
Салтанатты кеште Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, оқу ордасы жүзеге асырып жатқан «Ұждан» ағартушылық-танымдық жобасымен таныстырды. Бұл жоба – қоғамдағы әке рөлін көтеруді, ұлттық тәрбиені күшейтуді мақсат ететін маңызды мәдени бастама. «Менің әкем» байқауы осы жобаның ең ауқымды республикалық форматы ретінде ұйымдастырылған.
Естеріңізде болса, 2024 жылы «Меркі – Шу – Бурылбайтал» республикалық маңызы бар автожолында қызмет атқару барысында жол апаты салдарынан облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Ғалым Арыстанбаев және инспектор, полиция аға лейтенанты Абылайхан Саутұлы қаза бопқан болатын. 11 баланың әкесі, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы әрі «Мерейлі отбасы» байқауының финалисі болған Ғалым Қазыбекұлының жұмыс барысындағы өнімді еңбегі ғана емес, адамгершілік болмысы да көпке үлгі еді.
«Менің әкем» шығармашылық байқауында Ғалымдай жақсы әкенің тәрбиесін көріп, тағылымын алған Нұрболат Қазыбек те үздіктер қатарынан көрініп, жүлдеге ие болды.
– Әкем әрдайым «Кім болсаң да алдымен адам бол, әрқашан қарапайымдылықты жаныңа серік ет» деп айтып отыратын. Мен де болашақта әкемдей елге адал, абыройлы азамат болғым келеді. Әкемнің өнегелі өмір жолын жалғастыру – мен үшін мақтаныш әрі міндет. «Менің әкем» байқауында әкеме деген терең сағынышымды, шексіз құрметім мен риясыз махаббатымды жеткізуге тырыстым. Әкемнің тәрбиесі, оның айтқан әрбір ақылы мен үлгі еткен болмысы менің ішкі жандүниемде мәңгілікке сақталып қалды. Осы байқауды ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Олар маған әкем жайлы естелікті көпшіліктің алдына ашық айтуға мүмкіндік беріп, жүрегімдегі сағынышты сөзбен өрнектеуге жол ашты. Мен үшін әкем тек өткен шақтағы тұлға емес, ол – әрқашан менімен бірге, санамда, жүрегімде өмір сүретін асыл адам, – дейді Нұрболат Ғалымұлы.
Марапаттау салтанатында жүлдегелерлерге дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Шығармалары үздік деп танылған оқушылар Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин және Дидахмет Әшімхан атындағы арнайы номинациялармен мапарапатталды. Барлық жүлдегерлер мен олардың жетекшілеріне Оқу-ағарту министрлігінің дипломдары мен алғыс хаттары берілді. Байқауға қатысып, жүлдеден тыс қалған 100 оқушыға да естелік сыйлықтар ұсынылды. Оларға елімізге танымал ақын-жазушылардың, Мәжіліс депутаттарының тілегі жазылған, қолтаңбасы қойылған кітап табысталды.
Сымбат ҚУАНЫШ