
Әсіресе, бұл сезім шынайы болса адамды асқақ та биік етеді. Бірі сынақпен бетпе-бет келгенде бірінші дауылда-ақ шытынап сынып кетеді. Енді бірі керісінше қиындық кездескен сәттен бастап шыңдала түседі. Бірге болуға мүмкіндік азайған сайын жанұшыра ұмтылады. Құзға құлап бара жатса тартып алады, тұншықса батырмайды. Өзінің ақ адал махаббатымен-ақ емдеп, жазып алатын жандар бар. Әлдебір күн туа қалса қамқорлық танытады. Өзін ұмытып, өзге үшін өмір сүре бастайды. Сүрінгенде сүйеп, жылағанда жұбатады. Махаббаттың құдіреті шексіз екенін дәлелдейтіндер де солар.
Сезім сынақсыз шыңдалмайды. Аяқасты келген қиындық – махаббаттың айнасы. Сол айнаға қарап отырып, өзіңді танисың. Расымен сүйесің бе, әлде сүйіп жүргендей көрінесің бе? Сұрақтың жауабы – әрекетіңде. Махаббатта таңдаудан бұрын – табандылық керек. Сен таңдаған адам қиындыққа тап болғанда, таңдауыңның шын екенін дәлелдеу ғана. Ол дәлел сөзбен емес, іспен көрінеді. Бақытты сәтте бірге болуды кез келген адам атқара алады. Ал қиын сәтте бірге қалатын шын сүйгендер ғана. Сүйген адам – дәрігер емес, бірақ ол сенің тірі қалуыңа себеп болады. Адам дәрімен емес, себеппен жазылады. Ал махаббат – ең үлкен себеп.
АЗАМАТ ПЕН АЖАР: РУХ ЖЕҢІСІНІҢ АЙНАСЫ
Азамат Оразбектің тағдыры рух жеңісінің айнасы іспетті. Қызылорда облысы, Жаңақорған топырағында 1994 жылы дүниеге келген Азамат 6 жасында ауыр жағдайға тап болады. Ауылдас ақсақалдың өтінішімен мал қарап жүрген бір топ баланың арасында болған ол биік трансформатордың үстінде ойнап жүргенде қатты тоқ соғып, есінен танып қалады. Сол оқиғадан соң екі қолынан айырылып, өмірі мүлде басқа арнаға бұрылады.
Азамат бір жарым жыл бойы комада жатады. Кішкентай жүрегі өмір мен өлімнің арасында күресіп жатқанда, анасы ұлының болашағы үшін ел көзінен жырақ кетіп, Алматыға көшіп келеді. Бұл шешім – жалғыз ұлын жасқанбай қайтадан өмірге баулудың алғашқы қадамы еді. Алматы қаласындағы арнайы түзету мектеп-интернатында білім алған Азамат кейін Спорт және туризм академиясын тәмамдайды.
Тағдырдың қиындығы Азаматты мойыта алмады. Қайта сол қиындықтың өзі жігерлендіріп, биік белестерге жетеледі. Екі қолының жоқтығына қарамастан жүзу спортына ден қойып, Қазақстан чемпионы атанады. Тіпті 2009 жылы Токиода өткен Азия чемпионатында екінші орынды иеленіп, елдің үмітін ақтайды.
Азамат тек спортшы ғана емес, өнерге де етене жақын жан. Қазіргі таңда 15-ке жуық әннің авторы. Бірнеше қалада шығармашылық кешін өткізіп, сахнада өз жанын, өз тағдырын ән арқылы баяндайды. Ән – оның жан дауасы, жүрек тынысы.
Өзінің айтуынша, бұл жеңістер мен шабыттардың артында жақындарының қолдауы тұр. Ең әуелі анасы ұлының еш қиындықсыз еркін жетілуіне ықпал етсе, одан кейін жарының махаббаты оны көп қиындықтан қорғап, жүрегіне ұлы махаббат сыйлады.
Жары Ажар Тұрсынова – Азаматтың жансерігі ғана емес, ең сенімді тірегі. Жастар отау құрмақ болған кезде Ажардың туыстары уайымдап, болашағына алаңдаған екен.
