Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда интернет-алаяқтық істері тағы да күрт көбейген. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Бірыңғай тергеу тізіліміне интернет арқылы жасалған 20,4 мың қылмыстық іс тіркелген. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 26,3 пайызға көп.
Қазір интернет арқылы жасалатын қылмыстар Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни алаяқтық бойынша тіркелген істердің жартысынан астамын құрайды. Жалпы осы бап бойынша тіркелген барлық істердің саны жылдың 9 айында 36,1 мыңға жеткен. Өсім – 3,6 пайыз.
Алаяқтық істерін ашу көрсеткіші ауыр және аса ауыр қылмыстарға қарағанда әлдеқайда төмен. 2025 жылдың 9 айында интернет-алаяқтық істерінің 42,8 пайызы ғана ашылған. Көп жағдайда кінәлілерді анықтау мүмкін болмайды. Себебі мұндай қылмыстар қашықтан жасалып, цифрлық із тез жойылады. Бұрын 70 пайыздан аса іс айыпталушы табылмағандықтан тоқтатылса, биыл бұл көрсеткіш 53,9 пайызға төмендепті.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет мамандарының мәліметтеріне сүйенсек, алаяқтықтың ең кең таралған түрі – алаяқтардың банк қызметкері ретінде хабарласуы. Биыл елімізде осындай 5 мыңға жуық іс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артқан. Жалған онлайн жарнамалар мен қызмет ұсыныстары бойынша 4,4 мың дерек анықталып, екінші орында тұрған қауіпке айналған. Үшінші орында – онлайн несиелер арқылы жасалған алаяқтықтар. Олардың саны 4 мың дерекке жетіп, 50,7 пайызға артқан.
Криптовалюта және қаржы пирамидаларына қатысты істер де аз емес екен. 425 және 1,2 мың жағдай тіркелген. Өткен жылдың шілдесінде Ұлттық банк жанынан «Антифрод орталығы» құрылған болатын. Оның көмегімен соңғы 10 айда 60 мыңнан астам заңсыз операция анықталып, 2,5 миллиард теңгеден астам залалдың алдын алу мүмкін болған.
Барлық алаяқтық түрлерінен келген жалпы шығын 2025 жылдың 9 айында 116,9 миллиард теңгені құраған. Соның ішінде интернет-алаяқтықтың үлесі – 8,3 миллиард теңге. Шығынның 37,1 пайызы ғана өндірілген.
Интернет-алаяқтық бойынша өңірімізде де жағдай мәз емес. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облысымызда интернет-алаяқтық дерегінің тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 213-тен 644-ке, ал ауыр санаттағы интернет-алаяқтық дерегі 71-ден 279-ға артқан.
Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Уалихан Ағыбаев елімізде интернет-алаяқтық қылмыстары өршіп тұрғанын ескеріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңбұзушылықтың алдын алуға бағытталған батыл шаралар қабылдауды тапсырғанын айтады. Осы орайда облыстық полиция департаментінде интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстардың алдын алу, ашу және тергеп-тексеру сапасын арттыру мақсатында үйлестірушілік шаралар қабылданып, құзырлы органдардың қатысуымен әртүрлі форматта мекемеаралық жиналыстар өткізілген.
– 2024 жылдың 1 қарашасында Ішкі істер министрлігінде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылып, әр аймақта желтоқсан айында тергеу желісі бойынша бөлім және бөлімшесі ашылған болатын. Ал биыл қаңтар айында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ресми жұмысын бастады. Аталған басқарма заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етілді. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне қарамастан республика көлемінде интернет-алаяқтық қылмысының өсуі байқалуда. Биыл полиция департаменті облыс прокуратурасымен бірігіп интернет-алаяқтықты жасау тәсілдерін ескере отырып «CyberShekteuTaraz» телеграмм-ботын әзірледі. Қазіргі таңда аталған бот арқылы интернеттегі қатерлі сілтемелер, алаяқтардың ұялы телефон нөмірлері, әлеуметтік желілер мен маркетплейстарда жалған жарнамалар секілді 500-ге жуық жаңсақ мәліметтер түсіп, оларды бұғаттау шаралары атқарылуда. Сонымен қатар облыстық полиция департаменті күнделікті жұмысында Ұлттық банктің «Антифрод орталығының» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып келеді. Аталған орталыққа күдік тудырған 4 115 банктік есепшот туралы ақпарат жолданып, олардың 2 242-сі бұғатталды, ал қалғандары бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ телефонды қолдану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының да өршіп тұрғандығын ескеріп, мамандарымыз «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен және байланыс операторларымен «Сим-бокс» құралдарын анықтауға арналған шаралар атқаруда. Бірлесіп атқарылған жұмыстар нәтижесінде Тараз қаласы аумағынан қылмыскерлерге әртүрлі нөмірлерден қашықтықтан байланысу мүмкіндігін беретін 128 слоттық «Сим-бокс» анықталып, күдікті қамаққа алынып, оған қатысты тергеу жүргізілуде. Қазір интернет-алаяқтарға қылмыс жасауға көмектескен, яғни қаражаттарды есепшоттардан шешіп берген немесе біреулерге өз есепшоттарын пайдалануға берген азаматтардың (дропперлер) жауаптылығы күшейтілуде, – деген Уалихан Сәмбетұлы 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске жаңа 232-1 бап енгізілгенін жеткізді.
Жаңа бапта банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру бойынша жауапкершілік қарастырылған. Іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай 232-1-бап мүлікті тәркілей отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Осы бапта көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты алғаш рет жасаған, бұл туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ осы құқықбұзушылықты ашуға немесе оның жолын кесуге белсенді түрде ықпал еткен адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құқықбұзушылықтың құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Сол секілді 30 қыркүйектен бастап ҚР тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздар беру кезінде міндетті «салқындату» кезеңі енгізілді. Салқындату кезеңінің негізгі мақсаты – қарыз алушыға шешім қабылдауға уақыт беру, осылайша қарыз шартын асығыс жасау немесе алаяқтық схемаларға тарту ықтималдығын азайту. Осы орайда Уалихан Сәмбетұлы тұрғындарды өз есепшоттарын өзге азаматтарға қолдануға мүлдем бермеуге және бөтеннің сұрауы бойынша есепшоттардан қаражат шешпеуге кеңес берді.
– Полиция халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстарды іске асыруда. Сақтық шаралары туралы арнайы дайындалған аудиожазбалар қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, супермаркеттерде, қоғамдық көліктерде, базарларда және қызметтік көліктердің дауыс зорайтқыштары арқылы айтылады. Сондай-ақ барлық қоғамдық автобустарда, банкоматтарда, терминалдар мен сауда орталықтарында, супермаркеттер және басқа да орындарда брошюралар (А-3 нысаны) ілінді. Видеоматериалдар «MART» ойын-сауық орталығында орналасқан кинотеатрда көрсетілуде. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында осы желіге тағайындалған тергеу және жедел-іздестіру қызметкерлерін оқыту және олардың жұмысының нәтижелеріне тұрақты негізде талдау жүргізілуде. Интернет-алаяқтық қылмыстары көп жағдайда қоңырау шалу арқылы жасалатындығын ескеріп, бөтен адамдардан түскен әрбір қоңырауды өзін таныстырған мекемеге тікелей хабарласу арқылы немесе полицияда құрылған «Cyberpol» тобына 99-66-07 байланыс нөмеріне хабарласып тексеру сұралады. Бүгінгі таңда интернет-алаяқтық қылмысымен күресу бағытында құрылған «Cyberpol» тобымен бірқатар жұмыстар атқарылуда. Алайда алдағы уақтта бұл бағытта атқаратын жұмыс көп. Қазіргі заманның дертіне айналып бара жатқан интернет-алаяқтық қылмыстарымен құқық қорғау органдары және халық болып бірлесіп күресуді баршаңыздан сұраймын, – дейді У.Ағыбаев.
Шындығында да интернет-алаяқтардың арбауына түсіп қалу оңай. Бірі банк менеджерімін деп хабарласса, енді бірі ғаламторға жалған жарнама беріп алдайды. Жеңіл табысқа құмартқандарға керегі жеке мәлімет пен ұялы телефонға келетін хабарлама ғана. Кейін шоттағы ақшаны аударып алады не болмаса банктен онлайн несие рәсімдейді. Мұндай қылмысты зерттеу де қиын. Өйткені кибералаяқтардың дені ұйымдасқан топтар. Әрі әлемнің әр түкпірінде отырып жұмыс істей береді.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінде 2025 жылдың алғашқы 6 айында қаржы пирамидасын және заңсыз ойын-сауық бизнесін ұйымдастыру деректері бойынша 6 қылмыстық іс тіркелген. Жалпы соңғы 3 жылда аймақта қаржы пирамидаларынан 200-ден астам азамат зардап шеккен.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы, полковник Руслан Касимовтың айтуынша, былтыр заңсыз контенті бар сайттардың жұмысын тоқтату іс-шарасы аясында 3 014 сілтеме бұғатталған. Ал осы жылдың 6 айында департамент 2 000-нан астам заңсыз контенті бар сілтемені жойыпты. Олардың барлығының құқыққа қайшылығы расталған. Сонымен қатар 792 қатысушысы бар «Күнделікті табыс», «Жұмыс тобы» атты 2 «WhatsApp» чаты жабылыпты.
Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігінің жоғары оқу орындарында «Цифрлық гигиена» тақырыбында дәрістер өткізу туралы тапсырмасын орындау аясында департамент Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде студенттер мен оқытушылар құрамына арнап дәріс ұйымдастырыпты.
Руслан Мұратұлының айтуынша, құқықтық санасы дамыған қоғам – өзін-өзі реттей алатын, әкімшілік ресурстардың араласуынсыз өмір сүретін қоғам. Заңдылықты сақтау, құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, адам заңның негіздерін біліп, заңды қызмет пен алаяқтардың «жылдам пайдаға» қатысты уәделерінің арасындағы айырмашылықты түсінсе, оны алдау қиын болады. Бұдан бөлек, жоғары моральдық және құқықтық стандарттары бар азаматтар өздерінен бөлек қоғамға да талап қояды, нәтижесінде құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидаты қалыптасады.
Сондықтан департамент ұйымдастырған Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетте өткізілген іс-шара қаржылық қауіпсіздік негіздерін нығайтуға, жастар мен білім саласы қызметкерлерін түрлі алаяқтықтардан қорғауға арналды. Дәріс соңында аталмыш оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Студенттерге арналған дәрісте жастар «дроппер» схемаларының құрбанына жиі айналып жүргенін ескере отырып, дропперлікке қатысты қылмыстар туралы айтылған. Лекция барысында Қаржылық мониторинг агенттігінің бейнероликтері мен слайдттары көрсетілген.
Бұл тақырыптағы дәрістер облыстың барлық жоғары оқу орындарын қамтиды. Сонымен қатар қазіргі таңда облыс әкімдігі білім басқармасымен бірге өңірдің барлық мектептері мен колледждерінде «Цифрлық гигиена» және «Қаржылық қауіпсіздік» бойынша сабақтар өткізу мәселесі қарастырылып жатыр екен.
Сол секілді өткен айда қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған «Fin IQ» республикалық қаржылық диктант байқауы өткізіліпті. Сайысқа облысымыздан 100 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Жалпы осы жылы департамент екі кең ауқымды форум өткізген. Одан бөлек барлық бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
– Қаржылық мониторинг агенттігі экономикалық қылмыстардың, соның ішінде интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық шаралар жүргізуде. Интернет-алаяқтықтың басым бөлігі азаматтардың сенгіштігі мен қаржылық қауіпсіздіктің қарапайым негіздерін білмеуінен туындайды. Бұған қоса, жаңа алаяқтық түрлерінің пайда болуы, қылмыстық әрекеттердің заңды кәсіпкерлік түрінде бүркемеленуі, азаматтарымыздың туыстық пен жақынға көмектесуге бейімділігі сияқты факторлар да әсер етеді. Сондықтан «Цифрлық гигиенаға» мұқият болған абзал. Цифрлық гигиена – жеке деректерді, қаржыны және психикалық денсаулықты киберқауіптерден қорғауға көмектесетіне интернет пен электрондық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану ережелері мен дағдыларының жиынтығы. Цифрлық гигиенаның ең маңызды бөлігі – жеке деректерді қорғау. Күрделі құпиясөздерді қолдану, көпфакторлы аутентификация және әлеуметтік желілердегі жекеқұпиялылық баптауларын жүйелі түрде тексеру ақпараттың ұрлану немесе бұзылу қаупін азайтады. Бұл дағдылардың негізгі қағидаттары мен ережелері күрделі емес және оларды есте сақтау оңай. Атап айтқанда, әрбір азамат интернеттегі ақпараттың маңыздылығын түсініп, құпиясөздерге жауапкершілікпен қарап, киберқауіптерге саналы түрде мән беріп, бағдарламаларды үнемі жаңартып, жеке құпиялылығын сақтап, бейтаныс «Wi-Fi» желілерінен сақ болып, балаларды ата-аналық бақылаумен қамтамасыз етіп, заманауи қорғаныс бағдарламаларын пайдалануы қажет, – деген Руслан Касимов қаржылық мониторинг органдарының тергеу құзыретіне кіретін істердің көпшілігінде азаматтардың жеке деректері пайдаланылатын жеткізді.
Мысалы, ауылшаруашылығына берілетін субсидиялар кезінде шаруашылық басшыларының электронды қолтаңбалары заңсыз қолданылған. Сол себепті департамент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Қаржылық мониторинг агенттігі басшылығының сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау және адал кәсіпкерлердің қылмыстық процеске тартылуына жол бермеу туралы тапсырмаларына сәйкес барлық қажетті шаралар қабылдауда.
Қазіргі уақытта департаментте қаржы пирамидалары, мемлекеттік сатып алу саласындағы жымқыру, бюджетке салық төлеуден жалтару және басқа да қызмет салаларында алдын ала ақпарат жинау және талдау функцияларын орындау мақсатында талдау орталығы құрылған. Аталған орталықтың берген нәтижелері уәкілетті органдармен қайта тексеріліп, алынады.
Бұл шаралар адал кәсіпкерлерді қылмыстық процеске тартуға мүмкіндік бермейді. Адал кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілерін болдырмау мақсатында қылмыстық істер мемлекеттік бюджетке келтірілген залалдың бар екендігін растайтын тексерулер мен сараптамалар болған жағдайда, сондай-ақ алдын ала талдау жұмыстарының негізінде ғана қозғалады.
Мамандар айтып өткендей, ақпараттық қауіпсіздік – болашақтың ең маңызды қорғаны. Сол себепті әр азамат саналы әрекет етуі, қауіпсіздік ережесін білуі, өзгелерді де соған үйретуі қажет. Киберқылмыстың торынан сақтанып, цифрлық әлемде де қауіпсіз, сенімді, әділетті қоғам құрамыз десек, жауапкершілік әркім сезінуі тиіс.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




