Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қамкөңіл жандар қамықпасын

Қамкөңіл жандар қамықпасын
Автор
Осы бір төрт қабатты ғимараттың алдынан жиі өтемін. Ауласын жасыл желек пен гүл көмкерген ғимараттың төңірегі тап-таза. Бірақ қос жанарың табиғаттың әсем көрінісі мен тылсым дүниенің тыныштығына емес, сол аулада қаз-қатар тізіліп отырған қарттарға, болмаса арбаға таңылған жандарға түседі.

Бұл – Қаратау қаласындағы №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты бұл мекеме 2002 жылы ашылып, «Ардагерлер мен мүгедектер үйі» деп аталған болатын.

Осы мекеменің алғашқы директоры болып қызмет атқарған Өлмес Бейсенова 70 тағдыр тоғысқан ортаға жылулық пен мейірім, қамқорлық пен ізеттілік ұяалату жолында көп еңбек сіңірді. Мұндағы қызметкерлерден де қамкөңіл жандар үшін жан жылуын аямауды талап етті.

Өлмес Бейсенқызы зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін интернат үйінің директоры болып Ерланбек Әмірбеков қызмет атқарды. Келесі кезекте директорлық қызмет Алтынхан Райымбековке ауысты.

Өмір өз ағысын тоқтатпай, күндер жылжып өте берді. Уақыт көшімен интернат үйінде Қайрат Серімов, одан кейін Айтолқын Әбдібекова директорлық жұмысты абыроймен атқарды. 2019 жылдан бері бұл мекемені Ерлан Әнетбаев басқарып келеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 263 бұйрығына сәйкес №3 Қарттар мен мүгедектер үйі №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы болып қайта жабдықталды.

Орталық ғимаратына 2022 жылы толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін барлық жағдай жасалған. 2025 жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдау үшін арнайы «Инватакси» көлігі алынды.

Қазіргі кезде 70 орындық орталықта 60 қызмет алушы мемлекет қамқорлығына ие болып отыр. Алпыс адам... Алпыс тағдыр... Бір ортаға тоғысқан сан қилы өмір иелері. Бір шаңырақтың астында бір үйдің жандарындай көкжиекке көз тіккен азаматтар.

Орталықта қызмет алушыларға 7 бағыт бойынша толық көлемде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде.

Бірінші – әлеуметтік-тұрмыстық қызмет. Қызмет алушылар киім-кешек, төсек-орындармен толықтай қамтылған. Әр он күн сайын төсек-орындары аустырылып тұрады. Санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталады.

Екінші – әлеуметтік-медициналық қызмет. Орталықтағы қызмет алушылардың денсаулығы осындағы дәрігер мен аға мейірбикенің толық қадағалауында болады. Дәрі-дәрмектер уақытылы беріліп, санитарлық-гигиеналық қызметтер (сүрту, жуу, гигиеналық шомылдыру, емдік уқалау) уақытылы жүргізіледі.

Үшінші – әлеуметтік-психологиялық қызмет. Қызмет алушылардың өзара сыйластық, мейірбандық қарым-қатынасын нығайту мақсатында әртүрлі тақырыптарда «дөңгелек» үстелдер өткізіліп, әнші-сазгерлердің әндерінен караоке-шоу ұйымдастырылып тұрады.

Төртінші – әлеуметтік емдеу – еңбек қызметі. Қызмет алушылардың жеке ерекшеліктері, ынта-қызығушылық қабілеттері ескеріліп, оларға тігін машинасын қолдануды үйрету, қолөнер бұйымдарын жасау, тоқыма өнері, жаңа техникаларды меңгеру тәсілдері үйретіледі .Сондай-ақ шаруашылық жұмыстары, мәселен ауланы таза ұстау, бау-бақшаны күту жұмыстары жүргізіледі.

Бесінші – әлеуметтік- мәдени қызмет. Дәрігердің қорытындысымен орталықтағы қызмет алушылар мереке күндері өткізілетін іс-шараларға қатысып, өз өнерлерін көрсетеді. Орталық қызметкерлерімен бірге қызмет алушыларда мәдени шараларға белсене араласуды дәстүрге айналдырған. Мектеп, колледж, балалар өнер мектебі мен Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының көркемөнерпаздары қызмет алушыларға әннен шашу шашып, қызмет алушыларға қуаныш сыйлап отырады. Талас ауданы әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімі орталықта тұрақты түрде спорттық жарыстар ұйымдастырады. Кітапханадан керекті кітаптарын алып, ақын-жазушылардың еңбектерімен танысады. Сондай-ақ сұраныстары бойынша кинофильмдер көрсетіледі.

Халықаралық қарттар күніне орай орталықтың жеке көлігімен қызмет алушылар Тараз қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Тектұрмас», «Айша бибі», «Қарахан» кесенелеріне саяхат жасап қайтты.

Алтыншы – әлеуметтік-құқықтық қызмет. Орталық басшылары мен мамандары бірлесе отырып, қызмет алушыларға құқықтық қызметтер көрсетіп, кеңестер береді.

Жетінші – әлеуметтік-экономикалық қызмет. Қызмет алушыларға әлеуметтік тиесілі жеңілдіктерді, жәрдемақыларды, өтемақыларды, алименттер мен тиісті төлемдерді алуға жәрдемдесу жұмыстары қызмет алушылардың қажеттіліктеріне қарай жүргізіледі.

Қызмет алушылардың ас-ауқаттарының сапасы мен нормасына, медициналық қызметтердің жоғары деңгейде көрсетілуіне, тұрмыстық бағыттағы жұмыстарға бақылау жүргізіліп, кемшіліктерді болдырмауға жағдай жасалған.

Орталық қызметкерлері жаны жабырқаулы қарт адамдармен жылы сұхбаттасып, көңіл күйлерін сұрау, оларды қуанышқа бөлеп, өмірге деген қызығушылығын, құштарлығын арттырып, күйзеліске түспеуіне баса назар аударып отырады.

№3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының ұжымы мемлекет қамқорлығындағы жандарға қолдан келген жақсылықтарын аямақ емес, жан жылуын соларға арнамақ. Бұл орайда, мейірімділік  пен ізеттілік, қарапайымдылық пен шынайылық, адалдық пен адамгершілік қасиеттері алда тұратынын орталық ұжымы жақсы түсінеді. Қамқорлық Жаратқанның жалға берген нәрсесі емес. Ол адами асыл қасиеттен туатын баға жетпес құндылық.

Орталық ұжымы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың көңіліндегі көлеңкесін ысырып, олардың ешқашанда ескерусіз қалмайтынынын сезінсін деген ниеттерін алға ұстап келеді.

«Қарттарыңды сыйлай біл, күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес» – дейді Бұқар жырау. Жас ұрпақ тарихтың қоймасындай болған қарттарымызды бір кісідей сыйлап, қадірін асырып жүрсе, қанеки! «Қартын қадірлеген ел азбайтынын» жас ұрпақтың санасына құю аға буынның міндеті болмақ. Қазақта «Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады» деген сөз бар. Ендеше өзіміз қарттарымызды қадірлей жүріп, жас ұрпақты осы жолға бағыттайық.

Қамысбай САУҚЫМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар