
Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамованың айтуынша, осымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқан бағдарлама аясында биылғы жазда қысқа мерзімді мектепалды даярлық курстарымен 90 мыңға жуық бала қамтылады.
«Бағдарлама мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандартына сәйкес әзірленген және мектепке дейінгі білім мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді. Баянды бастама балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының барлық бағыттары бойынша мектепке дайындауға мүмкіндік береді. Бағдарлама мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленді.
Жаз маусымының екі айында қысқа мерзімді мектепалды даярлық курстары шамамен 25 мыңға жуық баланы қамтыды. Тамыз айында шамамен тағы да 5,3 мың топ құрып, 65,2 мың баланы қамту жоспарлануда. Оқыту мерзімі бір айға есептелген. Сабақтар күн сайын 30 минуттан, 10 минуттық үзілістермен өтеді. Балаларға бастауыш сыныптың білікті мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері сабақ береді. Әсіресе, балалардың физикалық, коммуникативтік, зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ мектепке деген оң көзқарас қалыптастыруға баса назар аударылады», дейді Манар Адамова.
Ал облыс әкімдігі білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие, орта және жалпыға міндетті білім беруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айдын Досыбаеваның айтуынша, жаңа оқу жылының басталуына дайындық ретінде облыстың барлық жалпы білім беру ұйымдарында тамыз айынан бастап «Балақайлар мектебі» өз жұмысын бастайды.
– «Балақайлар мектебі» бағдарламасының негізгі мақсаты – болашақ бірінші сынып оқушыларының мектеп өміріне оңай әрі тиімді бейімделуіне жағдай жасау. Бағдарлама аясында балалар оқу жылы басталмай тұрып мектептің ішкі тәртібімен, оқыту ерекшеліктерімен, ұстаздармен және болашақ сыныптастарымен танысады. Мұндай дайындық баланың мектепке деген қорқынышын жойып, қызығушылығын оятады және сенімділік ұялатады. «Балақайлар мектебі» әр мектептің қажеттілігі мен мүмкіндігіне қарай ұйымдастырылады. Онда балаларға оқу құралдарын пайдалану, партада дұрыс отыру, дәптер мен қаламды дұрыс ұстау, сыныпта өзін ұстау мәдениеті секілді алғашқы дағдылар үйретіледі. Сондай-ақ, оқу-білімге құлшынысты арттыратын түрлі ойын, жаттығу, тренинг түріндегі сабақтар өткізіледі. Педагог-психологтар бүлдіршіндердің әлеуметтік-психологиялық бейімделуіне қолдау көрсетіп, ата-аналармен бірлесе отырып, әр баланың мінезі мен қажеттіліктерін ескере отырып жұмыс істейді. Бағдарлама барысында ата-аналарға да белсенді қатысу ұсынылады. Бұл өз кезегінде отбасы мен мектеп арасындағы өзара байланыс пен сенімді нығайтады. Ата-ана мен мұғалім арасындағы ашық қарым-қатынас баланың дамуына оң әсер етеді, – дейді А.Досыбаева.
Ал Тараз қаласындағы №67 мектептің «Балақайлар мектебі» мектепалды даярлық сыныбының ұстазы Перизат Әкімжанова бағдарлама балалардың мектепке бейімделуін жеңілдетіп, педагогтердің болашақ оқушыларымен жақынырақ танысуына көмектесетінін айтады.
– Мектебімізде бағдарлама шеңберінде 25 бала тәрбиеленеді деп жоспарлануда. Бүлдіршіндерге арналған сабақтар арнайы бекітілген стандарт бойынша жүргізіледі. Сабақ уақыты сағат 9:00 мен 11:15 аралығын қамтиды. Әр сабақтың ұзақтығы 25 минуттан аспайды. Ал сабақ кестесіне бүлдіршіндер үшін бірнеше маңызды пән енгізілген. Атап айтқанда, «Сауат ашу негіздері» мен «Математика негіздері» арқылы балалар әріп пен санды тануға, оқуға және санауға бейімделеді. «Сөйлеуді дамыту» сабағында балалар өз ойын анық жеткізуге, жаңа сөздер үйренуге, сөйлем құрауға дағдыланады. Қоршаған ортамен танысу арқылы табиғат, ауа райы, жануарлар мен өсімдіктер туралы бастапқы түсінік алады. Ең бірінші жеткіншіктерді жазуға дайындаймыз. Жазу кезінде арқаны дұрыс ұстау ережелерімен таныстырып, геометриялық фигуралардың, көкөністер, жеміс-жидектердің дайын суреттерінің сыртын шетке шығармай бастыруға, бояуға үйретіп, әртүрлі бағыттағы тігінен, көлденең, қысқа, ұзын, толқынды, ирек сызықтарды, нүктелерді, тамшы тәрізді пішіндерді олардың арасындағы арақашықтықты сақтай отырып баланың қолын икемділікке дағдылап аламыз. «Сауат ашу негіздері» бойынша сабақтар сабақ кестесіне сәйкес ойын, шығармашылық жұмыстар, педагогпен диалог арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ бүлдіршіндердің сөйлеуін дамыту үшін әр бала жеке жауап бере алатындай түрлі сұрақтарды жиі қойып, олармен кез келген тақырыпта көбірек сөйлесуге барынша мүмкіндік жасаймыз. Сабақ барысында балалар сөздердегі жекелеген дыбыстарды, сөздегі бірінші дыбысты анықтауға, белгілі бір дыбысы бар сөздерді таңдауға, қатаң және ұяң дауыссыз дыбыстарды есту арқылы ажыратуға бейімделеді. Сонымен қатар, балалардың сөздік қорын байытып, қатарластарымен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ балалардың сөздік қорын байыту үшін заттарды, орындарды сипаттауға қосымша мағына беретін көптеген таныс және жаңа сөздерді қолданамыз, – дейді Перизат Әкімжанова.
«Балақайлар мектебі» бағдарламасының тиімділігі жылдан-жылға дәлелденіп келеді. Себебі баянды бағдарлама тек білім беру ғана емес, балалардың тұлғалық дамуына үлес қосатын қолдау алаңы, жаңа оқу жылына жақсы көңіл күймен және дайындықпен қадам басуға берілетін үлкен мүмкіндік.
Сымбат ҚУАНЫШ
Жыраулық және ұлттық педагогика
Ұқсас жаңалықтар
Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеудің қорытындысы жарияланды
- авторAR-AY
- 29 шілде, 2025