
МОНОҚАЛАЛАРДЫҢ ДАМУЫ МАҢЫЗДЫ
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да: «Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет.
Жалпы аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек. Биыл арнайы Жарлықпен Алатау қаласы құрылғанын білесіздер. Бұл қала қарқынды дамитын, инновация кеңінен қолданылатын әрі білікті мамандар жұмыс істейтін орынға айналуы қажет. Үкімет онда жайлы өмір сүріп, табысты еңбек етуге, инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға тиіс», деген болатын.
Моноқалаларды дамыту бойынша облысымызда да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мысалы 50 жылдан астам тарихы бар Жаңатас қаласы да күн өткен сайын қарқынды дамып келеді. Аумағы 3 мың гектарды құрайтын қаладағы елді мекен жерлерінің көлемі 2,5 мың гектар болса, халық саны бүгінде 25 782-ге жетіпті. Қала тұрғындарының 10 172-сі экономикалық тұрғыда белсенділер санатында. Оның ішінде 8 624-і жалдамалы жұмысшы болса, 1 154-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Жаңатас қаласының әкімі Ілияс Домалақовтың айтуынша, жалдамалы жұмысшылардың ішінде «Еврохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде – 507, «Қазфосфат» тау-кен өндірістік кәсіпорнында – 1 521, «Жел электр стансасында» – 30, Асыл тұз» соляная компания» серіктестігінде – 55, «Жарас» серіктестігінде 31 адам тұрақты жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.
– Қаланың экономикасының қарқынды дамуына негіз болатын басты сала – өңдеу өнеркәсібі. Кезінде Жаңатас қаласының аты аймақтан асып, елімізге, тіпті одақтас елдерге таныс болғаны баршаға мәлім. Қала құрылғаннан бастап өнеркәсіп саласы қарқынды түрде жұмыс істеп, өндірісі өркен жайған сол бір уақытта халық саны 60 мыңға дейін барды. Негізінде Жаңатастың экономикалық-әлеуметтік дамуы халық саны мен жұмыс орындарының санына тікелей әсер етеді. Тұрғындардың басым бөлігін тұрақты жұмыспен қамту үшін ірі кәсіпорындардың өнім өндіру әлеуетін арттырып, мүмкіндігін кеңеейту қажет екені айтпаса да түсінікті. Өндіріс ошақтары мен өндіріс көлемі артқан сайын газ, ауызсу құбырын, электр желілерін тарту, жол салу секілді инфрақұрылым жүргізу қажеттігі туындайтыны бесенеден белгілі жайт. Бұл тұрғыда тиісті жұмыстар ретімен атқарылуда. Бүгінгі күнге «Еврохим» ЖШС, «Қазфосфат» тау-кен өндірістік кәсіпорнында, «Жарас» мұнай өңдеу зауыты, «Асыл тұз» соляная компания» ЖШС, «Тараз көлік жолы» асфальт өндіру зауыты секілді 5 ірі өңдеу өнеркәсібінде бұл жағынан ешқандай мәселе туындап тұрған жоқ. Аталған кәсіпорындар тұрақты түрде жұмыс істеп, жұртшылықтың нәпақа тауып, жағдайын түзеуіне айтарлықтай септігін тигізуде. 2025 жылдың 4 айында өнеркәсіп өнімдерінің құны 40,2 миллиард теңгені құрады. 2024 жылдың 4 айының қорытындысымен салыстырғанда көрсеткіш 13,3 миллиард теңгеге артты. Ал 2024 жылдың 4 айында өндірген өнім көлемі 26,9 миллиард теңгеге тең болған еді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 49 миллиард 158 миллион теңгені көрсетсе, өткен жылдың есепті кезеңінде 42 миллиард 210 миллион теңге болып, яғни өсім 6 миллиард 948 миллион теңгеге артты. Бүгінде Жаңатас қаласында 18 шаруа қожалық белсенді жұмыс істеуде. Шаруа қожалықтар 56 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мал саны 420 басқа ұлғайды. Қазіргі таңда 5 шаруа қожалық асылтұқымды шаруа қожалығы мәртебесін алды. «Абылай» шаруа қожалығы 90 асылтұқымды Ақбас сиырын және «Жарасбек-ата» шаруа қожалығы – 750, «Тәуекел» шаруа қожалығы – 1 090, «Айтуған» шаруа қожалығы – 1 100, «Әлішер» шаруа қожалығы – 724, барлығы 3 664 қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын өсіруде. Кәсіпкерлік саласының да көкжиегі кеңейіп келеді. Жергілікті билік тарапынан қолдаудың артуы мен тұрғындардың іскерлік бастамаларға белсенді түрде бет бұруының арқасында нәтиже де көңілден шығып отыр. Бүгінде қала аумағында 1 953 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі заң аясында жұмыс істеуде. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 285 субъектіге артық. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың алғашқы 5 айында мұндай субъектілер саны 1 668 болған. Демек, өсім 117,1 пайызды құрады. Қандайда бір елді мекенде кәсіпкерлік саласы дамыса, сол жерде жаңа жұмыс орындарының ашылатыны белгілі. Қазіргі таңда осы салада жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлік құрылымдар 2 984 адамды жұмыспен қамтуда. Бұл да жергілікті еңбек нарығы үшін айтарлықтай көрсеткіш. Сондай-ақ кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында микроқаржылық ұйымдар арқылы тиімді несие тетіктері іске қосылған. Соның нәтижесінде биыл 330 кәсіпкер өз кәсібін дамыту үшін 350 миллион теңге көлемінде несиелік қаражат алды. Бұл қаражат жаңа нысандар салуға, құрал-жабдықтар алуға, өндірістік қуаттарды арттыруға бағытталған. Өнеркәсіп орындарының саны мен кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюі мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің де айтарлықтай артуына септігін тигізді. 2025 жылдың алғашқы 5 айында жергілікті бюджетке түскен кіріс көлемі 189 миллион 400 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 121 пайызға артық көрсеткіш. Аталған соманың 179 миллион 510 мың теңгесі салықтық түсімдер болса, ал 9 миллион 799 мың теңгесі салықтық емес түсімдер есебінен жиналды. Жеке табыс салығы (төлем көзінен төленбейтін) – 101 миллион 188 мың теңге, жеке тұлғалардың мүлік салығы – 509 мың теңге, жер салығы – 3 миллион 158 мың теңге, заңды тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салығы – 887 мың 300 теңге, жеке тұлғалардың көлік салығы – 71 миллион 476 мың 400 теңге, жерді пайдаланғаны үшін төлем – 2 миллион 135 мың 500 теңге, жарнама үшін төлем 157 мың 400 теңгені құрады. Салықтық емес түсімдерге келсек, коммуналдық меншіктегі мүліктерді жалға беруден түскен кіріс – 562 мың теңге, жер учаскелерін сатудан түскен төлемдер 9 миллион 237 мың теңге көлемінде қалыптасты. Аталған түсімдердің барлығы қала бюджетінің кіріс бөлігін толықтырып, әлеуметтік нысандарды қаржыландыруға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталды, – дейді Ілияс Әлімбайұлы.
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДА СЕРПІН БАР
Моноқала тұрғындарына тиімді бағада сапалы өнім ұсыну ісі де дұрыс жолға қойылған. Бұл тұрғыда әлеуметтік дүкендер мен азық-түлік жәрмеңкелері бағаны тұрақтандыруға айтарлықтай үлес қосуда. Негізінде облыс орталығы – Тараз қаласы ғана емес, моноқала мәртебесіне ие шағын шаһарлар үшін де азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы аса өзекті мәселе. Бүгінгідей бар мәселе нарыққа тірелген заманда базар сөрелеріндегі бағаның күн сайын құбылуы жаңатастық жұртшылықты да алаңдататыны жасырын емес. Осындай кезеңде жергілікті атқарушы органдар тарапынан халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыстар өз жемісін беріп отырғанын айта кетуіміз керек. Қала тұрғындарын күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығында екі бірдей әлеуметтік дүкен тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған көрінеді. Атап айтсақ, «Батыр-Бек» және «Шадияр» сауда нүктелерінің басты ерекшелігі, мұнда бірінші кезекте қажетті тауар түрлері нарықтағы орташа бағадан әлдеқайда төмен бағамен тұтынушыларға ұсынылуда. Мысалы, ұн, күріш, қант, күнбағыс майы секілді күнделікті тұтынуды қажет ететін азық-түліктің тағы да басқа түрлерін арзан бағада сатып алуға болады.
Жыл басынан бері қалада барлығы 10 рет ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Осылайша жергілікті шаруалар үшін өз өнімдерін тұтынушыға делдалсыз, тікелей ұсынатын мүмкіндік берілген. Жәрмеңкелер барысында ет, сүт, көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері базар бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада сатылған.