– Азамат – менің қорғаным. Оны жан-тәніммен сүйіп, қатты ұнаттым. Оған мүмкіндігі шектеулі жан деп емес, сүйген адамның көзімен қарап, мәңгілік қасында жүрсем деп армандадым. Өмірге басқаша көзбен қарауға, әрбір таңды сүюге, қиындыққа мойымауға айтпай-ақ үйреткен мәңгілік ұстазым осы сүйген жарым болды. Ол дені сау еркектердің көбінен мықты. Балаларына да, маған да қамқор. Он екі мүшесі сау бола тұра, әйеліне көңіл бөлмейтін еркектер көп. Мен оларға қарағанда әлдеқайда бақыттымын. Азаматтың ішкі сенімі өзгерген емес. Ол жаңа әндерін жарыққа шығармақ. Өнерді де, спортты да қатар алып жүр. Ешқашан бір орында тоқтап қалмайды. Өйткені ол үшін өмір – шектеулер емес, қайта үлкен мүмкіндік. Кеудемде жаным барда сүйгенімнің қасында болып, барынша қолдаймын. Менің міндетім жарымның ыстық асын дайындап беріп, киімін жуу ғана емес, оған бақыт сыйлау. Маңдайының терін сүртіп, қасында қуанышқа кенелтіп жүру. Оны еркелетіп, өзім де еркелеп өмір сүремін. «Балаларым өздерін кем сезінбесін деп еңбек етемін. Денсаулығым жоқ деп қарап отыра беруге болмайды. Ниет болса, мүмкін емес ештеңе жоқ», дейді Азамат. Оның сондай жігерлі, рухты сөздерінен кейін менің оған деген құрметім тіпті арта түседі. Иә оның тәнінде кемшілік бар. Ол сау адамның жасағанын жасай алмайтын шығар. Есесіне ол жүрегімен бәрін жасап жүр. Себебі оның жүрегі менің жүрегімнен нәр алады. Ал мен оған ешқашан шаршамайтын қуаттың көзі іспетті күш беріп тұрамын, – дейді Ажар.
Азаматтың өміріндегі ең үлкен күрес – тек дене кемшілігімен емес, қоғам көзқарасымен болған күрес. Ол елімізде мүгедек жандарға деген құрметтің әлі де қалыптаспағанын ашына айтады.
– Көшеде кетіп бара жатсаң, бала түгілі, үлкендер де бұрылып қарайды. Таксиге отырсаң, бірден «қолыңа не болды?» деп сұрайды. Мұндай сұрақтар адамға ауыр тиеді, – дейді Азамат.
Азамат Оразбектің өмір жолы – жүрекпен көрудің, жанмен сезінудің және ешқашан берілмеудің үлгісі. Азамат пен Ажар қоғамға «мүмкін емес» деген ұғымның адам рухы алдында әлсіз екенін дәлелдеп келе жатқан жас жұбайлар.
БАҚДӘУЛЕТ ПЕН ҚҰРАЛАЙ: СЕНІМ МЕН ҮМІТТІҢ ЖЕҢІСІ
Бақдәулет Әмірхановтың тағдыры 19 жасында күрт өзгерді. Достарымен бірге Алматыға донер жеуге шыққан бозбала жол апатына ұшырап, салдарынан омыртқасындағы жұлыны үзіліп кетеді. Осыдан кейін Бақдәулет арбаға таңылды. Тек қозғалу ғана емес, сөйлеу де мүмкін болмай, бір жарым жыл бойы үнсіз күй кешіп, кеңірдегіне арнайы түтік қойылады. Бұл – әр адамға ауыр тиетін сынақ.
Бірақ сол қиындықтың арасынан сәуле шашқан жан табылды. Бақдәулеттің түнекке айналған әлеміне жарық сыйлаған Құралай Зейт еді. Құралай мен Бақдәулеттің таныстығы 2016 жылы басталған. Сол жылы ҰБТ тапсырып жатқан сіңлісін күтіп тұрған Құралай Бақдәулетпен алғаш рет жүздеседі. Тағдыр сол бір сәтте олардың жолын тоғыстырды. Кейін көп уақыт байланыс үзілгенімен, екеуі қайта жолығады. Араға жылдар салып, бұл таныстық шынайы сезімге ұласты.
– Алғашында Бақдәулеттің арбаға таңылғанын күйін көріп, үнсіз жыладым. Бірақ бұл әлсіздік емес, терең жанашырлықтан туған көз жасы еді. Мен үшін Бақдәулет мүмкіндігі шектеулі жан емес, сүйікті адамым, рухы биік азаматым болды. Ешқашан «мүгедекке тұрмысқа шықтым» деп ойламадым. Қайта осы жігітпен бірге өмірді, болашақты, арманды бөлісуді бақыт деп қабылдадым. Бір күні Бақдәулет далаға бірге шығып қыдырып келейік деген. Сол сәтте артымыздан інісі жүгіріп келіп, оны қайта шақырды. Кейін естілген романтикалық ән мен достарының көмегімен ұйымдастырылған тосынсый яғни тұрмысқа шығуға жасаған ұсынысы жүрегімде мәңгілік жазылып қалды «Қай күні өмірден озатынымды ойлайтынмын. Сенімен танысқалы бері өмірге деген сенімім қайта оралды» дейді Бақдәулет. Бұл сөздердің ар жағында жан мен жүректің үнсіз күресі, сезімнің шексіздігі жатыр, – дейді Құралай.
Құралай Бақдәулеттің сөйлеуіне көмектесіп, жалпы болашаққа үмітпен қарауына қолынан келгенше қолдау білдірді.
Олардың махаббат хикаясы – тек махаббат туралы ғана емес. Бұл – үміт пен сенім, жанқиярлық пен адалдық жайлы оқиға, шынайы күрестің, мызғымас махаббаттың, өмірге деген шексіз іңкәрліктің дәлелі.
Қарапайым ғана қазақ қызы мен жігітінің тағдыры бүгінде мыңдаған адамның жүрегін жылытты. Әлеуметтік желіде тараған Бақдәулеттің үйленуге ұсыныс жасаған сәті – миллиондаған көрерменге мотивация сыйлады. Құралайдың өз сөзімен айтқанда: «Әрбір сүйген адамына тұрмысқа шыққан адам – бақытты».
Ал нағыз махаббат – дәл осындай сындардан өткеннен кейін ғана мәңгілікке айналады.
ЕРКІН МЕН НҮРГҮЛ: ТІРІ ЖҮРЕК – МАХАББАТТЫҢ МЕКЕНІ
Жамбылдық Еркін Мұхамбетов 13 жасында көру қабілетінен айырылған. Қос жанары семген соң шетелде емделген, бірақ одан еш нәтиже болмапты. Ал оның қараңғы қос жанарын нұрландырып, бар ғұмырына шуақ құйған жан – жары Нұргүл Тілеуқабылова.
– Үйде бала күнімде баян болатын. Ағам сол баянда ойнауды үйрететін. Кейін гитара мен «Yamaha»-да ойнай бастадым. Сонан соң тойға шығып, ән айтып, бет ашуды үйрендім. Музыка жанымның емшісіне айналды. Бірде үйдегі телефон дамылсыз шырыл қақты. Бір жас қыз ағасына хабарласамын деп шатасып кетіпті. Содан танысып кеттік. Даусы әдемі болған соң ғашық болдым. Өзіме бір дегеннен-ақ осы қызды аламын деп серт бердім. Біздің таныстығымыз солай жалғасын тапты. Күнделікті телефонмен сөйлесіп тұрдық, – дейді Еркін Мұхамбетов.
Оның қараңғы әлеміне әуелей жеткен әсем музыкаға енді Нұргүлдің нәзік үні қосылды. Тау бұлағындай нәзік үнімен жігіттің жүрегін жаулап алған қыз Еркіннен 13 жас кіші еді. Бірақ жас қыз да жігітті бірден ұнатып қалғанын жасырмайды.
