Әлемдегі ең үздік университеттер рейтингіне Қазақстанның 20 университеті енді
- author AR-AY
- Бүгін, 10:31
- 24

Биылғы QS әлемдік университеттер рейтингінде Қазақстанның 20 жоғары оқу орны орын алды. Бұл еліміздің жоғары білім беру сапасының артып келе жатқанын айғақтайды. Рейтингке алғаш рет енген үш университет – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Шәкәрім университеті.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет жұмыс берушілер арасындағы бедел көрсеткіші бойынша әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кірсе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және тағы бес университет оқытушылар мен студенттер арақатынасы бойынша үздік 100-дікке енді. Бұл көрсеткіштер білім беру сапасы мен жекелей оқыту үлгісінің маңызын көрсетеді.
Abai University 628-орынға көтеріліп, былтырғы нәтижесіне қарағанда 43 сатыға алға жылжыды. Осылайша, әлемнің үздік 650 университетінің қатарына қосылып, Қазақстанның алдыңғы қатарлы бес ЖОО-ның бірі атанды.
QS сарапшылары университеттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысуын, халықаралық серіктестік орнатуын және түлектерінің болашақтағы табыстылығын жоғары бағалап отыр. QS аға вице-президенті Бен Саутердің айтуынша, қазақстандық университеттер бірқатар көрсеткіш бойынша оң динамика танытуда.
QS аймақтық директоры Сергей Христолюбов соңғы жылдары рейтингке енген университеттер арасында айқын айырмашылық бар екенін атап өтті. Кейбір оқу орындары жүйелі даму жолына түссе, енді біреулері жаһандық бәсекелестікке төтеп беруде қиындықтарға тап болған.
Айта кетейік, QS рейтингіндегі университеттер саны бойынша Қазақстан Азия елдері арасында 10-орынға ие болды. Бұл тізімде Қытай (72), Үндістан (54) және Жапония (47) көш бастап тұр.