Айта кету керек, аудан басшылығы тарапынан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, делдалсыз сауданы дамыту және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте тұрақтандыру қорының қолдауын тиімді пайдалануға, тауарды көтерме бағада жеткізушілермен тікелей келісімдер жасауға әрі тұтынушы мен өндіруші арасындағы байланысты нығайтуға баса мән берілген. Жалпы алғанда алдағы уақытта да моноқала тұрғындарын қолжетімді бағада сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі маңызды бағыт ретінде қала береді. Сондықтан да мұндай шаралар өз жалғасын таба береді.
Жаңатас қаласында инвестициялық жобалар да серпін алып, бүгінде құрылыс қарқыны күшейе түскен. 2025 жылға жоспарланған жобалар әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған екен.
– Жаңатас қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2025 жылы бірқатар маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынуда. Жалпы құны 3 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын 31 жоба әзірленіп, олардың арасынан 21 жобаға нақты қолдау көрсетілді. Аталған жобалар бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жобалар тұрғын үй құрылысын жүргізу және жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру секілді тағы да басқа бағыттарды қамтиды. Осы жобаларға бөлінген қаражат көлемі 226,2 миллион теңгені құрайды. Бұл – мемлекет тарапынан өңірлік дамуға көрсетіліп отырған нақты қолдаудың айқын көрінісі. Сонымен қатар қазіргі таңда Жаңатас қаласы бойынша жалпы құны 4 миллиард 300 миллион теңгеге тең 6 инвестициялық жоба нақтылану үстінде. Жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар толық дайындалып және мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Алдағы уақытта олар да іске қосылып, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына оң әсерін тигізетін болады.
Тарқата айтар болсақ, қаладан жастар үшін бір спорттық кешен салу Жаңатас қаласының тұрғындары үшін көптен бері күткен әлеуметтік нысанның бірі еді. Алдағы уақытта жаңатастықтар осы қажеттіліке қол жеткізбек. Осы «Жастар» спорттық-сауықтыру кешені жобасының жалпы құны 858 миллион теңгені құрады. Қаржыландыру облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Спорттық-сауықтыру кешені арқылы қалалық өрендер бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алмақ.
Сонымен қатар 80 пәтерлік екі бірдей көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу арқылы халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсат етілген еді. Атап айтқанда, №6 ықшамауданда орналасатын №17 үйдің құны 939 миллион 100 мың теңге, ал №18 үйдің құрылысына 954 миллион 300 мың теңге қарастырылған. Жалпы сомасы 1 миллиард 893 миллион 400 мың теңгені құрайтын бұл тұрғын үйлер республикалық бюджет есебінен салынбақ.
Қалада денсаулық сақтау саласына қатысты жобаларды жүзеге асыру ісі де назардан тыс қалмаған. Аудандық аурухана құрылысы, яғни алдағы уақытта бой көтеретін жаңа медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді көздейді. Бұл жобаға республика бюджетінен 1 миллиард 596 миллион 600 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді деп күтілуде.Осы жобалар толық жүзеге асқанда, Жаңатас қаласының сәулеті мен әлеуметтік бейнесі айтарлықтай өзгеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасы жоғарылайды деген үміттеміз. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары барысында жүздеген адам жұмыспен қамтылады.
ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІ БІРТІНДЕП ШЕШІЛУДЕ
– Қала тұрғындарының баспанамен қамтылуын жүйелі түрде шешу мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан бірқатар нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы шаралар мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі ретінде жүзеге асырылуда. Қала бойынша тұрғын үй алу кезегінде 1 462 азамат ресми түрде тіркелген. Бұл санатқа әлеуметтік әлжуаз топтар, көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала өкілдері кіреді. Сонымен қатар жер телімін алу кезегінде тұрған азаматтардың саны 1 302 адамға жетті. Бұл – қаладағы баспанаға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Қолданыстағы тұрғын үйлерді сатып алып, оларды кезекте тұрған азаматтарға беру тұрғындарды баспанамен қамтудың негізгі амалының бірі. Осы мақсатта 2025 жылы 5А ықшамауданынан жалпы құны 191 миллион 500 мың теңгеге тең екі көпқабатты тұрғын үй сатып алынып, заңда белгіленген тәртіппен тізімде тұрған азаматтарға табысталды. Бұдан бөлек, қазір қаладағы №2 ықшамауданда орналасқан №32 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұл үй де кезекте тұрған азаматтардың игілігіне беріледі. Осылайша бос тұрған ескі үйлерді тиімді пайдалану арқылы баспана тапшылығы мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік жасалуда. Қаладағы тұрғын үй қорын жаңарту және кеңейту бағытында келешеке жүзеге асыруға арналған ірі жобалар да бар. Атап айтқанда, жалпы құны 1 миллиард 900 миллион теңгені құрайтын, 80 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Бұл тұрғын үйлер №6 ықшамаудандағы №16 және №17 үйлер болып белгіленген. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. Алдағы уақытта қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған жағдайда осы нысандар да қала тұрғындары үшін қолжетімді баспана көзіне айналмақ. Алдағы жылдары да Жаңатас қаласында тұрғын үй құрылысы мен оны пайдалануға беру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасын таппақ, – дейді І.Домалақов.
