
2021-2025 жылдар аралығында министрлік 31 мемлекеттік органның 1 549 бизнес‑процесін реинжиниргтен өткізіп, үдерістерді оңтайландырды, сондай-ақ автоматтандыру деңгейін арттырып, қағаз құжат айналымын қысқартты.
Вице-министр сондай-ақ 2024 жылғы желтоқсаннан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында тұрмыстық газға ваучерлер беру бойынша пилоттық жоба іске қосылғанын, ал биылғы шілде айынан бастап бұл жүйе еліміздің газ тартылған 14 өңірінің барлығына кеңейтілгенін хабарлады.
ХҚКО (Халыққа қызмет көрсету орталығы) жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылуда. Министрлік халық өтініштерінің шамамен 79 пайызын құрайтын ең көп сұранысқа ие 10 мемлекеттік қызметті онлайн форматқа көшіріп жатыр. Олардың қатарында – жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін ауыстыру, көлік пен жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметтері де бар. Бұл ХҚКО-на жүктемені екі есе азайтуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Дмитрий Мун Smart Data Ukimet жобасының жетістіктері туралы атап өтті. Қазіргі таңда 45 мемлекеттік қызмет проактивті форматқа ауыстырылып, азаматтарға 4,3 миллионнан астам проактивті қызмет көрсетілген.
Вице‑министр келесі кезекте жаңа цифрлық шешімдер жайлы баяндады.
«eGov Mobile қосымшасында құқықбұзушылықтар туралы полицияға жедел хабар беру функциясы іске қосылып, оны 11,5 мыңнан астам азамат пайдаланды. Министрлікпен мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беру үшін еGov қосымшасында eGov.AI көмекшісі іске қосылды. Екі ай ішінде 83 мыңнан аса өтінім өңделді. Қазіргі уақытта министрлік мемлекеттік органдармен және байланыс операторларымен бірлесіп eGov, eGov Business, eOtinish және AITU қосымшалары үшін нөлдік тарификацияны енгізу бойынша жұмыс жүргізуде», – деп атап өтті Дмитрий Мун.
Министрлік мемлекеттік қызметтерді барынша қарапайым, қолжетімді және проактивті ету жолында бірқатар жұмыстарды жалғастыруда.
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі