Президенттің «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында көрсетілген «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Бурыл ауылдық округіне облыстық полиция департаменті Тәлімгерлер кеңесінің құрамы арнайы келіп, білім беру мекемелерінің басшыларымен және ата-аналармен кездесті.
Алқалы жиынға модераторлық еткен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Мұнан кейін сөз алған облыстық полиция департаменті Тәлімгерлік кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаев кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін барлық сала өкілдері бірлесіп әрекет етпейінше, құқықбұзушылықтың алдын алу мүмкін еместігін жеткізді. Бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін күшейту, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық мәдениеттің маңыздылығы, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жалпы ұрпақ тәрбиесіне ұлт болып атсалысу қажеттігін баса айтты.
Әрмен қарай аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Руслан Ерген, аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Сейдаханов, аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов ретімен сөз алып, аудандағы қылмыстық ахуалдың жай-күйі, мектептердегі тәрбие, бақылау, қауіпсіздік талаптары жөнінде баяндады.
Жиын соңында көтерілген мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлер назарға алынды.
Сымбат ҚУАНЫШ



