Қордай ауданында «Батамен ел көгерер» атты облыстық байқау өтті
- author AR-AY
- Бүгін, 19:03
- 1

Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қордай ауданында ұлттық салт-дәстүр мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттау мақсатында «Батамен ел көгерер» атты батагөйлердің облыстық байқауы өткізілді.
Іс-шараның ашылу салтанатында Қордай ауданының әкімі Болатбеков Бегзат Сейсенқұлұлы және Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Солтыбаев Еркімбек Бейсембекұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға Жамбыл облысының 11 аймағында өткен іріктеу сайыстарында жүлделі орындарға ие болған 11 үміткер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Байқау үш кезеңнен тұрды:
1.«Ұлттық салт-дәстүр бойынша бата» – қатысушылар дәстүрлі бата беру арқылы ұлттық құндылықтарды паш етті;
2. «Ел есіндегі белгілі тұлғалардың батасы» – тарихи тұлғалардың баталарын жатқа айтып, олардың мазмұнын түсіндірді;
3. «Ұлттық салт-дәстүрге байланысты сұрақ-жауап» – қатысушылар салт-дәстүр туралы сұрақтарға жауап бере отырып, өз білімдерін көрсетті.
Нәтижесінде, бірінші орынды Қордай ауданынан қатысқан Құттықов Еркінбек Спанұлы жеңіп алды. Ол өз өнерімен жоғары бағаға ие болып, батаның терең мағынасы мен ұлттық құндылықтарды жоғары деңгейде жеткізді.Ал, жүлделі екінші орынды Жамбыл ауданынан қатысқан Сқақов Бегалы Аралбекұлы, үшінші орынды Тараз қаласынан келген Жамалбеков Сауранбек иеленді.
Шара барысында ұлттық рух пен салт-дәстүрді сақтау мәселелері талқыланып, жастарға батаның тәрбиелік мәні мен маңызы туралы кеңінен айтылды.
Байқау соңында үздік деп танылған қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.