
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архивінде жаңа құнды мұра сақталуда. Мұнда сыбызғышы Ысқақ Уәлиевтің орындауындағы халық күйі «Естек» пен Мұхит Мералыұлының әйгілі «Зәуреш» әнінің сирек нұсқалары табылды.
Бұл жазбалар «Архив–2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы Мәскеудегі Мемлекеттік фоноқұжаттар архивінен анықталған. Зерттеушілердің айтуынша, олар 1930–1940 жылдары Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде таспаға түсірілген болуы мүмкін.
Тарихи жазбалар ұлттық өнердің сол кезеңде бүкіл Одақ көлемінде жоғары бағаланғанын көрсетеді. Мәселен, «Известия» газетінде жарық көрген Н. Изгоевтің мақаласында: «Казахи привезли такое искусство, которое близко и понятно не только казахскому народу – оно понятно всем… В протяжных казахских песнях мы слышали голос ковыльных степей», – деп жазылған.
2024 жылы бұл мұралар ресми түрде ҚР Ұлттық архивінің қорына енгізілді.