Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мәдениет пен патриотизмнің жарқын моделі

Мәдениет пен патриотизмнің жарқын моделі
Автор
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында ең алдымен қазір дүниежүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын атап өтті. Мемлекет басшысының бұл тұжырымы рас, әрі орынды.

Әлем қазір күнде құбылып жатыр. Әр жерде қалыптасып жатқан геосаяси ахуал бір бүйірден қыспаққа алса, ақпараттық шабуыл, идеологиялық экспансия да келесі бүйірден түртпектеп әлек. Мұндай кезде, әрине, қамсыз отыруға мүлдем болмас. Жасанды интеллектті қауіп деп қарап отыра бермей, оны ырқыңа көндіріп, игілігіңе жұмсаудың тетігін тапқан абзал. Президент Жолдауының басты өзегі етіп осы мәселені алғаны қуантты. Иә, жаңа дәуір дегеніміз осы – ЖИ-дің заманы.

Мемлекет басшысы: «Бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтыны анық. Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Халықаралық қатынастағы шиеленістер мен озбырлықтың салдарынан қақтығыстар мен соғыстар белең алды. Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді», – деді.

Әрине, мұндай сыртқы саясаттағы күрделі мәселелермен бетпе-бет келген кез келген мемлекет басшысы үшін оңайға соқпасы анық. Құдайға шүкір, біздің ішкі сыртқы саяси қарым-қатынасымызда еш мәселе жоқ. Дегенмен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы зұлым күштерге үнемі сақ жүріп, өзге елдермен дипломатиялық әріптестікті барынша нығайтып келеді.

Ал осындайда «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген халық даналығы ойға оралады. Яғни біз, халық ішкі ахуалды ушықтырмағанымыз абзал. Ол үшін не істеуіміз керек? Әрине, Президент бастама етіп көтерген «Заң және тәртіпті» – мемлекеттің негізі болар қағиданы орындауды әркім өзінен бастауы керек.

Президент ең алдымен елдегі тұрақтылық пен бірліктің басты шарты – заңды сақтау екенін айтты. Яғни кез келген құқықбұзушылыққа (ұрлық, зорлық зомбылық, қоғамдық орындардағы жанжалдар) жол бермеу керек. Мемлекеттік органдар осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуі тиіс.

Қоғамдағы мәдениет мәселесі де маңызды. Мемлекет басшысы қазір адамдардың бір-бірімен дөрекі сөйлесуі, ұрыс-керіс, әсіресе қоғамдық орындардағы айқай-шу көбейіп кеткенін сынға алды. Оның ішінде әйелдердің де қоғамдық тәртіпті бұзуы мәдениетті елге жараспайтынын айтты. Бұл еліміздің сырттағы беделіне де нұқсан келтірері сөзсіз.

Патриотизмнің жаңа сипаты керек. Бұрын патриотизмді тіл, дәстүр, руханиятпен байланыстырсақ, қазір жастар оны өзгеше түсінеді. Жастар үшін Отанды сүю – ғылым-білімге ұмтылу, жаңа технологияларды меңгеру, пайдалы жаңалық ашу, елді дамыту. Қ.Тоқаев мұны дұрыс қабылдап, жастардың бұл бағыттағы күш-жігерін қолдайтынын айтты.

Әрине, бұл ретте жастарға сенім артып, қолдау білдіруіміз керек. Ғылым-білімге ұмтылған, жасампаз жастарға мемлекет барынша жағдай жасай бастады. Қазіргі өзгермелі заманда жастар тез бейімделеді, соның ішінде жасанды интеллект сияқты жаңа бағыттарда олардың алар асуы көп. Президент осы тұста жастардың дарынына, білімге құштарлығына сенім білдірді.

Абайдың даналығы жайлы да айтпай кетуге болмас. Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың «адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы ұстаздан» қалыптасатынын еске салып, өркениетті ел болу үшін заң әділ, билік білікті, азаматтары саналы әрі белсенді болу керектігін атап өтті.

Сонымен қатар әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс екеніне де тоқталды. Бұл ретте көшеде өз өзіңді ұстау, көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажеттігі ойға оралады.

Рас, бұған дейін көлік жүргізушілерінің мәдениетімен алысып келсек, енді оларға электросамокаттар қосылды. Президент бұл тақырыптан да айналып өтпеді. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілсе де қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қоймағаны қынжылтады. Төнген қауіптің сейілгені шамалы.

Жасанды интеллект дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы да Жолдаудың тақырыбына арқау болды. Экономика, саясат мәселелерімен қатар, мәдениет пен өнердің де дамуына ел болып көңіл бөлген абзал. Президент осы салаға бұрынғыдай айрықша мән беріп, тиісті инфрақұрылым жүргізіп және қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына да келтірілетінін атап өтті. Бұл бізді, мәдениет саласының өкілдерін қуантарлық ақ үрдіс.

Мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдау көрсетілмекші. Біз де жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуге қашанда бейілміз.

Ахметжан ӨЗБЕКОВ,
облыстық айтыскер ақындар,
жыршы-термешілер орталығының директоры

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар