Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынуы мүмкін

Әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынуы мүмкін
Автор
Елімізде балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты алаңдаушылық соңғы жылдары айтарлықтай күшейді. Қоғамда бала санасының қалыптасуына, мінез-құлқы мен құндылықтарына әсер ететін онлайн ортаға бақылау орнату қажеттігі жиі айтылып жүр. Осы ретте мемлекет кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге тіркелуін заң жүзінде реттеуді көздейтін жаңа бастаманы қарастыруда.

Жуырда талқыға ұсынылған «Онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында 16 жасқа дейінгі балалардың «Tik Tok», «You Tube», «Instagram» сияқты платформаларға тіркелуіне тыйым салу қарастырылған. Егер құжат қабылданса, «Tik Tok», «Instagram», «You Tube» секілді платформаларда, сондай-ақ кез келген интернет-платформада балалардың тіркелуі заң жүзінде шектеледі. Тек мессенджерлерге ғана ерекшелік қарастырылған. Бұл шара «зиянды контент көлемін азайтып, балаларды онлайн ортадағы қауіптен қорғауға бағытталған». Заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желі кей жағдайларда тіпті ата-ананың тәрбиелік рөлін алмастырып барады.

«Кішкентай ұлыммен серуендеп жүріп байқағаным – ауланың балаларының көбінің қолында смартфон бар. Олардың «Tik Tok», «You Tube» пен «Instagram»-нан көріп жүрген контенттерін ата-аналары көбінесе бақылай алмайды, қажет сүзгіден де өтпейді. Яғни, 4-5-6 жастағы балалардың қолына сіріңкеден де қауіпті құрылғы деп айтуға болады.

Қазір ашық қолжетімділікпен әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылық, кибербуллинг сияқты мазмұндағы ақпарат көп. Бұл қалыптасу үстіндегі бала психикасына тікелей әсер ететін фактор.

Әлеуметтік желілердің алгоритмдері балаларды экранға байлап қою үшін арнайы жасалған. Бұл – балалардың қалтасында жүрген цифрлық ойын автоматы іспетті.

Зерттеулер гаджеттерді шамадан тыс қолдану зейінді шоғырландыруды қиындататынын, ұйқы режимін бұзатынын, мазасыздық пен агрессияны арттырып, тіпті суицидке дейін апаруы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бұл тақырыпта Джонатан Хайдтың The Anxious Generation кітабын оқуға кеңес беремін.

Иә, бұл тек біздің елге тән мәселе емес. Мысалы, Қытайда балаларға арналған қосымшаларға уақыт шектеуі қойылып, тек білім беретін контент ұсынылады. Көптеген елдерде де заңнамалық реттеу жүріп жатыр. Бұл – тыйым емес, саналы әрі жауапты тәсіл. Ал бізде – шексіз «бостандық», оны ешкім нақты реттемейді.

Смартфон – бала күтуші емес. Бізге жүйелі шешімдер керек.

Әрине, мәселе тек тыйым арқылы шешілмейді. Мұнда білім беру, балалармен ашық сөйлесу, цифрлық гигиенаны түсіндіру, сыни ойлау қабілетін дамыту аса маңызды.

Бізге тек шектеу емес, бірлескен шешімдер қажет: фильтрлер, гаджеттерді бірге пайдалану, ағарту, ересектердің нақты назары және балама пайдалы белсенділіктер», – деп алаңдаушылығын білдірді Асхат Қанатұлы.

Ал ақпараттық қауіпсіздік маманы, «CyberX» компаниясының бас директоры Батыржан Шақманов бұл бастаманың техникалық орындалуы мүмкін екенін айтады. Сарапшының айтуынша, елімізде әлеуметтік желілерді бұғаттауға қажет негізгі құралдар бар.

«IP және домен деңгейінде блоктау, трафикті баяулату, DPI секілді технологиялар бұрыннан қолданылады. Сондықтан «Tik Tok» немесе «YouTube» секілді платформаларды толық өшіру техникалық жағынан мүмкін. Дегенмен белгілі бір жас санатына ғана шектеу қою әлдеқайда күрделі. Байланыс операторлары мен интернет-провайдерлер трафик арқылы қолданушының нақты жасын көре алмайды. Мұндай шектеуді енгізу үшін SIM-карта иесінің жасын міндетті түрде есепке алып, балаларды жеке санат ретінде сүзгіден өткізу қажет, Бұл – үлкен техникалық өзгерістер және қателік қаупі жоғары процесс» – дейді Б.Шақманов.

Осы ретте сарапшы жасты анықтаудың үш әдісін ұсынды.Бірінші – құжат арқылы верификация. Бұл ең сенімді әдістердің бірі. Пайдаланушы жеке куәлік фотосын және селфи жүктейді, жүйе сәйкестігін тексереді. Бірақ бұл тәсілдің басты қаупі – жеке деректердің платформалар серверінде жиналуы. Егер база бұзылса, салдары өте ауыр болады

«Екінші – биометриялық жас анықтау. Ыңғайлы, құжатсыз орындалады, бірақ дәлдігі орташа. 14-17 жас аралығында қате жиі кездеседі. Сонымен қатар биометрияның өзі – өте сезімтал дерек, оны сақтау да үлкен тәуекел.

Үшінші – SIM-картаға байлау. Оператор ЖСН арқылы адамның жасын біледі, сол арқылы әлеуметтік желілерге шығуды шектеуі мүмкін. Бірақ бұл жерде үлкен проблема бар: SIM әрқашан нақты пайдаланушыға тиесілі емес. Баланың қолындағы телефон ата-анасының атына тіркелуі мүмкін – бұл жүйені шатастырады», – дейді Б.Шақманов.

Сарапшының пікірінше, балаларды қорғау тек техникалық шектеулер арқылы шешілмейді. Ата-аналардың бақылау құралдарын дұрыс қолдануы, платформалармен серіктестік орнату және балалардың медиасауатын арттыру ұзақ мерзімді әрі нәтижелі бағыттар. Балаларға интернеттегі қауіпсіз мінез-құлықты үйрету, фейк ақпаратты тану, жеке деректерді қорғау, бейтаныс адамдарға сенбеу сияқты дағдыларды қалыптастыру өте маңызды.

4 желтоқсанда «Ашық НҚА» порталында жарияланған заң жобасында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғаудың ерекшеліктері» атты 10-1-бап енгізілген. Бұл бап 16 жасқа толмаған желі қолданушыларына, жедел хабар алмасу қызметтерінен басқа, онлайн платформаларда тіркелуге тыйым салуды көздейді. Түсіндірме жазбада құжаттың мақсаты – онлайн-платформалардағы заңсыз контентті азайтуға қажетті құқықтық негіз қалыптастыру және медиасфераға қатысты заңнаманы жаңарту екені көрсетілген. Заң жобасын қоғамдық талқылау 29 желтоқсанға дейін жалғасады.

Айта кетейік, бұған ұқсас бастама 2023 жылы да талқыланған болатын.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар