
Іс-шараға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері мен партия қызметкерлері қатысты. Акция барысында 50-ден астам қатысушы «Тектұрмас» кесенесінің маңын қоқыстан тазартып, айналаны абаттандыруға атсалысты. Бұл іс-шара тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақыру мақсатында ұйымдастырылды.
– Тазалық – ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында экологиялық тәрбие мен мәдениетті арттырудың маңызын атап өтті. Бұл бағыттағы міндеттерді жүзеге асыруда «Таза бейсенбі» экологиялық акциясының орны ерекше. Біз бұл игі бастаманы тоқтатпай, алдағы уақытта да Жолдауда қойылған экологиялық мақсаттарды іске асыру жолында белсенді жұмыс жүргізетін боламыз, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.
Айта кетейік, бұл бастама Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жүзеге асырылуда. «AMANAT» партиясы өткен жылдан бері «Таза бейсенбі» эко-акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Биыл өңірде акцияға 1 600-ден астам сала маманы мен партия мүшелері қатысып, 29 тоннадан астам қалдық жиналды.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы алдағы уақытта да осындай экологиялық шараларды ұйымдастырып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қоса бермек.
Сымбат ҚУАНЫШ