«Құлан таңы» газетінің 85 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті
- author AR-AY
- Бүгін, 18:56
- 11

Т. Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің 85 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен шараға облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы, “Salyq tartibi” газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, Жамбыл облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, ардагер журналистер мен жамбылдық қаламгерлер қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл аудандық газеттің мерейтойына арналған құттықтау сөзін айтып, ізгі тілегін жеткізді.
- Атқарушы билік пен жергілікті халықтың арасын байланыстырып, аудандағы жағымды жаңалықтарды елдің назарына ұсынатын «Құлан таңы» газетіне биыл 85 жыл толып отыр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Осы бағыттан айнымай келе жатқан «Құлан таңы» газеті 85 жыл бойы оқырман қауымға тұшымды ақпарат, түйткілді мәселелер мен олардың шешімдерін, халық үнін жариялауда. Осы ретте ауданның рухани өмірінде өзіндік орны бар «Құлан таңы» газетінің ұжымын биылғы мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін!, - деді Қайрат Әбілханұлы.
Сонымен қатар облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман ғасырға жуық тарихы бар басылымның аудан өмірінде айшықты орны бар екенін атап өтіп, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің жүрекжарды лебізін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді. Бұдан кейін «AULIEATA-MEDIA» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы газет ұжымына толағай табыс тілеп, арнайы әкелген кәдесыйын табыстады.
Салтанатты жиында “Salyq tartibi” газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай мен Жамбыл облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, ардагер журналистер Москау Нохрабеков, Сейсен Қожеке және Тұрсынхан Жаманбаев сөз алып, соғыс жылдарында жарық көрген газеттің тарихынан сыр шертіп, естеліктерін айтты.
Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл бірқатар азаматқа Алғыс хат табыс етті.
Жиын соңы концерттік бағдарламамен түйінделді.
Айта кетейік, бұл күні «Құлан таңы» газетінің 85 жылдық мерейтойына арналған дартс, асық ату, дойбы спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.