Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Kaspi Alaqan» қаншалықты қауіпсіз ?

«Kaspi Alaqan» қаншалықты қауіпсіз ?
Автор
Бір брендтің аясында түрлі қызметтердің басын қосып, дамытып отырған «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы қазақстандықтардың өмірін біраз жеңілдеткені шындық. «Kaspi.kz» қосымшасының көмегімен төлем жасап, ақша аударып, жеке қаражатты басқарып, сондай-ақ бонус алып отырмыз.

«Kaspi.kz» компаниясының халық арасында танымал, қолма-қолсыз төлем мен сатып алуды ыңғайлы, тиімді жасаған сүйікті өнімдерінің бірі – «Kaspi Gold» картасы. «Kaspi Gold»-тың айналасында көптеген тиімді сервистер жинақталған. Мысалы, жылдам аударым, комиссиясыз төлем, қолма-қол емес сатып алу және тиімді бонустар. Бұл сервистердің көпшілігі тікелей «Kaspi.kz» ұялы қосымшасы арқылы жүзеге асады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Kaspi Gold» картасы және кейінірек қосымшадағы QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндіктері пайда болғанда халық үшін үлкен жаңалық болған еді. Алайда алдағы уақытта қолма-қол ақшаның да, төлем картасының да қажеті болмай қалуы мүмкін.

Жуырда «Kaspi.kz» басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе миллиондаған қазақстандықтардың өмірін жеңіл, қауіпсіз ететін жаңа сервистерді ұсынды.

Басты жаңалық – «Kaspi Alaqan» сервисі. «Kaspi Alaqan» – алақанды сканерлеу арқылы жасалатын төлем жүйесі. Михаил Ломтадзенің айтуынша, «Kaspi Alaqan» желтоқсан айында Алматыда, кейін бүкіл ел аумағында іске қосылады.

– Алақан арқылы төлем жасау смартфонды қалтадан шығарудан да тез әдіс. Бірінші рет қолданып көргенде ерекше әсер аласыз. Жүйенің қауіпсіздік деңгейі Kaspi ID қызметімен бірдей. Қолданушы қажет болса алақанға байланысты деректерді кез келген уақытта өшіре алады.

«Kaspi Alaqan» тек кассаларда ғана емес, банкоматтарда да қолжетімді болады. Сонымен бірге «Kaspi.kz» серіктестері үшін үш айға комиссиясыз қызмет көрсету ұсынысы қарастырылған. Бұл дүкендерге жаңа технологияны қолдануға қосымша ынталандыру болуы мүмкін.

Біздің миссия – өмірді жеңілдететін инновациялық сервистерді жасау, сервистерді клиенттеріміз бен серіктестерімізге ұнайтын және пайдалы қылу, – деді Михаил Ломтадзе.

Кез келген жаңа жүйе іске қосылған жағдайда өзіндік жұмыс істеу тәртібі, талаптары да болатыны белгілі. Банк мамандарының айтуынша, интернетті қажет етпейтін жүйе қаржылық қиындықтарды болдырмауға жол ашады.

– «Kaspi Alaqan» адамның алақанындағы тамырдың ерекше суретін анықтайтын биометриялық жүйеге негізделген. Биометриялық дерек «Kaspi.kz» базасында тіркеледі. Құрылғы алақанды жақындатқанда тамыр құрылымын оқып, «Kaspi Gold» шотына байланыстырылған төлемді бір сәтте өткізеді. Алақаннан көрінетін тамырлардың орналасуы әр адамда бірдей болмайды, сондықтан жүйе осы айырмашылық арқылы төлем жүргізеді.

Бұл төлем жүйесі барысында телефон да, интернет те керек емес. Тек кассада тұрған арнайы құрылғыға алақанды жақындатсаңыз болды. Алақанның суреті еш жерде сақталмайды. Алақаннан түсірілген бейне цифрлық кілтке айналып, сол ғана қолданылады. Өзге адам суретті көрсетіп, төлем жасай алмайды.

Жаңа жүйеге қалай қосылуға болатыны да көпшілікті қызықтыратыны анық. Сервиске қосылудың екі жолы бар. Біріншісі – банк банкоматы арқылы іске асады. Банкоматтағы нұсқаулықты орындасаңыз жеткілікті. Екінші амал – серіктес дүкендерде орналасқан құрылғылар арқылы. Онда QR-кодты «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы сканерлеп, әрі қарай смартфондағы қадамдарды орындау керек.

«Kaspi Alaqan»-ды қолданғанда жиі кездесетін жағдай – қолдың тым суық болуы. Бұрынғы карталық төлемдерге ауа райы әсер етпейтін. Ал биометрияда бәрі басқаша. Қатты суық кезінде алақан анық көрінбейді, ал құрылғы дәл сол алақан өрнектерін оқу арқылы тұлғаны таниды. Бұл тұрғыда алақанды аздап жылытып алу керек. Технология адам денесінің табиғи белгілерін пайдаланатындықтан, мұндай жағдайларға мұқият болу керек. Сонымен қатар алақанның таза болуы, жараланбауы, таңғышпен оралмауы тиіс. Егер қолда жара болса немесе өрнекті толық көруге кедергі жасайтын белгі болса, «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы қайтадан биометрияны тіркеу тиіс болады, – дейді банк маманы Азамат Шертім.

Дейтұрғанмен жаңа төлем жүйесі қаншалықты қауіпсіз?! Осы ретте алақан арқылы төлем жасау технологиясының іске қосылуына қатысты пікір білдірген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова кез келген жаңа технология енгізілген кезде ең алдымен қауіпсіздік жіті назарда болуы керек екенін жеткізді.

– «Жеке мәліметтердің қорғалуы қалай қамтамасыз етіледі?» деген сұрақ туындайды. Бұл жаңа алаяқтық операциялар кезінде пайдаланылмай ма? Алаяқтар бұл сәйкестендіру әдісін айналып өту үшін жаңа тәсілдер ойлап таппай ма? Біз де өз тарапымыздан алаяқтықпен күресу үшін жаңа шаралар мен шектеулер енгізіп келеміз. Банктердің алдына клиенттерді дұрыс сәйкестендіру және антифрод процедураларын орындау талаптарын қойып отырмыз.

Қаржы өнімдерін әзірлеу барысында қандай талаптар сақталуы керек екені нақты көрсетілген қаулы бар. Егер біз қандай да бір бұзушылықтарды анықтасақ, онда мұндай қаржы өнімін немесе қаржылық қызметті тоқтатуға құқығымыз бар», деді агенттік төрағасы.

Өткен мен бүгінді салыстырсақ, төлем мәдениеті бір ғана буынның көз алдында қаншалықты өзгергенін аңғаруға болады. Бір кезде сауда жасаудың басты құралы қолдағы ақша болса, кейін карталар дәуірі келді. Ал биометриялық төлем жүйесі қолданысқа енгізілмек. «Kaspi Alaqan» осы эволюцияның жаңа бағыты, жаңа тынысы десек те артық айтқанымыз емес.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар