Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сенім үдесінен шығу – басты талап

Сенім үдесінен шығу – басты талап
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда. Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек. Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық», – деді.

Жалпы Президенттің әрбір тапсырмасын орындап, нәтиже шығару – ең маңызды міндеттің бірі. Сонда ғана халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған тірліктер өз жемісін береді. Ал ол үшін облыс, аудан, ауыл секілді әр деңгейдегі әкімдердің жұртты ортақ іске ұйыстыру, жұмысты өз деңгейінде жүргізе алу қабілеті мықты болуы керек. Олар Президенттің сенімді өкілі болғандықтан, ел тағдыры осы әкімдердің қолына сеніп тапсырылған. Демек, қандайда бір ауданның не ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, халқы жайлы тұрмысқа қол жеткізсе, ол сол жердегі әкімнің еңбегінің жемісі.

Осы ретте біз Қордай ауданының әкімі Бекзат Болатбекке хабарласып, ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесіне ден қойған едік.

Бекзат Сейсенқұлұлының айтуынша, жылдың 7 айында Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінде оң динамика қалыптасқан.

Ауданның қаңтар-шілде айларындағы жетістіктері жаман емес. Өнеркәсіп өндірісі 28,4 миллиард теңгеге жетіп, былтырғыдан едәуір өсім көрсетті. Құрылыс саласы ерекше қарқын алып, 34,8 миллиард теңгенің жұмысы атқарылып, тұрғындарға 33 мың шаршы метр жаңа үй пайдалануға берілді. Ауылшаруашылығы саласы да тұрақты дамуда, аталған мерзім ішінде 21,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Сауда-саттықта да алға жылжу бар. Мысалы, бөлшек тауар айналымы 26 миллиард теңгеге жетіп, халықтың белсенділігі артқанын байқатты. Ал инвестиция көлемі 22,9 миллиард теңгеге жетсе де, межеленген жоспардан сәл төмен болды. Дегенмен бюджет кірістері толық орындалып, 10,9 миллиард теңге түсті. 2025 жылы Қордай ауылында 144 пәтердің кілті тапсырылды. Үлкен-Сұлутөр ауылында дәрігерлік амбулатория, Қайнар ауылында 3800 гектар суармалы алқапты сумен жабдықтауды ұлғайту үшін қысымды су құбыры қолданысқа берілді. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қаракемер ауылында 300 орындық мектеп құрылысы аяқталды. Аудандағы 41 елді мекенінің 37-сі газбен қамтылған, бұл 90,2 пайызды құрап отыр. 2025 жылдың сәуір айында Керу ауылына тартылған газ құбырының құрылысы аяқталып, тұрғын үйлерге қосылды. Қалған елді мекендерге де жоба әзірленген, қолдауын тапқан жағдайда жұмыстар жүргізетін боламыз. Гвардейск қалашығының инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 6 жоба қолға алынды. Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекендерін 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту тапсырмасы бойынша аудан әкімдігі тарапынан 8,6 миллиард теңгеге 10 ауызсу желісінің құрылысы аяқталды. Атап айтқанда бұл іс Ноғайбай, Отар, Қордай, Қайнар, Степное, Қарасу, Еңбек, Сарыбұлақ, Соғанды, Бәйтерек, Шарбақты секілді елді мекендерде атқарылды. Бүгінгі күнге Күнбатыс-2, Алға, Гвардейск елді мекендеріндегі су құбырының құрылыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қарасай батыр, Қызылсай, Керу, Көктөбе, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Кенен, Бел, Жаңатұрмыс, Кунбатыс-1 секілді 10 елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді. Жер мәселесіне келетін болсақ, игерілмеген жерлерді қайтару бойынша 2025 жылға жоспарланған 11 000 гектардың 4313,12 гектары мемлекеттік жер қорына қайтарылды. 2025 жылға пайдаланбай жатқан 12 552 гектар жерге шара қолдану үшін жер инспекциясына тиісті хат жолданды, – дейді аудан әкімі.

Биыл ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендердің даму әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірнеше жоба қолға алыныпты. Атап айтқанда, Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені бой көтеруде. Сонымен бірге Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы емхана салыныпты.

2025 жылдың 1 тамызында жұмыссыздар есебінде 1879 адам тіркелсе, жыл басынан бері 4022 азамат қайырылып, әлеуметтік қорғау шараларымен 2483 адам қамтылған екен. Есепті кезеңге ваканттық бос жұмыс орындарына 1056 азамат жолданыпты. Қысқа мерзімді кәсіби оқумен және жұмыс орындарына оқумен қамтамасыз ету тұрғысында да жүйелі жұмыс атқарылған. Аудан бойынша осы жылы 100 азаматты қысқа мерзімді оқу курстарымен және 45 азаматты жұмыс орындарында оқумен қамту жоспарланып, меже шетінен орындалуда. Сонымен қатар 285 қордайлықты онлайн оқу курстарына жолдау жоспарланып, есепті кезеңге 82 адам оқумен қамтылған.

Биыл «Бастау бизнес» жобасы бойынша 385 тұрғынды оқытуға ұйғарым жасалып, бүгінгі күнге 267 адам жолданыпты. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру ісі де тиісті талаптарға сай жүргізілуде. 2025 жылы аудан бойынша 150 азаматты қайтарымсыз мемлекеттік грантпен қамту жоспарланса, есепті кезеңде 45 азамат грант алып, өз кәсіптерін бастаған.

– Біздің басты мақсатымыз – халыққа жұмыс тауып беру, жастарды бос сенделтпей, тірлікке тарту. Қоғамда масылдыққа жол берілмей, әркім өз еңбегімен күн көретіндей жағдай жасалуы керек. Кәсіп ашамын деген азаматтарға да мемлекет жеңілдетілген несие мен қолдау шараларын ұсынып отыр. Жұмыссыздардың ішінде субсидияланған жұмыс орындарымен қамтылып отырғандар да бар. Мысалы, ақылы қоғамдық жұмыстармен 630 адамды қамту көзделсе, есепті кезеңде 620 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы да лайықты деңгейде жүзеге асырылуда. 2019 жылы Қордай ауданының Жамбыл ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде басталған жоба, кейіннен Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас ауылдық округтарында іске асырылды. Қазіргі таңда аудан бойынша 3,1 миллиард теңгеге 6016 мүйізді ірі қара, 10879 уақ мал және 405 жылқы сатып алынды. 4 өндірістік кооператив 25 техника және қажетті құрал-жабдықтар алып, 690 тұрғын жеке кәсібін бастады. 2025 жылға «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша 1,2 миллиард теңге көлемінде 56 жаңа жоба жинақталып, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасына ұсынылды. Бүгінгі күнге аталған жұмыстар жалғасын тауып, жобаға ниет білдіруші тұрғындардан құжаттар қабылданып, шетінен қаржыландырылуда. Аудан халқының әл-ауқатын арттыру, аудан экономикасын дамыту мақсатында алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасын табады. Әрине, бұл тұста халықпен етене жұмыс атқаратын сала мамандарының іскерлігі аса маңызды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында көтерілген мәселерді орындауда біз жұмыла еңбек етіп, бірліктің үлгісін көрсетуді жадымыздан шығармаймыз – дейді Бекзат Бекболат.

Әрбір атқарылған сапалы жұмыс елдің ілгерілеуіне қосылатын қомақты үлес. Президенттің тапсырмасы да осыны көздейді. Демек, әр істің түпкі нәтижесі халықтың әл-ауқатын көтеріп, Қазақстанды өркендетуге бағытталуы тиіс. Бұл тұрғыда Қордай ауданы үдеден шығып келеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар