Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қант зауытының қазығы қағылды

Қант зауытының қазығы қағылды
А.Қартабай
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек», – деген болатын.

Бұл тұрғыда облыста бірқатар іргелі істер қолға алынған. Яғни бүгінде өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, жақында Шу ауданында жылына 1 миллион тонна жүгеріні терең өңдейтін зауыт салына бастаса, кеше Байзақ ауданында жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдейтін заманауи қант зауытының қазығы қағылды. Осы күні Тараз қаласының индустриялық аймағы алаңында ауылшаруашылық техникасын шығаруға маманданған жаңа кәсіпорынның құрылысы басталды. Салтанатты рәсімге өңірімізге жұмыс сапарымен келген Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Министр алдымен қант зауыты салынатын аумақтағы «Талап» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабына барды. Шаруашылық иесі Маут Фазуловтың айтуынша, мұндағы қызылша 35 алқабы гектарды құрайды. Қант зауытына аталған және тағы да бірқатар шаруашылық жер берген көрінеді.

Іс-шара барысында министр еліміз бойынша тәуелсіздік алған жылдардан бері алғаш рет салынып жатқан қант зауыты екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес ауылшаруашылығы өнімін өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізуіміз қажет. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 50 пайыз деңгейінде. Сондықтан бұл бағытта атқарылар жұмыс ауқымды. Осы межеге біз жергілікті жердегі шаруа қожалықтар мен ауылшаруашылық саласы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын іскер азаматтарды қолдау арқылы қол жеткізе аламыз. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан лайықты көмек көрсетіліп келеді. Соның арқасында былтыр Жамбыл облысының қызылша өсірумен айналысатын шаруашылықтары үлкен жетістікке жетіп, қызылшадан рекордтық өнім алды. Жергілікті фермерлер өз әлеуеттерін, қызылша өсіру қолдарынан келетінін көрсетті. Бірақ оны өңдеуге келгенде біз біршама қиындыққа тап болдық. Көрші мемлекеттің көмегіне жүгініп, олардан бізге қосымша өнім өңдеуге көмектесуді сұрадық. Енді міне, осы олқылықтың орнын толтыратын күн де туды. Бұл жобаның қолға алынуын үлкен жетістік деп білемін. Өйткені тәуелсіздік алғаннан бері елімізде бірде-бір қант зауыты салынбаған. Бұл еліміздегі ең бірінші зауыт. Осы сәтті біз отыз жылдан астам уақыт күтіп, қазір жаңа зауыттың қазығы қағылғалы тұр. Сол себепті облыс әкіміне, оның командасына, шаруашылық иелері мен инвесторларға үлкен алғыс айтқым келеді. Президент былтыр қант қызылшасын өңдейтін зауыт салу туралы тапсырма берсе, әулиеаталықтар осы үдеден шықты. Мұнда құрылатын жұмыс орны мен толайым табыс Қазақстанның экономикасына үлкен үлесін қоса берсін деген тілектемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Жобаның инвесторы – қытайлық «Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co.», ал технологиялық серіктесі «Oushangyuan Process & Equipment Intelligent Co» компаниясы. Инвестиция көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды. Байзақ ауданының Ақшолақ ауылы маңынан салынатын заманауи қант зауыты жобасының құны 76,8 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың құрылыс жұмыстары барысында 1 200 адам еңбекке тартылатын болады.

Облыс әкімі өз сөзінде өткен жылы жалпы құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылғанын, ал биыл 161 миллиард теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 1100 жаңа жұмыс орнын құру көзделгенін тілге тиек етті.

– Жалпы ауылшаруашылығы саласы – өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауылшаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру және заманауи қайта өңдеу қуаттарын құру мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының қатарында. Президентіміз еліміздің болашағы мен әлемдік аренадағы орны ең алдымен инвестицияға байланысты екенін үнемі айтумен келеді. Жыл басынан бері облыста 13,3 миллиард теңгеге 8 жоба іске қосылып, 184 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025-2028 жылдары жалпы құны 3,5 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сол жобалардың бірі – осы қант қызылшасын өңдеу және қант өндіру зауытының құрылысы. Жалпы құны 200 миллион АҚШ долларын құрайтын кәсіпорын аумағында 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт жылына 1 миллион тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеп, 120 мың тоннаға дейін қант өндіруге қауқарлы. Бұл жоба ауылшаруашылығының іргетасын нығайтуға, сонымен қатар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының сенім мен достыққа негізделген серіктестігінің нақты нәтижесі. Жоба облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін айқындап, тұрақты даму мен жаңа технологияларды енгізу бағытындағы басты қадамымызды көрсетіп отыр. Биыл облыс көлемінде 640 мың гектар ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылып, жиналуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артық. Сонымен бірге 2025 жылы қант қызылшасы алқабы 6,6 мың гектарды құрап, 250 мың тонна өнім алу күтілуде. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 4 есеге дейін ұлғайту жоспарлануда. «Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co.» компаниясының бастамасы ауылшаруашылығына тың серпін беріп, шаруалардың тұрақты табысын қамтамасыз етеді. Тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқатының артуына оң әсерін тигізбек. Жобаны жүзеге асыру үшін Жамбыл облысын таңдап, сенім білдірген осы компанияның басшылығына алғысымды білдіремін. Ортақ ісіміз табысты, сәттілік серігіміз болсын, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жылына 120 мың тонна ақ қант, 72 мың тонна мал азығын (сығынды) және 54 мың тонна меласса өндіретін зауыт іске қосылған соң 350 адам жұмыспен қамтылса, оның 200-ден астамы тұрақты, қалғаны маусымдық жұмыспен қамтылмақ.

«Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының бас директоры Сяо Анбаоның айтуынша, Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдайлар мен кең мүмкіндіктер бар. Жаңа зауыттың құрылысы агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, қант қызылшасы өндірісін сапалы жаңа деңгейге көтереді.

Келесі кезекте Айдарбек Сапаров пен Ербол Қарашөкеев ауылшаруашылығы техникасын шығаруға маманданған жаңа кәсіпорынның құрылысын бастау рәсіміне қатысты.

Жобаның инвесторы – «Kaz FM World agriculture machinery» ЖШС (Nuode Network Technology Co., Ltd, Қытай). Өндіріс алаңы 5 гектарды алып жатыр. Мұнда тракторлардың сан түрін, сонымен қатар тіркеме жабдықтарын шығару көзделіп отыр. Құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлемі 10 миллиард теңгені құрайды. Зауыт іске қосылғаннан кейін жыл сайын 2 000 бірлікке дейін техника шығарылып, 55 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тумақ.

– Отандық машина жасауды дамыту – аграрлық сектор үшін шешуші мәнге ие. Өзімізде өндірілетін техника шаруаларымызға заманауи құрал-жабдықтарды қолжетімді етіп қана қоймай, ауылшаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, өндірістік әлеуетін кеңейтуге жол ашады, – деді өз сөзінде Ербол Шырақпайұлы.

Жалпы министр өңірімізге жасаған жұмыс сапары аясында облыс шаруаларымен де кездескен болатын. Орайы келгенде онда қандай мәселелер көтерілгенін сұраған едік.

– Жиын барысында ең алдымен несие мәселесі көтерілді. Шаруалардың арасында, әсіресе қайта өңдеу ісімен айналысатындар осы бағытта мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды, тиісті бағдарламаларды толық білмейтінін аңғарты. Осыған байланысты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек жауап беріп, алдағы уақытта әр ауданда, ауылда жергілікті жердегі әкімдер халықпен тығыз жұмыс істеп, қолжетімді бағдарламаларды кеңінен насихаттайтынын жеткізді. Сонымен қатар шаруашылық басшылары субсидия қарызы жайлы сұрақ қойды. Бұл мәселе қаржыға байланысты екенін айтып, берешектер кезең-кезеңімен жабылатынын ұқтырдық. Жалпы егін жинау науқаны жақсы деңгейде өтіп жатыр, өнім де мол. Дегенмен кейбір шаруалар несие мерзімін ұзартуды сұрап отыр, оны алдағы уақыт көрсетеді. Облыс әкімінің орынбасары арнайы жұмыс тобын құрып, қажет болған жағдайда қаржы институттарының өкілдерін де тартуға уәде берді. Жыл сайынғы көрсеткіштердің жақсарғанын атап өтті. Өткен жылы қант қызылшасынан рекордтық өнім жиналды. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау, тұқым мен тыңайтқышқа, гербицидке бөлінген қаражат арқау болды. Бұрын керегін қарызға әрі қымбатқа алып келген шаруашылықтар үшін қазір мәселе дұрыс жолға қойылған. Бүгінде республика бойынша астық ору науқаны 67 пайызға жетті. Шамамен 16 миллион тоннаға жуық астық қамбаға құйылды. Жалпы жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. – деді министр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар