Қазақ балы Еуропаға жол тартты: алғашқы 20 тонна Венгрияға жөнелтіледі
- author AR-AY
- Бүгін, 11:04
- 6

Венгрияның ірі компаниялары – Aranynektár Kft және Fulmer Hungarian Honey Ltd – қазақстандық бал өндірушілермен тікелей әріптестік орнатуға ниетті. Бұл туралы «QazTrade» ұлттық экспортты ілгерілету операторының бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров хабарлады.
2001 жылдан бері жұмыс істейтін Aranynektár Kft жылына 4 мың тоннаға дейін балды қайта өңдеп, Еуроодақ, Таяу Шығыс және Азия нарығына экспорттайды. Компания өкілдері қазақ балын жоғары бағалап, алғашқы 20 тонна өнімді сатып алуға дайын екенін мәлімдеді.
Ал ғасырлық тарихы бар Fulmer Hungarian Honey Ltd бүгінде органикалық омарта өнімдерін 40-қа жуық елге жеткізеді. Компания директоры Ференц Фулмер қазақ балындағы ерекше дәм мен табиғилықты атап өтті.
Қазір Венгрияда 80-нен астам бал үлгісі зертханалық тексерістен өтуде. QazTrade дерегінше, 2024 жылы Қазақстаннан бал экспорты $1,58 млн құрап, бір жылда 57%-ға артқан. Бүгінде отандық бал Қытай, Канада, АҚШ, Сауд Арабиясы, БАӘ және өзге елдердің нарығына шығып үлгерді.