Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жерлесіміз Лос-Анджелесте шеберлік сабағын өткізді

Жерлесіміз Лос-Анджелесте шеберлік сабағын өткізді
Автор
Соңғы жылдары Жамбыл өңірінің спортшылары халықаралық ареналарда айрықша табыстарға жетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Әсіресе, ерекше қажыр мен қайратты талап ететін күрес түрлерінде жарқыраған жеңістер молайып келеді. Сол чемпиондар сапында есімі елге кеңінен танылып келе жатқан грек-рим күресінің саңлағы Нұржан Асан да бар.

Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылынан шыққан 24 жасар спортшы 2013 жылы отбасымен бірге Тараз қаласына көшіп келеді. Сол жылы №26 мектепке бесінші сыныпқа қабылданады.

Нұржанның спортқа келуіне достары ықпалы еткен. Сыныптастарының бәрі спортпен айналысқандықтан, ол да өзіне ұнайтын спорт түрін іздеп, сол арқылы грек-рим күресін таңдайды. Дәл осы спортты таңдаудағы басты себеп – Нұржанның ерекшелікті жақсы көретіндігінде. Яғни, болашақ чемпион жастайынан біреудің жасағанын қайталамауға, өзгенің деңгейінде қалмауға тырысатын, өзгеше болғысы келетін. Сыныбындағы жігіттер футбол, баскетбол, каратэ сияқты спорт түрлеріне қатысқанымен, нақты грек-рим күресіне ешқайсысы бармаған.

– Ең алғашқы бапкерім – Ринат Исмаилов. Ағайдың тәрбиесіне мен Таразға қоныс аударған 2013 жылы келдім. Үйдегілер: «Сүйегі біздікі, еті сіздікі» деп, сол кісіге сеніп тапсырды. Сол уақыттан бері бірге жемісті жұмыс істеп келе жатқаныма, міне, бас-аяғы он екі жыл болды. Осы он екі жылдың ішінде түрлі қызықтар да, қиыншылықтар да, қуаныштар да болды. Бірақ қанша қиыншылықтар кездессе де, мойымауға тырыстым. Шынымды айтсам, спортқа алғаш келген кезімде бір жарым, тіпті екі жылдай уақыт жеңіліп жүрдім. Бірде-бір жарыстан жүлде ала алмадым. Сондай сәттерде мені тастап кетпей, жығылған кезде кеудемнен итермей, қайта демеу болып, өзінің қанатты сөздерімен жігерлендіріп, сол күйден әрі қарай алып шықты. Оның өзінде де ұлттық құрамаға кіру, ірі жарыстарда жеңіске жету сияқты жетістіктер маған кеш келді. Мен Қазақстан чемпионатын ең алғаш 2019 жылы, 18 жасымда жеңіп алдым. Оған дейін бірде-бір ірі жетістікке жеткен жоқпын, спорт шеберлігіне үміткер атағына да ие болмадым. Алайда мен спортқа деген шыдамдылық пен табандылық танытып,  мені баптап, тәрбиелеп келген жаттықтырушымның қолдауымен үлкен спортта қалдым. Ересектер арасындағы жарыстарда жеңіске жете бастаған сәттен бастап, бапкерім бұрынғыдан да зор қамқорлық танытып, жаттығу процесін күшейтті. Сол кезден бері бүгінгі күнге дейін мені қолдап, жетелеп келеді, – деген Н.Асан спорттағы ең алғашқы жеңісі есінен кетпейтінін жетсізді.

Себебі ең бірінші алған медалі спортшыға оңайлықпен келмеген. Тарқатып айтсақ, Нұржан 2014 жылы республикалық ашық турнирге қатысады. Жарыс барысында күрес нағыз қызған шақта басынан ауыр жарақат алып қалады. Ол қан тоқтамай ақса да, дәрігерлердің ескертуіне қарамастан, кілемге қайта шығуға бел буды. Ақырында қайсар мінез көрсетіп, үшінші орынды иеленді. Бұл – оның спорттағы алғашқы үлкен жеңістерінің бірі еді.

Кейінгі жылдардағы жүрегіне жақын жетістігі – Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарында қола жүлдені жеңіп алуы. Ол кезде жамбылдық балуанның жасы жиырмада болатын. Дәл осы жасында Нұржан «Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы» атағына ие болды. Сонымен қатар, ол түрлі деңгейдегі сайыстарда өнер көрсетіп, көптеген марапаттарға қол жеткізді.  Атап айтқанда, 2023 жылы Бішкек қаласында өткен жарыста Қазақстан спорт тарихында алғаш рет сурдлимпиялық грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған. Сондай-ақ  2023-2024 жылдары қатарынан Азия ойындарында алтыннан алқа тағынған.

Жақында даңқты жерлесіміз Лос-Анджелесте грек-рим күресінен 26 мамыр мен 7 маусым аралығында шеберлік сабағын өткізді. Қазақстандық балуанды АҚШ-қа шетелдік спортшылар өздері арнайы шақырған.

