БАҚ қызметкерлеріне Қазақстан Президентінің атынан баспана сертификаттары табысталды
- author AR-AY
- 28 маусым, 2025
- 10

«Dara» Президенттік бастамалар қоры ұйымдастырған іс-шарада медиа саласының 66 қызметкеріне пәтер сертификаттары табысталды. Салтанатты рәсімде сертификаттарды Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай және «Dara» қорының жетекшісі Мұхамедқали Тауан табыстады.
Руслан Желдібай журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен үшінші жыл қатарынан медиа мамандарына пәтер беру дәстүрі жалғасып жатқанын атап өтті. Биыл пәтерлер тек журналистерге ғана емес, режиссерлерге, операторлар мен корректорларға, сондай-ақ көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға да берілді.
Сертификат иегерлері арасында «Qazaqstan» РТРК, «Хабар» агенттігі, «Qazcontent», «Қазақ газеттері», Tengrinews және басқа да медиа ұйымдардың өкілдері бар.
Айта кетейік, мүлікті өтеусіз беру шартымен 2023 жылы мемлекеттік бес БАҚ-тың 65 қызметкері пәтер алған болатын. 2024 жылы түрлі медиа құрылымдарда еңбек ететін 68 қызметкерге баспана берілді. Ал биыл ұлттық медиа кеңістіктің дамуына үлес қосып жүрген журналистер мен техникалық мамандарды қолдау мақсатындағы дәстүрі бойынша медиа саласының 66 өкілі жаңа пәтерге ие болды.