Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараздық каратэшілер Универсиададан олжалы оралды

Тараздық каратэшілер Универсиададан олжалы оралды
Автор
Жақында ҚР жоғары оқу орындары арасындағы ХІІІ жазғы Универсиада аясында өткен каратэ-до жарысы өз мәресіне жетті. Аталған сайыс студенттер арасындағы шеберлік пен шынығудың, табандылық пен тәртіптің биік үлгісін көрсеткен дода болды.

Бұл жолы ел аумағындағы таңдаулы оқу орындарының каратэшілері өзара бақ сынасып, әр университеттің намысын қорғай білді. Аталған жарыста М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің спортшылары жоғары дайындықтарын көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.

Жекелей сында университеттің мақтанышына айналған бірнеше спортшы алтыннан алқа тақты. Атап айтқанда, Асылай Савидова және Мирас Әбдіқадыр қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, бірінші  орын иеленді. Бұл – олардың ұзақ уақыт бойғы еңбегі мен қажырлы жаттығуларының нәтижесі екені сөзсіз.

Жарыс барысында Нұрхат Сәттұрсын, Алуа Батырхан және Арафат Мырзағали сынды спортшылар да шеберліктерін көрсетіп, екінші орын иеленді. Бұл спортшылар тек техникалық шеберліктерімен ғана емес, сабырлылық пен тактикалық ойының үйлесімі арқылы да ерекшеленді.

Ал Аблайхан Щорсов мен Нұрдаулет Жақып үшінші орын тұғырынан көрініп, команданың жүлдегерлер қатарын толықтырды. Жеңіс тұғырынан табылу – үлкен еңбектің, ұстаз бен шәкірт арасындағы сенімді байланыстың жемісі.

Жекелей нәтижелерге қосымша, жалпыкомандалық есепте де М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті жарқырай көрінді. Ұлдар құрамасы – екінші орын, ал қыздар құрамасы – үшінші орын иеленіп, университет абыройын асқақтатты. Бұл нәтиже оқу орнының спорт саласына жасаған жүйелі қолдауының, жаттықтырушылар еңбегінің және жастардың ынта-жігерінің айғағы.

Университет жаттықтырушыларының айтуынша, бұл жетістікке бір күндік еңбекпен жету мүмкін емес. Әрбір спортшының артында күн сайынғы жаттығу, шексіз тер төгу мен жеңіске деген сенім жатыр. Жарыс жолына шыққан әрбір шәкірт өзіне де, университетіне де жауапты екенін сезіне білді. Толағай жеңіс – облысмыз үшін үлкен мәртебе.

Спортшы студенттердің өздері де жеңістің оңай келмегенін айтады.

– Қарсыластар осал емес еді. Бірақ жаттықтырушыларымыздың бізге сіңірген еңбегі мен өз-өзімізге деген сенім  басты күш болды. Универсиадада топ жару – біздің армандарымыздың бірі еді, – дейді алтын медаль иегері Асылай Савидова.

Жастардың жарқын жеңісі Тараз өңірінің спорттық әлеуетінің жоғары екенін де дәлелдеп отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар