – дейді Айша.

Мұны неге сөзімізге арқау еткенімізді әрбір жас ұғынады деген ойдамыз. Себебі тәуелсіздік ұғымының қандай қастерлі екенін тәуелсіздік алғанға дейінгі буын жақсы білді, жете түсінді. Халқымыздың ғасырлар бойғы арманы, еркіндікке бастар ең ұлы белесі осы Тәуелсіздікке бастар жол болғаны ақиқат. Ол бізге тек мемлекет құру мүмкіндігін емес, өз болмысымызды қайта танып, ұлттық рухымызды қайта жаңғыртуға да жол ашты. Өткен күнге көз жүгірткен сайын азаттықтың бағасының қандай қымбат екенін сезінесің, сезесің. Сондықтан Тәуелсіздікті сақтау да, нығайту да әр буынның азаматтық борышы болып қала береді. Біз бірлігімізді бекем ұстап, ел ертеңіне сеніммен қарағанда ғана тәуелсіздіктің тұғыры мәңгі берік болады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар