Мен бірнеше жылдан бері инклюзия саласында жұмыс істеп келемін. Бұл бағыттағы жұмыс тек кәсіби міндет емес, шын мәнінде жүректің ісі. Әрбір күн – жаңа тәжірибе, жаңа сабақ. Ерекше жұмыс істеп жүріп қоғамда шектеу жоқ екендігін анық түсіндім. Шектеуді адамдардың өздерінің өмірге деген көзқарасы, ішкі түйсігі қалыптастырады. Сондықтан да олардың әлеуметке бейімделуіне, мамандық алуына және жұмысқа орналасуына жол ашуды өзіме өмірлік мақсат еттім. Бұл бағытта әр адамның жеке қабілетін, психологиялық жағдайын, ішкі мүмкіндігін зерттеуді жұмысымның басты бөлігі санаймын. Себебі адамды тек сыртқы бейнесімен емес, оның ой жүйріктігі, әлеуеті, ортада өзін сезінуі, ерік-жігерімен және ішкі ресурстарымен бағалау керек екенін түсінемін.
Егер адам өзінің ортаға қабылданғанын және басқалардың оған түсіністік танытқанын сезінсе, онда оның бойындағы сенім, мотивация және өзін-өзі дамыту әлеуеті күшейеді. Бұл психология түсінігіндегі әрбір тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыру процесінің негізі. Сондықтан инклюзия тек ерекше қажеттіліктері бар балаларды мектепке қабылдау емес. Бұл олардың қоғам өміріне тең дәрежеде араласуына мүмкіндік беру. Негізі ерекше балаға қолдау көрсету үшін үлкен ресурстардың, қыруар қаражаттың қажеті жоқ. Жай ғана жылы сөз, сабырлы қарым-қатынас танытып, сенім мен мейірім білдірудің өзі жеткілікті. Ол педагогикалық немесе әлеуметтік жобадан биік тұратын ұғым. Адамгершілік пен жан жылуының көрінісі сол бір қолдаудың өзінен танылады дер едім. Әрбір ерекше баланың түсінік танымын кеңейтіп, оған жүрек жылуын берген сайын олардың да қоғамға сіңісуі оңайлап, өздерін еркін ұстауына, ортамен араласып кетуіне, бойындағы кемшілігі арқылы өзін-өзі кем сезінуін жойып, керісінше дамып, жетілуіне ықпал етуге болады.
Біздің елде инклюзияға бетбұрыс бар екені мені қуантады. Күннен-күнге мектептерде толық жағдай жасалып, мамандар даярлануда. Адамдар осы мәселе бойынша психологтардың қызметіне жүгініп, ондай қажеттілігі бар жандармен қалай жұмыс істеу керектігі жайлы ізденіп жүргендерін де жиі кездестіріп жүрмін. Расымен шынайы инклюзивті орта қалыптастыру үшін тек материалдық жағдай ғана емес, адамдардың сана-сезіміндегі өзгеріс те қажет екенін ескерейік. Ол үшін қоғамда мейірім, төзім және оларды қабылдау мәдениетін дамытуымыз керек. Мен айтып отырған түсінік инклюзияның ең негізгі тірегі деп білемін. Кейде ата-аналар баласының ерекшелігін жасырып, ешкімге көрсетпей, қоршаған ортаға көрсетпеу үшін қоғамнан алшақтап кетеді. Оны ғылым тілінде «табиғи қорғаныс» реакциясы дейді. Бірақ мен оларға үнемі: «Ештеңеден ұялмаңыз. Әр бала қоғамның бір бөлігі. Мүгедектігі бар балаларды жасырған сайын, олардың жабылып, тұйықтала түсетіні анық. Олардың ішкі әлемінде де толық ашылмай жатқан небір қоғамға қажет қасиет бар ғой. Біз қайта оларды дамыту арқылы өсіреміз» деп айтудан жалықпаймын.
Әлеуметтік осал топтармен жұмыс істеудің ерекшелігі эмпатия мен шыдамдылықтың өзегінде тұр. Біз олардың орнына өзімізді қойып, елестете білуді үйрену арқылы түсінігіміз де тереңдей түсері сөзсіз. Сонымен қатар осы ұғымды қалыптастырсақ, жұмысымыздың нәтижесі де өзгеше болатыны анық. Сондықтан да бүгінгі таңда әрбір ерекше балаға психологиялық қолдау білдіру күнделікті жұмысыма айналған. Кейде мүмкіндігі шектеулі адамға жаңа бағыт, мамандық таңдау немесе жұмыс іздеу барысында сенімсіздік, қорқыныш сезімі кедергі болады. Осындай сәттерде дұрыс бағыт, шынайы сөйлесу, жақын тарту көп нәрсені өзгерте алады. Кейбір адамдар бастапқыда сенімсіз болса да, сенің оған сыйлап тұрған жылылығыңды, қолдауыңды сезініп, уақыт өте келе сол қолдаудың арқасында өз кәсібін табады, өз еңбегінің нәтижесін көре бастайды. Мұндай сәттер адамды үлкен жетістіктерге жетелейді.
Қазір мен ерекше балалардың өзіне сенім артқанын, өз қабілетін таныта бастағанын көрген сайын еңбегімнің бос кетпегеніне көзім жетеді. Олардың әрбір алған асуы, бағындырған биігі, алға қарай жасаған қадамы, тіпті сыңғырлаған күлкісі мен ата-анасының айтқан алғысы кез келген марапаттан артық болып көрінеді. Үйлестіруші ретінде университеттің әрбір түлегіне өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына септігімді тигізіп келемін. Бұл жұмыс тек ұйымдастырушылық қызметтен тұрмайды. Ол психологиялық қолдауды, сенім қалыптастыруды және әр адамның жеке қабілеттерін ашуды қамтиды. Көптеген жастар бастапқыда өз мүмкіндіктеріне сенбейді немесе жұмыс іздеуге қорқып тұрады. Бірақ дұрыс бағыт-бағдар беріп, тұрақты қолдау және кәсіби кеңес арқылы олар өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, өз әлеуетін толық іске асыра алатынына көз жеткізіп келемін.
Мысалы, жас маман алғашқы қадамын жасамас бұрын өз бойынан сенімсіздік сезеді. Сол кезде менің басты міндетім – оларды психологиялық тұрғыдан қолдап, кәсіби кеңес беру арқылы сенімін арттыру, аяғын нық басып, алға қадам басуына қолдау білдіру. Сондай сәттері олар өздерін ортаға қажет сезініп, нәтижесінде өзін-өзі дамытып және кәсіби өсу әлеуетін іске қоса түседі. Мүмкіндігі шектеулі адамның өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы, кәсіби дамуы және қоғамға толыққанды қосылуы бүкіл ел үшін де үлкен жетістік болып саналады. Біздің түлектердің бірі бағдарламалауды меңгеріп, қашықтан жұмыс істейді. Бірі тігін өндірісінде еңбек етсе, енді бірі әкімшілік немесе кәсіби салада жетекші қызметін атқарып отыр. Міне, баланың әлдене үйреніп, еңбек етуінің ар жағында да қолдау тұр және сол қолдауды сезінген жасөспірім жетістікке жетуге талпына бермек. Тіпті әлемдік деңгейдегі спортшылардың да жетістікке жетуі психологиялық қолдаудың айқын көрінісі.
Менің басты мақсатым – баланың ішкі әлемін түсініп, оның мүмкіндігін аша түсу, күш-қуат сыйлап, өзіне деген сенімділігін нығайтуға көмектесу. Әр баланың жүрегіне жол табудың өзі үлкен еңбек. Кейбір балалар бірден ашылмайды, тұйық келеді. Ішкі сезімін, эмоциясын құлыптап, сезімін білдіргісі келмей, тіпті жасқаншақтық танытады. Бірақ күн сайын олармен әңгімелесе отырып, демеп, сенім білдіру арқылы біз олардың бойындағы қорқынышын жеңуге көмектесеміз. Алға ұмтылуына, қанатсыз ұшуына барлық ынтамызбен атсалысамыз.
Әлеуметтік осал топтармен жұмыс істеудің тағы бір ерекшелігін атап айтар болсам, эмоциялық тұрақтылық пен жанашырлықтың үйлесуі. Біз кейде өзіміз де олардың ауыр тағдырына алаңдап, уайымдап кетеміз. Бірақ кәсіби тұрғыдан өз-өзіңді ұстау, эмоцияны басқару және сол арқылы көмек көрсету өте маңызды. Біздің жұмыстағы ең басты міндет осы болғандықтан, сыр алдырмайсың. Негізі инклюзия мен психологиялық қолдау бір-бірінен ажырамас ұғым екенін сезінесің. Себебі кез келген бала немесе ересек адам ең алдымен эмоционалдық қауіпсіздік сезімін қалайды. Адам өзіне деген қабылдау мен түсіністік сезімін бастан өткергенде, оның ішінде ішкі сенім мен өзін-өзі ашу механизмі іске қосылады. Бұл сезімдер тұлғаның эмоциялық тұрақтылығын арттырып, өзін-өзі дамытуға және әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Бұл жеке дамудың психологиялық негізі. Мұқтажға қол ұшын беру адамдықтың белгісі екенін ұғынсақ, кез келген қолдау олар үшін ең үлкен жәрдем.
Мен өз тәжірибемде ата-аналармен де көп жұмыс істеймін. Көпшілігі алғашында баласының ерекшелігін қабылдай алмай, уайымға беріледі. Осындай сәттерде ата-аналармен де жеке сөйлесіп, психологиялық қолдау көрсетуді міндет санаймын. Өйткені ата-ана ішкі күйзелістен шықпайынша, бала да алға жылжи алмайды, үй үлкендері ашылмайынша, бала да тұңғиыққа бата береді. Өйткені өмір есігін жаңа ашқан бүлдіршінге дүниені танытып, ең бірінші қолдайтын кім? Әрине, оның ең жақыны ата-анасы. Ал енді осы тарап әлсіз болса бала қайдан мықты болсын?! Үлкендердің өлшеусіз қуаттылығы баланың бойына беріледі. Сенімі дариды. Ал махаббаты олардың өмірді сүюіне, жетістікке жетіп, асқақ арманға қол созып, биіктерге ұмтылуына ықпал етеді.
Біздің қоғамда соңғы жылдары инклюзивті білім мен әлеуметтік қолдау жүйесі күннен-күнге алға дамып келеді. Бірақ әлі де болса қоғам тарапынан түсіністік пен шыдамдылық жетіспейтіні кейде анық көрініс табады. Сондықтан әрбір жан өзінен бастап, ерекше жандарға мейіріммен қарап үйренуі керек. Біз үлкендер өзімізден кейінгілерге үлгі болып, айналаны нұрландырмасақ, кім нұрландырады?!
Сандуғаш ҮСЕНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
инклюзивті білім берудегі психологиялық
бейімделу орталығының бас маманы



