
Мәселен ел Президенті Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында цифрландыру ісін табысты жүргізу және жасанды интеллектіні жаппай енгізу еліміздің энергетикалық әлеуетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Әлемнің цифрландыру ісіне және жасанды интеллектіге негізделген жаңа технологиялық қалыпқа көшуі энергияны көп қажет ететін үдеріс екенін түсіну керек.
Мұндай жағдайда аймақтағы және дүние жүзіндегі энергия тапшылығы үздіксіз арта береді.
Сондықтан Қазақстан өзін электр қуатымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оны әлемдік энергетика нарығына да экспорттайтын ірі елге айналуы керек. Бұл – уақыт талабы.
Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы стратегиялық міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді.
Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ.
Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар» – деп, отын-энергетика кешенін дамытуға қатысты маңызды міндеттерді белгілеп берді.
Ал Мемлекет басшысы биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін әртараптандыру емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы» – деп,Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Бүгінде Президент тапсырмаларына сәйкес еліміздің электр энергетика саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте электр энергетикасы саласындағы жетекші компания саналатын «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) акционерлік қоғамына артылатын жауапкершілік жүгі ерекше салмақты. Тиісінше Қазақстан Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің операторы ретінде компания да сенім үдесінен шыға біліп, энергия жүйесінің сенімділігін, қолжетімділігі мен озық дамуын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқаруда.
Компанияның энергетикалық инфрақұрылымның әлеуетін күшейтіп, елді сенімді энергиямен қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырып жатқан ауқымды инвестициялық жобалары саланың дамуына тың серпін беруде. Компанияның маңызды жобаларының бірі – «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы.
Стратегиялық маңызға ие жоба оңтүстік облыстарды электрмен жабдықтауды күшейтуге, энергетикалық қауіпсіздікті, Орталық Азияның энергожүйелерінен тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, Солтүстік – Оңтүстік 500-220 кВ транзит учаскесінің өткізу қабілетін қосымша 500 МВт-қа арттыруға септеседі.
Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері 500 кВ «Шу» қосалқы стансасында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасының іске асырылу барысымен танысып қатты.
БАҚ өкілдерін «КЕGОС» акционерлік қоғамы «Алматы жүйеаралық электр тораптары» филиалының директоры Арман Шайханов, аталған филиал директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Ерік Серікбайұлы, Азия Даму Банкінің Қазақстандағы Тұрақты өкілдігінің директоры Кумар Утсав, «Шу» аумақтық электр тораптарының бас инженері Шыңғысхан Жұмабеков қарсы алды.
Арман Жаңабайұлы алдымен «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы аясында атқарылған жұмыстармен, алдағы жоспарлармен таныстырды.
Жобаның жалпы құны 154 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыру «KEGOC» акционерлік қоғамының меншікті қаражаты (72,4 миллиард теңге немесе 46,9 пайыз), халықаралық қаржы ұйымдары – Азия Даму Банкі (58,2 миллиард теңге немесе 37,8 пайыз) немесе Қазақстан Даму Банкі (23,5 миллиард теңге немесе 15,3 пайыз) есебінен жүзеге асырылуда.
«КЕGОС» акционерлік қоғамы «Алматы жүйеаралық электр тораптары» филиалы директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Ерік Серікбайұлы жоба аясында ұзындығы 475 шақырым «Шу – Жамбыл – Шымкент» жаңа электр жеткізу желісі салынып, Шу, Жамбыл және Шымкент қосалқы стансалары кеңейтілетінін айтады.
– Жобаны іске асыру Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстары және Алматы қаласы үшін сенімді энергетикалық инфрақұрылым қалыптастырады. Бұл тұтынушыларды үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, күн және жел станцияларын қоса алғанда, жаңа генерация объектілерін интеграциялауға жағдай туғызады. Қолданыстағы 500 кВ «Шу», «Жамбыл» және «Шымкент» қосалқы станцияларын тиісінше кеңейте отырып, ұзындығы 475 шақырым «Шу – Жамбыл – Шымкент» 500 кВ жаңа электр беру желісін салу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Дәл қазір біз 500 кВ «Шу» қосалқы стансасында кеңейтіліп жатқан аумақта тұрмыз. Бүгінге дейін жоспарлау жұмыстары аяқталды, жаңа желіні қосуға арналған қабылдау порталы орнатылды, 500 кВ кернеулі 4 фазалы реактор құрастырылды. Қазіргі таңда заманауи коммутациялық жабдықтар монтаждалуда. Жоба 2027 жылдың ортасында, яғни белгіленген мерзімінен жарты жыл ерте аяқталады, – дейді Ерік Серікбайұлы.
Айрықша атап өтерлігі, жобаны жүзеге асыру барысында шетелдік емес, отандық өндірушілерді қолдауға ерекше мән берілуде.Барлық жобалық және құрылыс-монтаждау жұмыстары тек қазақстандық компаниялардың күшімен жүзеге асырылуда.
– «KEGOC» акционерлік қоғамы мүмкіндігінше отандық тауар өндірушілер өндірген материалдар мен жабдықтарды пайдаланып келеді. Нақты айтар болсақ, осы жобадағы жергілікті қамту үлесі 67 пайызды құрайды. Сым, металл конструкциялары, темір бетон бұйымдарыжәне 500 кВ күштік жабдықтар – автотрансформатор мен реакторлар толығымен қазақстандық компаниялардан сатып алынды. Басқа жоғары технологиялық коммутациялық және қайталама жабдықтар (ажыратқыштар, айырғыштар, релелік қорғаныс құралдары, апатқа қарсы құралдар, талшықты оптикалық байланыс желісінің құралдары) Siemens, GE Сrid, Prysmian, Group, ООО «ИНКАБ» сияқты және басқа да әлемдік жетекші өндірушілерден сатып алынады, – дейді Ерік Серікбайұлы.
Ал жобаға қаржылай қолдау көрсеткен Азия Даму Банкінің Қазақстандағы Тұрақты өкілдігінің директоры Кумар Утсав жобаның нәтижелі әрі жемісті болатынына сенім білдірді.
– Біз осы жоба аясында «КЕGOG» акционерлік қоғамының серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Жоба қарқын артып келе жатқан қайта жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесін интеграциялауды, Қазақстанның қайта жаңғыртылатын қуат көздерінің үлесін арттыру, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын көздейді. Бұдан бөлек, Азия Даму Банкі мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің 2024-2027 жылдарға арналған стратегиясына сай келеді. Бұл жоба Қазақстан Республикасының оңтүстік аймағына энергия тарату желілерін көбейтуге және жаңғыртуға бағытталған. Қазақстанның оңтүстігінде халық тығыз қоныстанғандықтан энергияға сұраныс жоғары. Сондықтан желілердің сенімділігін арттырып, жаңғыртылатын энергия көздерін көптеп пайдалану басты басымдық саналады, – дейді К.Утсав.
Қорыта айтқанда көзбен көргенімізбей жоба аясындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жұмыс барысына кедергі келтіріп тұрған ешқандай мәселе жоқ. Яғни «КЕGOG» жүзеге асырып жатқан жарқын жобаның жемісін көретін күн жақын.
Сымбат ҚУАНЫШ