Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Конституция – ел дамуының даңғыл жолын айқындады

Конституция – ел дамуының даңғыл жолын айқындады
Автор
Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына - 30 жыл. Бұл – еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған, саяси, әлеуметтік және құқықтық жүйенің тірегі саналатын аса маңызды тарихи құжат.

Конституция күні халқымыздың бірлігі мен ел іргесінің беріктігін айшықтайтын мерекелердің бірі. Жалпы, Конституция күні – жай ғана мемлекеттік мереке емес, ол қоғамымыздың негізін қалаған іргелі қағидаттарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің айрықша символы.

Айта кетейік, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата заңымызға кейінгі жылдары уақыт талабына сай өзгерістер енгізіліп отырды. Соның бірі де бірегейі – 2022 жылы 5 маусымда республикалық референдум арқылы жүзеге асқан конституциялық реформа. Бұл өзгерістерді тәуелсіз еліміздің тарихындағы маңызды да тағылымды белес деп айтуға толықтай негіз бар. Конституциялық жаңартулар адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, азаматтық қоғамның демократиялық құндылықтарын айқын нығайтып, «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың берік құқықтық іргетасын қалады. Реформа аясында Ата Заңның 33 бабына 56 түзету енгізілді. Бұл – барлық баптың үштен бір бөлігі. Қазіргі таңда оның жалпы саны – 99 бапты құрайды.

Қорыта айтқанда, бүгінгі Конституция – қазақ даласында ежелден қалыптасқан құқықтық сана мен мемлекеттік басқару дәстүрінің, тайпа ішінде тәртіп орнатып, әлеуметтік қатынастарды реттеген Ғұн және Сақ дәуіріндегі жазылмаған дала заңдарының; Түрік қағанатының «Төре» заңдарының; Орталық Азиядағы құқықтық жүйенің үлгісіне айналған Шыңғыс ханның «Ұлы Яса» заңының; Қазақ хандығы кезіндегі ел басқару, жер дауы, жесір дауы, құн төлеу, руаралық қатынас, әскери міндеттер нақты белгіленген құқықтық нормалар – Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысының» заңды жалғасы. Бұл – тек құқықтық құжат қана емес, тарихи тәжірибе мен мемлекеттілік рухының сабақтастығы. Еліміздің құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуындағы аса маңызды тарихи белес.

30 жыл – тек мерейтой емес, осынау үш онжылдық біздің мемлекет ретіндегі өсуіміздің, қиындықтарды жеңуіміздің, алдағы мақсаттарға жетуіміздің куәгері. Осынау мерейлі белесте әрбір азамат Ата Заң¬ның әр сөзі ел мүддесіне жұмыс істеу үшін өне бойындағы күш-жігерін аямауы тиіс. Алдағы уақытта да ондағы әр норманың толық жүзеге асуы үшін осы құндылықты қорғап, дамыту жолында еңбек етуіміз қажет. Өйткені, Ата Заңды ардақтау – болашаққа деген берік сенімнің бастауы. Конституцияны білу, оны қорғау – әрбір азаматтың борышы.

 

Жасұлан Шыршықбаев,

Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері

жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар