
Оқушыларға кәсіптік бағдар беру – олардың болашағы үшін аса маңызды. Осы мақсатта ұйымдастырылған байқаудың негізгі мақсаты жасөспірімдер арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау, әртүрлі қызмет түрлері жайлы түсініктерін кеңейтіп, саналы түрде болашақ жолын таңдауға жетелеу. Байқау барысында қатысушыларға өздерінің алғашқы кәсіби дағдыларын көрсетіп, тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік берілді. Оқушылар бүгінгі еңбек нарығында ерекше сұранысқа ие 7 құзыреттілік («Аспаз ісі», «Шаштараз ісі», «Жеңіл автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету», «Мейрамхана қызметі», «Мобилография», «Наубайхана шеберлігі», «Сән технологиясы») бойынша бақ сынасты.
Байқауға жалпы білім беретін мектептердің 9-10-сыныптарынан барлығы 46 оқушы қатысты. Сондай-ақ сайысқа 21 сарапшы-маман төрелік жасады.
– Мен түрлі деңгейдегі кәсіби байқаулардың облыстық, республикалық кезеңдерінде жиі қазылық етіп келемін. Әр сайыс сайын жас ұрпақтың талпынысын, еңбекке деген құштарлығын көріп, жігерлене түсемін. Соның ішінде биылғы «JasSkills Kazakhstan – 2025» республикалық кәсіби шеберлік байқауы – жастарға жол ашатын нағыз үлкен мектеп десем артық емес. Бұл дода жай ғана сайыс емес, жас мамандардың мүмкіндігін танытып, кәсіби шыңдалуына жол көрсететін алаң. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды оқушылар өз жүрек қалауымен таңдаған мамандықтары бойынша бақ сынап, өз шеберлігін барынша көрсетуге ұмтылады. Менің қазылық тәжірибемнен байқағаным бұл жарысқа қатысушылардың әрқайсысы өз саласын терең зерттеп, табандылықпен дайындалады. Бірі аспаздықтың нәзік қырларын меңгерсе, енді бірі шаштараз өнерінде жаңа үлгілерді батыл енгізеді, тағы бірі техниканы жетік игеріп, көлік жөндеу ісінің шеберіне айналып келеді. «JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы жасөспірімдердің кәсіби бағыт-бағдарын айқындап, табандылық, шыдамдылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Мұнда жеңістен гөрі тәжірибе жинау, өз қабілетін шыңдау маңызды, – дейді қазылар алқасының мүшесі Досымжан Таубалдиев.
Байқаудың қорытынды кезеңінде әр құзыреттілік бойынша өз шеберлігін паш етіп, үздік өнерімен көзге түскен жеңімпаздар анықталды. І орынға ие болған оқушыларға республикалық додаға жолдама табысталды. Қазылар алқасының шешімімен облыстың намысын республикалық деңгейде қорғау құқығына Асланбек Рымқұл, Асланбек Рымқұл, Нұрила Мамарайым, Аружан Өтембай, Алинұр Оразалы, Алима Бердалы, Альбина Болат және Ксения Сечкина ие болды.
Облыс атынан сынға түсетін жас шеберлерге сәттілік тілейміз!
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