Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шуда иппотерапия орталығы ашылды

Шуда иппотерапия орталығы ашылды
Автор
Жуырда Шу ауданында ерекше балаларға арналған шағын ипподромның ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мелс Бейсембаев пен қалалық қоғамдық кеңестің жетекшісі Қанат Жапабаев, аудан әкімдігі әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева, ата-аналар мен қаһарман балалар қатысты.

Ашылу салтанатында Бақытжан Оразалыұлы өз құттықтауын жеткізіп, сауапты амалмен айналысып отырған кәсіпкердің бастамасына сәттілік тіледі. Сондай-ақ осында келген балалардың тез сауығып кетуіне тілек білдіріп, жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті қолдаулар толастамайтынын айтты.

– Атқа мінудің адам баласына берер жақсылығы мол. Оның ішінде ерекше балалар үшін иппотерапияның игілігі көп. Ауданымызда ерекше қажеттілігі бар балалар аз емес. Солардың саулығы мен сауығуы үшін осы жұмысты қолға алып отырмыз. Кәдемізге жарасын, – деді аудан басшысы.

Мұнан кейін ізгі тілектер тиегі ағытылып, құрметті қонақтар мен ата-аналар, жеке кәсіпкерліктің арнайы нұсқаушысы сөз алды. Олар да иппотерапияның адамға тигізер пайдасын жіпке тізіп, алғыстарын білдірді. Сонымен қатар жұмыстың жүргізілу жүйесі көпшілікке таныстырылды.

Аудан әкімдігі әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаеваның айтуынша, 40 шақты балғынның иппотерапияға қатысуға мүмкіншілігі бар. Олар дәрігердің арнайы рұқсатымен аптасына 5 күн ақысыз келе алады. Келушілердің санына қарай жеке кәсіпкерге әкімдік тарапынан қаражат аударылады.

«Арыстан» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Медет Арыстанұлының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда балаларға екі нұсқаушы, медбике, психолог, әлеуметтік қызметкер, мал дәрігер, тағы да басқа мамандар қызмет етеді. Иппотерапия екі айға созылмақ. Сонымен қатар 40 баланы қамтуға қауқары бар.

– Бұл жұмыс көптен бері ойымда жүрген шаруа болатын. Әр бала атқа отыра алуы керек. Себебі жылқы мінген адамның тәні шымыр, жаны сау, рухы асқақ болады. Ал ерекше балаларға бұл өте қажет нәрсе. Биыл 2 ай бойы балаларды қабылдаймыз. Келесі жылы жаңа қарқынмен, ауқымды жоспармен іске кірісеміз, – дейді жеке кәсіпкер.

Байжан ЕМБЕРДІ,

журналист,

Шу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар