Қытай Қазақстанға АЭС салу бойынша Ресейге қарағанда тиімді ұсыныс жасады
- author AR-AY
- 2 маусым, 2025
- 30

Қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Қытайдың Ұлттық ядролық энергетика корпорациясы (CNNC) Қазақстан үкіметіне жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын екі Hualong One (HPR-1000) реакторын салуды небәрі 550 миллион АҚШ долларына ұсынып отыр. Бұл сома дәл сондай жоба үшін ресейлік «Росатом» ұсынған 1,2–1,5 миллиард доллардан екі есе арзан.
Hualong One — Қытайдың өз технологиясымен әзірленген, үшінші буындағы ядролық реактор. Сарапшылар бұл реакторды «ядролық энергетиканың танкісі» деп атайды, себебі ол жоғары қауіпсіздік деңгейіне ие және жер сілкінісі мен цунамидің әсеріне де төтеп бере алады.
Қытай тарапы сонымен қатар Қазақстанға ядролық отын циклы, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы және технология трансфері салаларында да көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл Қытайдың ұсынысын тек реактор салу емес, толыққанды стратегиялық серіктестік ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, мұндай ұсыныспен Қытай ядролық энергетика саласындағы жаһандық ықпалын күшейтіп келеді. Қазіргі таңда Hualong One реакторына Пәкістан мен Аргентина да қызығушылық танытып отыр.
Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша тендер нәтижесі әлі жарияланған жоқ. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, кім жеңіске жетсе де, Қытайдың ядролық технологиялары әлемдік нарықта бәсекелестік қабілетін дәлелдеп үлгерді.