Әрине бұл қажет құжат, керек анықтама. Бірақ онсыз да жүріп-тұруының өзі мұң болған жандарға МӘС-тен өту үшін қаншама қағаз дайындап, қаншама дәрігерлердің кезегін күтіп, жүгіруі қажет. Әртүрлі диагноздағы мүгедектігі бар жандар үшін бұл біраз қиындық тудырады. Осы салаға жауапты мамандар мүгедектік анықтамасын алу үшін одан өтетін қайта куәләндыруға қатысты талаптарды біраз жеңілдетсе дұрыс болар еді.
Екіншіден, көп жерлерде, тіпті қоғамдық орындарда да бізге, яғни мен секілді мүгедектігі бар жандарға ыңғайлы жағдай жасаса дейміз. Атап айтар болсам, пандус, лифт, санузел, тіпті кейде қарапайым айқара ашылатын есіктің өзі жоқтың қасы. Әсіресе арбадағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мұндай жерде жүріп-тұру үлкен күшті қажет етеді. Қазіргі пандусы бар қоғамдық көліктерде де «пандусы бар» деген аты болмаса, біразының жарамсыз екендігін білеміз.
Үшіншіден, жұмыс мәселесі туралы айтқым келеді. Жұмыс бар, табылады. Дегенмен жұмыс орындарында да тағы сол барып-қайтуға, қатынауға көңіл бөлінбеген. Айта кетерлік тағы бір мәселе, ерекше жандардың көбісінің жоғары білімі жоқ. «Неге?» десеңіз, оған да басты себеп – оқу орындарында кедергісіз білім алуға мүмкіндік қарастырылмаған. Ал жалпы «оқимын, жұмыс істегім келеді» деген мүмкіндігі шектеулі жандар өте көп. Тек олар үнемі қасына біреуді ертіп жүруден немесе әлдекімнен көмек күтіп жәутеңдеуден шаршайды.
Оқуға түсіп алып, тастап кетіп жатқандарды көп байқадым. Оған себеп мүгедектігі бар жанның жолға шығып, екі ортада қатынауының қиындығы. Студенттер әр аудиторияға көшіп оқиды. Әр аудитория ауысқан сайын қатарыңның артында қалу, тіпті дәрет сындырып болған соң, қол жуу, әр қабаттан қабатқа көтерілу сынды дүниелер мұқтаж жандар үшін қиындық тудыратыны бесенеден белгілі.
Қазіргі таңда олар өздерінің ерекшеліктеріне қарамай, барлық іске араласып жүргенін көріп, естіп жүрміз. Спортта да, өнерде де, тіпті мемлекеттік қызметте де мүгедектігі барын елемейтін жандар өздерінің шексіз мүмкіндіктерін дәлелдеп бағуда. Әрине қоғамнан алшақ өз өмірін сүріп жүргендер де баршылық. Өйткені ерекше жандардың біразы өз ерекшеліктерінен қысылып, қоғамдық ортаға бейімделгісі келмейді. Себебі, кедергі көп деп қорқады. Алайда, мүгедектігі бар екеніне қарамай, өмірден өз орнын қалыптастырып, отбасын құрып, барлық адаммен бірдей тең дәрежеде өмір сүріп жатқандар да жетерлік. Ал мен барлық дені сау, көкірек көзі ояу жандарды шектеусіз орта қалыптастыруға шақырамын.
Ақерке КЕНЖЕБЕК,
Тараз қаласының тұрғыны




