Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кітапханалар жаңа жүйеге көшіріледі

Кітапханалар жаңа жүйеге көшіріледі
Автор
«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Цифрлы қоғам және кітапхана» атты республикалық кітапханашылар конференциясы өтті.

Кітапхана саласындағы заманауи үрдістер мен цифрландыру дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктерді, инновациялық тәжірибелерді талқылауға арналған жиынға еліміздің 10 өңірінен 300-ден аса кітапханашы қатысты.

Конференцияның ашылу рәсімі Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры актерлерінің «Тараз шайырлары» атты театрландырылған прологымен басталды.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана ісінің дамуына зор үлес қосқан үздіктерді марапаттады.

– Өңірде жалпы 275 кітапхана жұмыс істесе, онда 3 миллионнан аса кітап қоры бар және 632 кітапханашы оқырмандарға қызмет көрсетеді. Кітапханалар жанынан 186 цифрландырылған ақпараттық орталық, 29 коворкинг алаңы және 183 қызығушылық тобы ашылған. Бұдан бөлек, облыс әкімінің бастамасымен өңірімізде «Әулиеата кітап оқитын өңір» жобасы қолға алынған болатын. Жоба аясында жыл басынан бері 22 кітап жарық көріп, бірқатар ауқымды іс-шаралар іске асты. Кітапханаларды цифрландыру бағытында «Әулиеата кітапханасы» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қазіргі таңда онда өңірден шыққан 73 қаламгердің шығармалары енгізілген. Сонымен қатар, өңірімізде жаңа кітапханалар бой көтеруде. Мәселен, жуырда Жамбыл аудандық кітапханасына жаңа заманауи ғимарат салынып, Республика күні қарсаңында ел игілігіне берілді. Одан өзге 7 кітапханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 кітапхана жаңадан салынған ғимараттарға көшірілді. Бүгінгі конференция еліміздің түкпір-түкпірінен келген кітапхана саласының мамандары үшін тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды талқылауға және жаңа мүмкіндіктерді айқындауға арналған маңызды алаңға айналмақ. Сондықтан осы іс-шара жаңа идеялар мен тың бастамаларға жол ашсын деген тілегім бар. Кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру жолындағы еңбектеріңізге зор табыс тілеймін, – деді Серік Жақсылықұлы.

Басқосуда бірқатар кітапханашы марапатталып, оларға сый-құрмет көрсетілді. Атап өтер болсақ, Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Отар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлмира Айнақұлова, Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Далақайнар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақылжан Дүйсебаева, Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Қостаған ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айнұр Мырзахметова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ конференцияның пленарлық отырысы «Заманауи кітапхана: дамудың перспективалы үлгілері» тақырыбында жалғасып, баяндамашылар өзекті ойларын ортаға салды. Олардың ішінде «Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Иржанова да бар. Ол «Жаңа жағдайдағы жоғары білім: академиялық кітапханаларға қойылатын талаптар» тақырыбында баяндама жасап, барлық кітапханаларды цифрлық жүйеге көшіру мен ұлттық стандарттарды біріздендіру қажеттігін атап өтті.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар