Қазақстандықтардың жеке деректерін сатумен айналысқан топ құрықталды
- author AR-AY
- Бүгін, 11:05
- 14

ІІМ-нің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, қазақстандықтардың жеке мәліметтерін интернет арқылы заңсыз таратқан қылмыстық топтың жолын кесті.
Заңсыз алынған ақпараттар мемлекеттік деректер базасынан алынған. Олар Telegram арналарында сатылып, кейбір коллекторлық компанияларға берілгені анықталды.
140-тан астам адам, оның ішінде компания басшылары мен Telegram арналарын басқарған әкімшілер ұсталды. Қазіргі уақытта 5 күдікті қамауға алынған.
Тергеу кезінде 400-ден астам компьютер мен өзге де электрондық техника тәркіленді.
– Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша істер қозғалды, — деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай:
205-бап, 3-бөлік – Ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу;
147-бап, 5-бөлік – Жеке өмірге қол сұғу және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу;
211-бап, 3-бөлік – Шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату.
Қазіргі таңда бұл заңсыз әрекетке қатысы бар басқа тұлғалар да анықталуда.
ІІМ азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қорғау және жеке деректердің таралуын болдырмау бағытында жүйелі жұмысын жалғастыруда.