
Биыл облысымызда акция аясында тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған шамамен 44 000 жеткіншекке көмек көрсетілмек.
Облыс әкімдігі білім басқармасының психологиялық қолдау орталығының әдіскер-психолог маманы Тамара Раимбекованың айтуынша, «Мектепке жол» акциясы биыл 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді.
– Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес 2025 жылы жалпыға бірдей білім беру қорына 6,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 2,3 миллиард теңгесі мектеп формасын алу үшін оқушылардың ата-анасының есепшотына (1 балаға – 53 117 теңге) аударылады. Сонымен қатар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу мақсатында 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» акциясы өтеді. Акцияны өткізу бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, ұйымдастыру комитеті құрылды. Қазіргі таңда акция аясында жекелеген санаттағы 2 488 балаға 70 миллион 500 мың теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетілді, – дейді Тамара Раимбекова.
Асыл дініміз кедей, тұрмысы төмен жандарға материалдық тұрғыдан көмек көрсетуді мақұлдаған. Адами қасиеттердің ең қадірлісі –қайырымдылық. Осы орайда Тараз қалалық «Әулиеата» орталық мешітінің бас имамы Ержан Нұрмаханұлы да «Мектепке жол» акциясы жайлы ойын білдірді.
– «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысып келе жатқанымызға 10 жылдан асты. Жыл сайынғы игі бастама көптеген әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға нақты көмек көрсетуді мақсат етеді. Балаларға мешіт тарапынан берілетін қажетті құралдар ішінде мектеп сөмкесі, қалам, дәптер, басқа да кеңсе тауарлары бар. Сонымен қатар, спортта белсенділік танытып көзге түсіп жүрген жеткіншектерімізге арнайы спорттық киімдер мен аяқкиімдер де ұсынылады. Спортшы жеткіншектерге арналған көмек негізінен оқу мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан 10-20 оқушыға арналады. Алайда, жалпы алғанда жыл сайынғы акция аясында 100-ге жуық оқушыны мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз ету қарастырылған, – дейді бас имам Ержан Нұрмаханұлы.
Жоғарыда айтқанымыздай, акцияны жоғары деңгейде өткізу үшін облысымызда қызу дайындық жүріп жатыр. Акцияға дайындық барысын білмек мақсатта Тараз қаласындағы №67 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саулет Бейсенбаймен сөйлесіп, атқарылып жатқан жұмыстарға қанықтық.
– №67 мектеп он жылдан аса тарихы бар «Мектепке жол» акциясына алғаш рет қатысқалы отыр. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар құрамы оқушылардың тұрмыстық жағдайына жан-жақты талдау жүргізіп, көмекке шын мұқтаж балаларды анықтауға күш салдық. Нәтижесінде, ресми түрде ешқандай әлеуметтік санатқа жатпайтын, бірақ шын мәнінде қолдауға зәру 10 оқушы осы тізімге енді. Бұл балалардың ата-аналары атаулы әлеуметтік көмек немесе өзге де мемлекеттік жәрдемақылар алмағанымен, күнделікті өмірде материалдық қиындықтарға тап болып отыр. Дайындықты тек мектеп әкімшілігі ғана емес, ниет білдірген ата-аналар, мектептің қамқоршылық кеңесі және жергілікті кәсіпкерлер бірлесе ұйымдастыруда. Әрқайсысы қолдан келген көмегін ұсынып, балалардың қуанышына ортақтасуға асығуда. Көмектесуге ұсыныс білдірген жандар оқушыларға қажетті мектеп формасын, кеңсе тауарларын, сөмке, аяқкиім және өзге де керек-жарағын алып беруге белсенді түрде атсалысуда. Қоғам тарапынан көрсетіліп отырған бұл қолдау – балалардың жаңа оқу жылын жақсы көңіл күймен қарсы алуына үлкен серпін береді. Сонымен қатар, бұл игі іс өзге ата-аналар мен демеушілерді де қайырымдылыққа үндейді, – дейді Саулет Бейсенбай.
«Мектепке жол» акциясы жеткіншектердің алаңсыз білім алуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, әрбір азаматтың бұл игі іске қосқан үлесі – бала жүрегіне үміт сыйлап, қоғамымыздың бірлігі мен қамқорлығын айшықтайды. Мұнда адамгершілік пен жанашырлықтың шынайы белгісі көрініп тұр. Қайырымдылыққа негізделген осынау игі іс әрбір балаға тек оқу құралдарын алып берумен шектелмейді, жүрекке жылу мен үміт ұялатады. Кішкентай қуаныш арқылы үлкен ұшқын мен бала бойында болашаққа деген сенім бекемделеді.
Бұл бастама – қоғамның мейірім мен жауапкершілікке толы екенін айғақтайтын жарқын мысал. Ұстаздар мен ата-аналардың, жергілікті билік пен демеушілердің бірлесе атқарған еңбегі – нағыз жанашырлықтың үлгісі. Сондықтан да әрбір жұмсалған қаржы, әрбір ұсынылған көмек – ертеңіміздің еңсесін тіктейтін сауапты іс. Қайырымдылық – жүректен жүрекке жететін ізгілік жолы, ал сол жолға шыққан әр адам – болашақтың шамын жаққан шырақшы іспетті.
Сымбат ҚУАНЫШ