Тоқаев: Кейбір елдерде арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасындағы өшпенділік пен этносаралық араздық туралы айтты, - деп хабарлайды Arainfo.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.Президенттің айтуынша, қазіргі әлемде ақпараттық кеңістіктегі келеңсіз жайттардың алдын алу жөніндегі өзара іс-әрекеттердің маңызы артып келеді.
"Цифрлық технологиялардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қарқынды дамуы жағдайында орынсыз айтылған кез келген сөз, әсіресе жастар арасында өшпенділік пен этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Соның салдарынан қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көпжылғы күш-жігер зая кетеді", - деді ол.
Тоқаевтың сөзінше, дау-жанжал мен дүрбелеңді болдырмау үшін салалық ведомстволар бен қоғамдық ұйымдар тығыз ынтымақтастық орнатып, түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуге тиіс. Көп нәрсе мемлекет қайраткерлерінің саяси жауапкершілігіне де байланысты екенін баса айтты.
"Өкінішке қарай, кейбір елдерде серіктес мемлекеттерге қатысты арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр. Мұндай жағдай ашу-ыза туғызатыны заңдылық және деструктивті күштер үшін ұтымды болмақ", - деді Президент.