Сондай-ақ тұрғындарды әлеуметтік қолдау шаралары да тұрақты ұйымдастырылып келеді екен. 2025 жылдың басынан бастап 136 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 70 адамнан тұратын 18 отбасына 310,4 мың теңге тұрғын үй жәрдемақысы төленіпті. 2024 жылдың 5 айында қаладағы 181 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 144 адамы бар 49 отбасына 547,8 мың теңге тұрғын үй жердемақысы берілген екен.
Жаңатас қаласында соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңарту мен әлеуметтік салаларды дамыту бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы арқылы қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті біршама артып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалуда. Тарқата айтсақ, қала аумағындағы жалпы ұзындығы 61 шақырым 200 метрді құрайтын 76 көше бар екен. Бүгінде осы көшелердің 42-сі, яғни 61,6 пайызы толығымен асфальтталған. Ал қалған 34 көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырса керек. Алайда алдымен бұл көшелерге газ құбырларын тарту жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Газдандыру мен жол жөндеу қатар жүргізілетіндіктен, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылатын көрінеді. Сонымен қатар 68 көшеге, яғни барлық көшелердің 92 пайызына көше жарықтары орнатылыпты. 2025 жылы қосымша 8 көшеге жарық беру жүйесін орнату жоспарланған екен. Жоспар жүзеге асқан жағдайда, жарықпен қамтылған көшелердің үлесі 100 пайызға жетпек.
Қаладағы тұрғын үй секторларына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Бұрынғы саяжай аумақтарын қоспағанда барлық 101 көпқабатты тұрғын үй мен 1 676 жеке тұрғын үйге ауызсу және кәріз жүйелері толық тартылыпты. Бұл моноқалада тұрғындардың денешынықтырумен айналысуына да барынша мүмкіндік жасалып жатқанын жоғарыда сөз еткен болатынбыз. Қазіргі таңда қала аумағында 12 білім беру нысанына қарасты және 3 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істеп жатыр. 52 спорт нысаны қала тұрғындары үшін тәулік бойы қолжетімді көрінеді.
Жалпы қай елді мекен болмасын оның ажарын арттырып, абаттандыру, жасыл желек жамылдыру, тазалығын қамтамасыз ету – басты мақсат. Бұл тұрғыда Жаңатас қаласының тазалығына 7 арнайы техника, 39 ақылы қоғамдық жұмысшы жұмылдырылыпты. Жыл басынан бастап қала көлемінде 10,5 шақырым арық тазаланып, 140 тонна күл-қоқыс шығарылыпты. Демалыс орындары мен саябақтарға 2 200 түп тал мен 15 206 дана гүл көшеті отырғызылған екен. Осы орайда Жаңатас қаласында бірқатар әлеуметтік жобалар сәтті жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Соның бірі – «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» шегінде 30 миллион теңгеге «Жаңатас ВЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен «Даңқ» монументіне субұрқақ салынған.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр және биыл жыл басынан бері қала тұрғындарымен 8 кездесу өткізіліп, 700-ден аса тұрғын қатысқан екен. Тұрғындар көтерген мәселелер біртіндеп шешімін тауып жатса керек. Жергілікті атқарушы органда халық үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың басты міндетінің бірі елмен тығыз араласу, халыққа мемлекеттік қолдауларды кеңінен жеткізу екені анық. Бұл тұрғыда да атқарылып жатқан жұмыстар көптің көңілінен шығуда. Себебі қандайда бір мәселе көтерілсе, әсіресе қаладағы өзекті мәселелерді шешу жөнінде тиісті шаралар дер кезінде қабылдануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында моноқалаларды қолдау бағытындағы жүйелі шаралар ауданда мұнымен тоқтап қалмайды. Жаңатастың күн өткен сайын құлпырып, жаңғыра түсуі осы саясаттың нақты көрінісі екені анық. Алдағы уақытта да осындай іргелі істер жүзеге асырылып, шағын қалада үлкен мүмкіндіктерге жол ашылатынына сенімдіміз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