– Біраз уақыт телефонмен тілдесіп, жігіт пен қыз болып сөйлесіп жүрдік. Бір күні «Үйленейік» деп кесіп айтты. Тым жаспын, қорқып кеттім. Маған олай ешкім айтпаған. Балалығым да басыла қоймаған кез. Бірақ қатты жақсы көрдім. Нартәуекел деп тұрмысқа шықтым. Шынымды айтсам, ол кезде ештеңе ойламаппын. Зағип кісіге тұрмысқа шығып жатырмын деген қорқыныш та болмады. Енем қайта-қайта «өзің келдің бе?» деп сұрайды. Мен «иә» деймін. Ол кісі уайымдап, сенбей жүр. Ал мен сондай бақытты едім. Әрбір сүйген адамына тұрмысқа шыққан адам бақытты ғой. Бүгінгі қоғамда сезімдер тез сөніп барады. Қиындық туған сәтте, адамдар шегінеді. Бірақ махаббат – қашып кететін емес, мәңгілік жүрегіңде қалатын қасиет емес пе? Егер ол оңай сөнсе – онда оның несі махаббат?! Махаббат қиындықпен өлмейді, қайта тіріледі. Өйткені ол адамға берілген сын емес, орасан мүмкіндік. Өсуге, төзуге, тереңдеуге берілетін мүмкіндік. Сүйіспеншілік ешқашан ескірмейді. Себебі ол – адамзатпен бірге жасайтын жалғыз ұғым. Махаббатпен басталған өмір – рухпен аяқталуы тиіс. Себебі тән бір күні тоқтайды. Ал рух – сүйіспеншіліктің мәңгілік ізі. Махаббат – денеге емес, жүрекке жазылады. Ол көзбен емес, жанмен көрінеді. Жан көрсе – сұлулық та, мүгедектік те, қасірет те, жарымжандық та көлеңкеде қалады. Ал менің жаным тек махаббатты көрді. Кім шын сүйе алады? Жауабы қарапайым – төзе алған адам. Сезімді алып жүру – ауыр жүк. Бірақ сол жүкті бірге көтеретін адам бар болса, сен жалғыз емессің. Тірі жүрек – махаббаттың мекені. Адам сүйгенімен емес, сүйе алғанымен қадірлі. Махаббатпен ғана адам адамға айналады. Екі адамның арасына ең бастысы сыйластық қажет. Келін болып түскенде «ажырасыңдар» деген сөздерді де естідік. Сол сәтте «біз қайтсекте бақытты отбасы боламыз» алдымызға мақсат қойдық. Шүкір, мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Біздің бір құстың қос қанатындай бірге жүргенімізге 23 жылдың жүзі болды. Қызғалдақтай қыз, алтын асықтай ұл сүйдік, – дейді Еркіннің жары.
Алғашында екі жастың да туыстары олардың шаңырақ көтерулеріне қарсы болып, сынақтарға төтеп беретіндеріне күмәнданыпты. Бірақ, ғашықтар барлығына өз ісімен дәлелдеген.
– Қарап жүре бермей тойға шығайын деп, жақындарыма «Yamaha» алдырдым. Сөйтіп жұбайым екеуміз нәпақаны тойдан таптық. Түрлі аспапта ойнай аламын, бет ашамын. Ал жұбайым келін сәлем беру керек ағайын-туыстың есім-сойын құлағыма сыбырлап тұрады. Қазір жастар жалқау десем артық айтқаным емес. Дені сау бола тұра еңбектен қашады. Ал адам баласын жетістікке жеткізетін еңбек. «Соқыр жігіт бет ашып жатыр» деп сыртымнан кезінде талай әңгіме айтқан. Бірақ мен олардың сөзін елейтін болсам, үйде жатып қаламын ғой. Ал отбасымды кім бағады? Сондықтан, ондай сөздерді елемеймін – дейді ол.
Адам баласы өзінің ауыр тағдырына осыншалық төтеп беруге қалай бейімделеді? Төзім мен қайсарлықты, махаббат пен мейірімнің сарқылмас күшін қайдан алады?
Азамат пен Ажар, Бақдәулет пен Құралай, Еркін мен Нұргүл де ғашықтардың ерік-жігерінің, махаббат пен сенімінің жеңісі.
Әр оқиға қоғамға мүгедектік – үкім емес, ал шынайы махаббат – шекараны білмейтін сезім екенін дәлелдеді. Бұл жұптар бақыт дене кемелдігінен емес, жан жарасымынан басталатынының растығын көрсетті. Олардың хикаясы – махаббаттың мәңгілігіне сендірер шынайы өмірдің айнасы.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