
Мазмұнды іс-шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ауданымыздан шыққан жазушыларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ақділда Диханбай, айтыскер ақын Талғат Хусайынов және ақын, еңбек ардагері Советкүл Жарылқасынова әділқазылық етті.
Сайысқа қатысушы 21 үміткер Шерхан Мұртаза, Бауыржан Момышұлы, Пернебай Дүйсенбин, Бергентай Нұрмаханұлы, Кәрібай Ахметбеков, Ілия Жақанов, Төлеу Үшқоңыровтардың шығармаларын оқып, көркем, әдеби тілде өз ойларын ортаға салды.
Байқауды әділ-қазылар қорытындылап, жүлдегерлерді марапаттады. Бас жүлдені Жайлаукөл ауылындағы кітапхананың тұрақты оқырманы Өзбек Еркеназ жеңіп алса, жүлделі бірінші орынмен Ұйым ауылынан Ғалия Дүйсенбек марапатталды. Екінші орынға ақтоғайлық Алдаш Арман лайық деп танылса, үшінші орынды Досбол ауылынан келген Жаппар Алина иеленді. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен кітаптар сыйға тарту етілсе, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Аяулым ДОСАЕВА,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар
жүйесі директорының орынбасары