Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қылмыстың алдын алу – қауіпсіз болашақтың кепілі

Қылмыстың алдын алу – қауіпсіз болашақтың кепілі
А.Рысмахан
Облысымызда құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қолға алынған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі – облыс орталығында өткен «Құқықбұзушылықтар превенциясы» тақырыбындағы форум болды. Жиында өңірдегі криминогендік ахуал, қылмыс себептері мен оларды азайту жолдары кеңінен сөз болып, құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдерінің бірлескен іс-қимылының маңыздылығы талқыланды.

Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали және өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінің басшылары мен пробация қызметінің өкілдері қатысты.

Басқосуда Ербол Шырақпайұлы қылмыстың алдын алу тұрақты және қауіпсіз болашақтың кепілі екенін баса айтты. Аймақ басшысының айтуынша, құқықбұзушылықтың өсуіне әсер ететін негізгі факторлар – халықтың әлеуметтік жағдайының төмен болуы, жұмыссыздық, тұрақты табыстың болмауы, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырмау, отбасылық бақылаудың әлсіздігі.

– Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының алқа отырысында қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын орнықтырудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Бұл – қоғамдық тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетігі. Қазіргі таңда құқықбұзушылықтың алдын алу – тек полиция мен прокуратураның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сондай-ақ өңірдегі криминогендік жағдайды жақсарту бағытында мекемеаралық іс-шаралардың тұрақты түрде өткізіліп жатқанын атап өтті. Нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыс – 20,5 пайызға, көшедегі қылмыс – 18,6, жасөспірімдер қатысқан құқықбұзушылықтар – 35, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар – 23,1, мас күйінде жасалған қылмыстар – 9,1, топпен жасалған құқықбұзушылықтар 27,6 пайызға азайған.

Алайда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылық 4 есеге өсіп отыр. Бұл – аса алаңдатарлық жайт. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру күн тәртібіндегі негізгі мәселе болып қала бермек.

Форум барысында Ербол Қарашөкеев құқықбұзушылықтың алдын алуда кешенді әрі үйлесімді тәсіл қажет екенін айтып, әлеуметтік осал топтармен нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

– Жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық кеңес беру, бейімдеу шараларын ұйымдастыру – біздің басты міндетіміз. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық тәрбие мен қоғамдық жауапкершілікке баулу, діни радикализмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғаса беруі тиіс, – деді өңір басшысы.

Жиын барысында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров сөз алып, құқықбұзушылықтардың алдын алудағы ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлардың рөліне тоқталды.

– Учаскелік полицияның әлеуетін күшейту – бүгінгі күннің талабы. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды жедел тергеу және шешім қабылдау үшін жаңа меморандум жасалды. Бұл – бір тәулікте тергеуді аяқтап, тиісті шешім шығару тәжірибесін енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықты азайтуға өз ықпалын тигізетініне сенімдімін, – деді облыс прокуроры.

Ал «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының маңыздылығы, отбасылық тәрбиенің рөлі туралы ойларын ортаға салды

– Бүгінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесі бірқатар жобаны іске асыруда. Атап айтқанда, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жол картасы аясында нақты жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар «Қауіпсіз сағат», «Жасыл сертификат» және «Салауатты сана» жобалары қолға алынған. Келесі жылы Таразда республикалық аналар форумын өткізу жоспарланып отыр, – деді Эльмира Иниятқызы.

Сондай-ақ форумда облыста жүзеге асып жатқан «Сотталғандардың аймақтық криминализациялауға әсерін азайту» жобасының тиімділігі атап өтілді. Бұл жоба аясында пробация қызметінің тиімділігі арттырылып, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағытында нақты шаралар қабылданған. Нәтижесінде қайталама құқықбұзушылық 18 пайызға төмендеген.

Жиын соңында Ербол Қарашөкеев түзеу мекемесінің аумағындағы жаңа тігін цехының жұмысымен танысқанын, мұндай өндірістік кәсіпорындар өзге де түзеу мекемелерінде ашылуы тиіс екенін баса айтты.

– Бұл жазасын өтеуші азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне үлкен көмек береді. Біз мұндай бастамаларға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар, цифрлық технологияларды кеңінен қолдану – алдын алу шараларының тиімділігін арттырады. Прокуратурамен бірлесіп, кәсіптік білім беру саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге күш саламыз. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және азаматтық қоғам өкілдері бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Тек осындай ынтымақты іс-қимыл арқылы біз қауіпсіз әрі тұрақты орта қалыптастыра аламыз, – деді Ербол Қарашөкеев.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар