
Апталық «Отбасы – тұлға қалыптастырушы бесік» тақырыбындағы іс-шарамен басталды. Алғашқы күні орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №5 кітапханасымен бірлесіп өткізілген «Отбасы – тұлға қалыптастырушы бесік» атты әңгіме-кеңес ұрпақ тәрбиесі мен ата-ананың рөлін насихаттауға арналды. Жиын барысында орталықтың бөлім басшысы Қымбат Қаржауқызы отбасындағы сыйластық пен бірлік туралы сөз қозғап, ата-ананың бала өміріндегі жауапкершілігіне тоқталды. Кітапханашы Мая Әзімқұлова отбасылық құндылықтарды арқау еткен әдебиеттермен таныстырып, жастарды кітап оқуға баулыды.
Апталықтың екінші күні ұйымдастырылған кезекті іс-шара «Отбасының тірегі – өзара сенім» деп аталды. Прокуратура ардагері, алғашқы қазақ әйел прокурорларының бірі Күлзипа Абдрахманова, «Жаншуақ Medical Group» директоры Дүйсенкүл Керімбаева, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы Тәтті Орынтай сынды білікті мамандар қатысқан басқосуда отбасы, ошақ-қасы тақырыбында әңгіме өрбіді.
Тағы бір ең әсерлі кездесу тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбына арналды. «Зорлықсыз өмір – жарқын болашақ» атты бұл жиынға облыстық полиция департаменті мен Тараз қаласы полиция басқармасының мамандары қатысты. Полиция майорлары Миясар Юсупова мен Анар Мұсаева қатысушыларға зорлықтың түрлері, онымен күресу жолдары туралы нақты мәліметтер беріп, үнсіз қалмауға шақырды.
Апталық аясында ұйымдастырылған қыз балаларға арналған танымдық кездесудің де берері мол болды. «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің студенттерімен өткен «Баланы жастан...» атты кездесуде логопед-психолог Ақтоты Смағұлова тренинг өткізіп, өзін-өзі тану, ішкі сенімділік, болашақ аналық жауапкершілік туралы ой қозғады.
Отбасы апталығы шеңберінде облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы «Бала тәрбиесінің басты кілті» атты челлендж ұйымдастырып, бұл бастамаға тараздық ата-аналар белсене атсалысты.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, Солтүстік Қазақстан облысынан келген делегация Жамбыл жұртшылығына солтүстік өңірлерге қалай қоныс аударуға болатыны, жұмыс, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Жыл басынан бері 54 отбасы (212 адам) солтүстікке қоныс аударып, жаңа өмірге қадам басқан.
Апталық барысында «Анаға тағзым» орталығының сүйемелдеуіндегі отбасыларға қолдау көрсету мақсатында «Бір отбасы – бір игі іс» атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылып, 8 отбасыға қажетті киім-кешек табысталды.
«Отбасы апталығының» қорытындысы ретінде қоғамдық жауапкершілік пен табиғатты қорғауға шақыратын ерекше іс-шара өтті. «Таза орта – таза болашақ» атты экологиялық акция барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері, «Анаға тағзым» орталығының ұжымы Абай ескерткіші маңында сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны тазартты.
Қымбат ҚАРЖАУҚЫЗЫ,
облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау
орталығының бөлім басшысы