Ескі оқулықтар тарихқа кете ме? Қазақстанда мектеп бағдарламасы жаңаруда
- author AR-AY
- Бүгін, 15:16
- 19

29 қыркүйектен бастап еліміздің 34 пилоттық мектебінде 2026-2027 оқу жылына арналған жаңа оқулықтарды апробациялау (сынақтан өткізу) жұмыстары қолға алынды.
Бұл ауқымды жұмысты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруда. Апробацияның басты мақсаты — жаңа оқу бағдарламасы негізінде әзірленген оқулықтардың күшті және әлсіз тұстарын анықтап, мектептер үшін ең оңтайлы және тиімді оқу материалын іріктеу.
Апробация 4-сыныпқа арналған – «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика» (қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептер үшін), «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу» және 7–10 сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», «Шетел тілдері» (ағылшын, неміс, француз тілдері) оқулықтарын қамтиды.
Білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Назира Абдрахманованың атап өтуінше, бұл процесс оқулықтарды кең көлемде енгізбес бұрын олардың ең сапалы нұсқасын таңдауға мүмкіндік береді.
Маңыздысы, апробацияға тек педагогтер ғана емес, оқушылардың өздері де қатысады. Осылайша, оқулықтың функционалдығы мен тиімділігі туралы жан-жақты және нақты түсінік қалыптасады.
Орталық оқулықтарды енгізер алдында бес сатылы сараптама жұмысын жүргізеді. Бұл – ғылыми-педагогикалық сараптамадан бастап, пилоттық мектептердегі сынақ және қоғамдық талқылаумен аяқталатын кешенді жұмыс.
Сарапшы болуға ниетті педагогтер bmso.kz ресми сайтында сауалнамадан өту арқылы осы маңызды іске өз үлестерін қоса алады.