– Бір қызығы, АҚШ-қа келу туралы ұсыныс түспей тұрып-ақ, шетелдегі мансабымды бастау жайында жоспарлап, дайындыққа кірісіп кеткен болатынмын. Нақтысын айтсам, шамамен үш-төрт жыл бұрын АҚШ-қа келіп, жергілікті спортты өз көзіммен көріп, тәжірибе жинау керек деген мақсат қойғанмын. Себебі 2028 жылы Лос-Анджелесте Олимпиада өтеді. Сол Олимпиадаға дайындық қалай жүріп жатыр, америкалық спортшылар несімен мықты, қандай әдіс-тәсіл қолданады деген сұрақтар мазалады. Осы сұрақтарға нақты жауап іздеп, жоспарлы түрде әрекет ете бастадым. Ең алдымен, визалық мәселені шешу керек болды. Бұл шаруа оңай болмады. Алғашқы екі өтінішім қабылданбай, тек үшінші ретте ғана визаға қол жеткіздім. Осылайша 2024 жылы алғаш рет АҚШ-қа келіп, халықаралық деңгейдегі «BILL FARRELL Memorial» атты ірі турнирге қатыстым. Сол жарыста екінші орын алып, америкалық мамандар мен спортшылардың назарына іліктім. Одан кейін арада бір ай өткенде, 2025 жылдың қаңтар айының басында АҚШ құрамасының жаттықтырушылары маған арнайы оқу-жаттығу жиынына қатысу туралы шақырту жолдады. Бұл жиын Олимпиада чемпионы, кубалық Исмаил Барероның қолдауымен ұйымдастырылды. Америка құрамасының бас бапкері менімен жеке байланысқа шығып, хат алмасу арқылы шақырту мәселесін нақтыладық. Қаңтар айында мен қайтадан АҚШ-қа барып, оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Бұл жолы спортшы ретінде америкалық балуандармен тәжірибе алмастым, шеберлік пен тәсіл тұрғысынан өзара қарым-қатынас орнаттық. Осы сапардан кейін араға тағы бірнеше ай салып, үшінші рет шақырту түсті. Бұл жолы тікелей ұсыныс жасаған – Армения тумасы, бүгінде АҚШ азаматы Петрос Петросян. Ол мені сырттай біліп, байланысқа шығып, келіссөз жүргіздік. Ұсынысты қабылдамас бұрын, өзіміз талқылап, белгілі бір шарттар қойдық. Олар жол ақысы, тұратын орын және тамақтану мәселесін толықтай өз мойындарына алды. Мақсатымыз – бірлесіп жұмыс істеу, менің Қазақстанда жинаған тәжірибемді бөлісу, олармен жаттығу тәсілдерін, әдістемелерді ортақтастыру. Өзім үшін бұл ұсыныс – жаңа білім алып, теорияны меңгеруге сеп болған құнды тәжірибе. Осылайша біз бастапқы кезеңге келістік. 14 күндік жаттығу жиыны жоспарланды. Аптасына бес күн, таңертең және кешке жаттығу болды. Қатысушылар да дән риза, кері байланыс өте жылы қабылданды. Америкалық спортшылармен жақсы жұмыс істедік, тәжірибе алмастық, бір-бірімізден үйренгеніміз де көп. Осы жаттығу мен үшін бапкерліктің алғашқы қадамына айналды, – деді Н.Асан.

Шетелде жүріп жерлесіміз АҚШ-тағы спорт жүйесі мүлде басқа деңгейде екенін байқайды. Үшінші рет барғаннан кейін Нұржанға ондағы өмір мен спорт мәдениетін тереңірек түсініп, сезінуге мүмкіндік туды. Мұнда адамдар спортпен еркін айналысады, палуандардың физикалық дайындығымен қатар, теориялық білімі де толық. Басқаша айтқанда, америкалықтар үшін спорт – хобби емес, өмір салтына айналған. Нәтиже көрсетсең, мемлекеттен де, демеушілерден де қолдау бірден келеді. Жасөспірім кезден бастап спортшылар жарыстарда көзге түссе, олардың жағдайы бірден жасалады. Қаржылай да, тұрмыстық жағынан да. «Nike», «Adidas» сияқты ірі брендтер спортшыларды қолдап, әрбір жеңісін ынталандырады.

Жасөспірімдермен жұмыс істеу мәдениеті де жоғары деңгейде. Университет оқытушылары, профессорлар күнделікті жұмысымен қатар спортты серік етеді. Мысалы, Кайл Дейк сияқты әлем чемпиондары әрі жаттықтырып, әрі өздері күресіп жүр. Олардан үйрену, сөйлесіп, пікір алмасу жамбылдық спортшы үшін өте қызықты тәжірибе болған.

Америкалық балаларға жетекшілік еткен спортшы үшін жаттығу процесінің әр күні ерекшелікке толы. Жергілікті спортшылармен, жас өрендермен бірлесе жаттығу барысында ең бастысы – тіл табысу екені белгілі. Себебі олар қазақтың менталитетін, рухын бірден түсіне бермейді. Бұл жақта адамдарға деген көзқарас пен қарым-қатынас та өзгеше. Сондықтан қазақ балуаны жаттығу барысында әдіс-тәсілдерді, ережелерді асықпай, барынша сабырмен, түсінікті тілмен жеткізуге тырысқан. Ағылшын тілін енді үйреніп жүргеніне қарамастан, олармен ашық сөйлесіп, қимылмен де, ыммен де ойын жеткізе білді.

Америкалық спортшылардың да қазақ балуандарынан үйренері аз болмаған. Себебі біздің күрес мектебі Азия мен Еуропа мектептерінен ерекшеленеді екен. Нұржанның айтуынша, қазақ күрес мектебінде шабуылға негізделген, айқын басымдықпен жеңуді көздейтін лақтыру, қарсыласты толық тізгіндеу секілді маңызды тәсілдер көбірек.

 – Ал Еуропада есепке ойнайтын жүйе кең тараған. Яғни, кеудеден итеру, ұпай жинау арқылы жеңіске жету басым. Америка спортында да өзіндік стиль қалыптасқан. Әр континенттің ерекшелігі болғандықтан, қазақ стилі америкалық балуандарға қызық әрі әсерлі көрінді. Жаттықтыру барысында осыған дейінгі он екі жылдық кәсіби тәжірибемде жинаған барлық әдіс-тәсілдерімді көрсеттім. Халықаралық жарыстарда қолданған нақты техникаларды ортаға салдым. Қазақ күресінің түп-тамырынан бастап, заманауи әдістерге дейін толық түсіндіріп, бөлістім. Бұл тәсілдер америкалық жаттықтырушылар мен спортшыларға ерекше әсер қалдырды. Олар таңданып, ризашылықтарын білдіріп, жұмысты әрі қарай жалғастырғымыз келеді деген ұсыныстар айтты. Кейбірі тіпті Қазақстанға барып тәжірибе алмасуға ниет білдірді, – деген балуан клубтардан АҚШ-та қалу туралы түскен ұсынысты іштей жылы қабылдағанын жеткізді.

Шетелде өткізген шеберлік сабағы спортшыға рух сыйлап, жігер берген. Сол сәттерде өз бойындағы кейде көзге көріне бермейтін қателіктерді сезінгендей болған. Неден бастау керек, қалай оң бағыт алу қажет деген сұрақтарға да жауап табылған.

Нұржанды алда – биік белестер, ірі жарыстар күтіп тұр. Ол қазіргі сәтте АҚШ-та өтетін халықаралық сайыстарға дайындалуда. Мәселен, қыркүйек айының басында – Лас-Вегаста, қарашада – Нью-Йоркте турнирлер бар. Биыл осы жарыстарды еңсеруді көздеп, келесі 2026 жылға жаңа, биік мақсаттарды межелеп отыр.

Қазақ спортшыларына әлемдік деңгейде жол ашу – оның басты мұраты. Америкаға келудегі негізгі себебі де осы. Мұндағы техника, тактика, оқу-жаттығу жиындарының жүйесі мен спорт залдарының мүмкіндігін меңгеріп, болашақта қазақ спортшыларын осында әкеліп, кәсіби деңгейде даярлау, тәрбиелеу – ол көптен бері ойда жүрген үлкен жоспарлардың бірі.

 – Қазақ палуаны қай жерде де өзін биік ұстаған. Бірақ әлемдік деңгейде әлі де үздік ондықта тұрақты түрде болу үшін тәжірибе мен халықаралық байланыс қажет. Бізде мықты спортшылар бар, бірақ оларды қолдау, ынталандыру, әлемдік нарыққа шығару жүйелі жүріп жатқан жоқ. Әлемге шығу үшін ең алдымен – тәуекел керек. Біз көбіне «ақша жоқ», «тіл білмейміз», «таныс керек» деген себептермен шектеліп қаламыз. Ал мұхит асып келу деген – ерлік. Мен тәуекел еттім. Ендігі мақсат – осы жолды өзімнен кейінгі інілеріме ашып беру, – деп сөзін түйіндеді Н.Асан.

Осылайша Нұржан шетелде жинақтаған білімі мен тәжірибесін қазақ спортына жұмсағысы келеді. Себебі АҚШ-та спортшылар тек физикалық немесе техникалық дайындықпен шектелмейді, мұнда күрестің терең теориясы, ғылыми негізделген сабақтары бар. Сол білімді игеріп, ертеңгі күні оны қазақ спортшыларына үйретуді көздеп отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар